Өлмес өнеге, өшпес із

Malim Админ

  • 20.02.2020

Еңбексіз бос жүру адамды моральдық жағынан құлдыраушылыққа, жалқаулыққа, зерігушілікке, жұрт еңбегінің есебінен күн көруге әкеп соғады, табиғи талантын мұқалтады.

Төлеген Тәжібаев

XIX ғасырдың аяғы мен XX ғасырдың басында қазақ халқының ұлттық болмысын, сана сезімін сақтап қалуда одан әрі дамытуда, қолынан келген істі алға бастыруға барынша тырысқан белгілі тұлғалардың бірі – Т. Тәжібаев.

Көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, Қазақстанда психология және педагогика ғылымдарының қалыптасуы мен дамуына белсене атсалысқан, мазмұнды мұрасын қалдырған ғұлама ғалым, елімізде тұңғыш  рет педагогика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының  Ғылым академиясының академигі атанған.

1917 жылы бүкіл мемлекетте төңкеріс ушығып жатқан кезде, Тәжібаевтардың отбасы тұрған Сырдария облысында әсіресе кедей қазақ елді мекендерінде жаппай аштық жүріп жатты. Балалық шағы ауыр азап, қайғы-қасіретпен басталған, жеті жасар бала Төлеген әке-шешесінен, туған-туыстарынан айырылып, тұл жетім қалған. Аштықтан ауыр қайғыдан әлсіреген  Төлегенді, Арыс станциясының теміржолшысы, И.Ф.Кабанов тауып алып, аузына су тамызып, медициналық көмек көрсетіп, тамақ берілгеннен кейін, баланың аты Төлеген екенін біліп, өзінің көп бала шағасына қарамастан, үйіне әкеліп, біршама уақыт тәрбиелеген көрінеді.  «Әкем шаруашылықта бір нәрсе жасаса, Төлеген бір минутқа да оның қасынан кетпейтін, бір көмегін көрсеткісі келетін, дегенмен ештеңе қолынан келмесе де тырысатын, өйткені ол әлі кішкентай, әрі әлсіз болатын. Бірінші біз оған барлығымыз білетін қазақ тілінде түсіндіретінбіз. Кейін Төлеген орысша сөйлеп үйренді. Содан бастап мен оны орысша әліппеге үйреттім», -деп К.И. Кабанов есіне алады. Сөйтіп сол жанұядан ол орысша үйренеді. Иван ағай  бала Төлегенді оқып, тәрбие алсын деген ниетпен, Арыс станциясындағы жетім балалар үйіне орналастырады.

Шымкент педагогикалық техникумына оқуға түсіп, оны үздік бітіріп, бірер жыл қызмет істеп, Мәскеудің Н.К.Крупская атындағы коммунистік академиясына жолдама алып, 1935 жылы  академияның мектеп бөлімін аяқтап, сол жылы психология кафедрасына оқуға қалдырылады.

Т. Тәжібаев мектепте, техникумда, жоғары оқу орнында оқысын, тумыс табиғатынан  зерек, шапшаң ер жетуге, ертерек азамат болып, халқына қызмет етуге асыққан жан. Оның мұғалімдік-педагогтік қызметте жұмыс жасауының өзі, үнемі алға ұмтылуы оның бойында ғажап педагогке тән қасиеттің ана сүтімен берілгендігі аңғарылады. Мейірімділік, өз халқына деген сүйіспеншілік, қамқорлық, таза жүректің болуы.

Т. Тәжібаев Мәскеуде педагогикалық академиядан білім алып, ой-санасын өсіріп, көкірегін кеңейтіп, қызыл дипломмен бітіріп, аспирантураға түскен. Сөйтіп тұңғыш қазақ ұлтынан шыққан қазақ аспиранты атанды.

Т. Тәжібаевтың ғылыми-педагогикалық әрекеті 1938 жылы Алматы жоғары оқу орындарында бастау алады. Басында Абай атындағы педагогикалық институтта психология пәні оқытушысы болып, кейіннен педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1940-1957 жылдары аралығында ол түрлі мемлекеттік қызметтерді атқарды. Солайша, 1940 жылы - Қазақ ССР Нарконының бірінші орынбасары болып, сосын Халық комиссары атанады. Солай 50-жаста Қазақстанның халық білімінің басшылығында болады. 1941 жылы Қазақ ССР-нің Халық Советінің комиссарларының Төрағасының орынбасары болып тағайындалады. Республика басқармасының аппаратындағы жұмысын Т.Тәжібаев Д.А. Қонаевпен бірге бастады.

