Нұртас Тұрғанбекұлы. Жалған дүние жанарымды тұрды арбап...

Нұртас Тұрғанбекұллының өлеңдері

Malim Админ

  • 08.09.2021

Жаралы жүрегімнің иесі кім?!

Неге алдымнан шығады жиі есімің?

Қайда кетіп барам мен, сен қайдасың?

Өмірде маған ғана тиесілім.

 

Бәрі өзгерді бір сәтте неге бұлай?!

Жеткізер жабығудың дерегін ай!

Қираған арманымды құрай алмай,

Арасынан мен сені көрем ұдай.

 

Жалғыз себеп таба алмай кешіруге,

Жалғыз жатып жылайсың кеш, іңірде,

Еріксіз ене де алмай, көне де алмай,

Бір үміт еңірейді есігіңде.

 

Осы күндер жадыңда таңбаланып,

Өшпейтін естелік боп қалғаны анық.

Ал, менің ше?

өкініш өртеп тұрып,

Жанымды ауыртады алдан анық.

 

Жоқ енді ештеңенің түк керегі,

Барлық сезім ішімде бітті өледі.

Жыл құсындай жаныңа қайырылмаймын,

Кешір, жаным, кешір де,

Күтпе мені.

 

***

Түсін мені, тырысқын түсінуге,

Жалғыздықтан жүрегім ісінуде.

Ай-күнім сен бол, қалқам, әйтпегенде,

Қайғының тым суықтау түсі мүлде.

 

Бәрін де біл, бірінен қалыс қалма,

Жанымды шештім саған табыстауға.

Сен ғана шешімін тап, мына менің,

Ақылыммен жүрегім алысқанда.

 

Мен бір рет жаралансам, жүз емдегін,

Әрқашан табылады түзеуге мін.

Тік тұруға көмектес, келмейді енді,

Тағдырымның алдында тізерлегім.

(Сол ғана үмітімді үзер менің).

 

Тағдырымнан іздеме, басқа бақыт,

Тас-уайымға қайтесің, босқа батып.

Жарығыңды жаққанмен, бір-ақ сәтте

Қадіріңді кетірер, қасқа – уақыт.

 

***

Күрсіндің бе?

Білемін, қуана алмай жүрсің мүлде

Мөлдіреп қарап тұрып бір-ақ сәтте

Тырс етіп тамайын деп тұрсың кімге?

 

Жыладың ба?

Менен бетер ғашықсың, сірә мұңға.

Түндегі жалғыздықтың жан айқайы

Жаңғырып әлі тұр ма құлағыңда?

 

Мұңдысың ба?

Көз жасың маған айтқан түнгі сыр ма?!

...Мен аңсаған жылылық, әттең, қалқам

Пыр етіп ұшып кеткен жыл құсында.

 

Ойландың ба?

Қарауыл етіп мені қойған мұңға

Айрандай ұйып тұрған жүрегім бар,

Ойран қылма!

 

Жаздым бәрін,

Күз көңілді демегін жаз қылмадың...

Алдыңда алуан күнәм болса дағы,

Сен мені жазғырмағын.

 

Лайықты бақ,

Жанардан жоғалады тайып, құлап

Сенері әр адамның біреу болса,

Жалғыздық лайықтырақ!

 

Сен де, мен де,

Жүректі бекінгенбіз емдемеуге.

Ең ауыр мұң арқалап қоштасармыз,

Кем дегенде.

 

Құс көңіл

Қауырсын көңіл құлады-ау көктен,

Құлады-ау көктен кім көрді?!

Әй, қандай қиын жыламау неткен,

Түксиген күйі түн де өлді.

 

Жүректің бүгін қанаты сынған,

Қанаты сынған күйге енгем.

Мұң ала түсті жаға тұсымнан,

Мен оны ессіз сүйгенмен.

 

Ұстатпай көкке алып ұшқамын,

Алып ұшқаным құс көңіл.

Өткен күндердің сағыныштарын,

Өшіре алмадым іште жүр!

 

Бозторғай болып шырылдап кетті-ау,

Шырылдап кетті-ау бұл кеуде.

Көмейде жетпей үнім қап кетті-ау,

Естілмей талай дүрлерге.

 

Жазықсыз жаным жем болып қалды-ау,

Жем болып қалды-ау қайтемін?!

Сабырсыз сезім сенделіп қалды-ау,

Құдіретің болса айт емін.

 

Аққудай арман сұңқылдап қалды-ау,

Сұңқылдап қалды-ау айдында.

Өмірдің жасы жылтылдап тамды-ау,

Жоқ əлде менің қайғым ба?!

 

***

Сен менің мінезіме қапаланба,

Тек жақсылық тілейтін жат адамға.

Жарығым көзің оған жетер бір күн,

Біз жүретін жол алда, сапар алда.

 

“Өзім” дедім, өзегім отқа оранды,

“Сезім” дедім, жүрегім көп тоналды.

Тарыққан тағдырыма өкпем де жоқ,

Жалғастырып жүрмін мен жоққа барды.

 

Қол жететін жерлерде қол жетпеді,

Уақыт шығар деп қойдым ол да өтпелі.

Сыңғырлап сынып жатты көз алдымда,

Босаған әр мұңымның шөлмектері.

 

Бұл тірлік қатқан басты тебіндеді,

Бір қайғы - бір бақытты кебіндеді.

Ащы мұң ыстық жас боп төгілмеді,

Жазғыратын жөнің жоқ сенің мені.

 

Тік едім, арзан сөзді аз адамға,

Сен менің болмысыма назаланба!

Кірлесем жетеді ғой мен байғұсты,

Жалғыз сәт жан дүниеңмен тазалауға.

 

***

Дəл өзіңдей, дəл өзіңдей мұң қармап, 

Сыздап жатты жүрегімде сынған бақ. 

Менің де ессіз екенімді сезгендей, 

Жалған дүние жанарымды тұрды арбап. 

 

Жығылған соң, арбалған соң тіксініп, 

Тістеніп ем, тірлік кетті тықсырып. 

Жүгенімді босатсам да қолымнан, 

Күдерімді үзбейді деп күтші үміт. 

 

Шыдамымның шырқау шегі шектелген, 

Кешіргенім үшін тағы кектенгем. 

Мен де өмірді дəл өзіңдей сүйгенмін, 

Мен де өмірді дəл өзіңдей жек көргем. 

 

Ақымақ деп көзден моншақ төккенмен, 

Өмір-өзен екі айырса өт бермен. 

Жан дүниеңе мұз боп қатқам бір сəттік, 

Көмейіңе ыстық жас боп кептелгем. 

 

Сосын ағып кете алмағам, іркілгем, 

Тұнып тұрып өз жеңіңде сүртілгем. 

Қалағанша жаралашы мені осы, 

Онсыз да өмір жанды жерден бір тілген. 

 

Сезгем, 

Төзгем, 

Көнгем, 

көргем, көндіккем, 

Өліп кете жаздағанмын өрліктен. 

Бір қадамға бара алмасам кеш мені, 

сен күткен. 

 

Қайран көңіл сен күткеннен қомсыз ба?! 

Күн жарықта түскен өзім жолсызға. 

Қасқыр мінез, қаттылығым болса егер, 

Кешір мені, 

Жөнсіз ба?! 

Əр күндерге айбат шегіп алам да, 

Əр түндерде ұлып шығам онсыз да!

 

Көп болды

Көп болды ауылға бет бұрмағалы,

Көп болды жанды жерді тырнағалы.

Жатқа тастап кетуге қимай жүрмін,

Жатырқай алмаған соң бұл қаланы.

 

Көп болды дос-жарандар келмегелі,

Көп болды ғашық жанды көрмегелі.

Ауылдың хат-хабарын жеткізуші ең

Ұмытып кеттің бе екен сен де мені.

 

Көп болды жар-жағалап жүрмегелі,

Көп болды үйдің жайын білмегелі.

Қалада бұл хәл сұрар уақыт та жоқ

Түсіндіріп жатасың кімге нені.

 

Көп болды жетсем бе деп көп тілеп ем,

Көп болды жазбағалы өткір өлең.

Алдында ауылдасты көрген кезде

Көршінің бәрі көшіп кетті деген.

 

Көп болды содан бері маза қашқан,

Көп болды, бәлкім, маған назалы аспан,

Ауылда әттеңің де әйбәт екен

Қалада сәттерім көп жаза басқан.

 

Көп болды ауыл жақты ойлағалы,

Көп болды кеуде тұсым ойран әлі.

Арманым Астананы кезгенменен,

Көңілім кең далада қой бағады.

 

Көп болды ауыл күйі жетім бүгін,

Көп болды санағалы кетуді мін.

Соңғы рет ошаққа мен отынды емес

Жанымды жағып кеткен секілдімін.

 

Байланысты жаналықтар

Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

27.03.2024

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

27.03.2024

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

26.03.2024

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

25.03.2024

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

24.03.2024

Сегіз қазақстандық боксшы Литвадағы турнирдің финалына шықты

23.03.2024
MalimBlocks
Бишімбаев ісі: Сот отырысын кез келген адам онлайн-трансляция арқылы көре алады

Грузия алғаш рет Еуропа чемпионатына жолдама жеңіп алды (ВИДЕО)

Париж-2024: Ұлттық құрама қоржынында 31 жолдама бар

Қазақстан қоржынында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензия бар.

Семсерлесуден Қазақстан құрамасы Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алды

Қазақ спортшылары олимпиадаға жолдаманы Тблисиде өткен әлем кубогінде жеңіп алды.

Қазақ боксшылары 6 алтын, 3 күміс, 2 қола жеңіп алды

Халықаралық жарыс Литваның Кунас қаласында өткен. Турнир боксшы әрі тренер Альгирдас Шоцикас құрметіне ұйымдастырылған.

Сегіз қазақстандық боксшы Литвадағы турнирдің финалына шықты