1944 жылдың сәуір айында, Ұлы Отан соғысының аяқталуына бір жыл қалғанда Қазақ ССР Президиумының Жоғарғы Советінің жарлығы бойынша бірінші рет Республиканың сыртқы істер Халық комиссияраты құрылады. Сол кезде Министрлер Советі Төрағасының орынбасары болып жұмыс жасап жүрген Т.Тәжібаевты Республиканың сыртқы істер Халық комиссияры қызметіне тағайындайды. Т.Тәжібаевтың тікелей басшылығымен және белсенді қатысуымен сыртқы істер Министрлігінің штаттық кестесі жасалынып және негізгі бағыттары айқындалады. Осы жұмыстардың барлығы соғыс аяқталысымен республиканың халықаралық ұйымдарда жұмыс жасайды деген үмітпен атқарылады. Жоғары білімді дипломат бола тұра соғыстан кейінгі жылдары ол бірнеше рет АҚШ-қа барып, бұл мемлекетті ішінен көреді, 60-жылдары таптық езгіден босатылған Индия мен Совет өкіметі ара-қатынасын нығаюына өз үлесін қосады.

1948-1953 жылдары кезінде Тәжібаев жоғары оқу орнында ректорлық қызмет атқарады. Педагогика кафедрасының меңгерушісі бола жүріп, психология бөлімін ашқан, оны ғылыми орталыққа айналдырған. Т.Тәжібаев ҚазМУ-дың ректоры болып тағайындалысымен университеттің материалдық-техникалық базасын жетілдіріп, профессор-оқытушылар құрамының нәтижелі жұмыс жасауларына жағдай жасауды және студенттердің тұрмыстық ахуалына назар аударуды бірінші кезекті мәселе ретінде қойды. Т.Тәжібаев ректорлық қызметі барысында студенттердің терең білім алуына толық жағдай жасауды және ұстаз-ғалымдарды ғылыми ізденістер жасауына қолдау көрсетуді жадында берік ұстады. Осы принциптің арқасында ұстаздар мен студенттер қауымы арасында Т.Тәжібаев үлкен құрметке ие болды.

Т. Тәжібаев қыруар қоғамдық, мемлекеттік қызметтерді атқара жүріп, ғылымды да тастамаған. Бұны Т. Тәжібаевтың Қазақстанның қоғамдық ғылымдарына қосқан теңдесі жоқ үлесі деп бағалауымыз қажет. Т. Тәжібаев ұлы ғалым ретінде өзінің үздіксіз еңбегі мен отанына деген шексіз махаббатымен Қазақстандағы тарихи-педагогикалық және психологиялық ғылымның қалыптасуының басында тұрып, білім беру мен мәдениеттің жарық көруіне негіз болды. Т.Тәжібаев қазақтың психологиялық терминологиясының ғылыми жүйесінің негізін қалады, ана тілімізде психология ғылымының қалыптасуы мен дамуына, психологиялық терминдердің бір ретке келуіне елеулі үлес қосты. Себебі, сол кездерде психология ғылымының ғылыми терминдері ана тілімізде реттелмеген болатын.

Қазақстандағы педагогика тарихының негізін қалаушының өмірі мен іс-әрекетіне қатысты аталған тақырыпқа байланысты арнайы әдебиетпен танысқан кезде оның тарихи-педагогикалық мұрасын зерттеу күрделі, үш түрлі процестен тұратындығы айқындалды:

- біріншіден, бүгінгі таңға дейін Т.Тәжібавтың тарихи-педагогикалық  идеялары Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткерінің шығармашылық іс-әрекетінің даму процесін талдауға мүмкіндік бермейтін ұсақталған, фрагментарлы материал болатын;

- екіншіден, нақты-тарихи материалдарды іріктеу, оларды бағалау кезінде олардың көбіне сол уақыттағы иделогияланған догмалар мен стереотиптердің белгісін негізге алғанын біз алдын ала болжай алдық;

- үшіншіден, осы әдебиеттермен жұмыс жасау кезінде материалдың  жазылу сипатына үлкен мән беру және педагог Төлеген Тәжібавтың өмірлік іс-әрекеті туралы ой-пікірлерге сыни тұрғыда қарау керек болды.

Т. Тәжібаев 1962 жылы Ленинград педагогикалық институтында «ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Қазақстанда халық ағарту ісі, мектеп пен педагогикалық пікірдің дамуы» тақырыбында педагогика ғылымының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғады. Докторлық диссертациясына оның «ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Қазақстанда халық ағарту ісі мен педагогикалық ой-пікірдің дамуы» (1958 ж),  “ХІХ ғасырдың ІІ жартысында Қазақстанда халық ағарту ісі мен мектеп”(1962 ж), “ХІХ ғасырдың ІІ жартысында педагогикалық ой-пікірдің дамуы”(1965 ж) атты бірнеше монографиялық еңбектері негіз болды. Академиктің еңбектеріне жүргізілген талдау нәтижесінде оның сол кезде өз зерттеулерін тарихи-педагогикалық зерттеудің әдіснамасын ғылыми болжамдықпен қолдана алғанын аңғардық.

Т. Тәжібаевтың ғылыми еңбектері негізінен психология мен педагогиканың тарихын зерттеуге арналған. Айталық, ол 1939 жылы «К.Д. Ушинский – Ресейдегі педагогикалық психологияның негізін салушы» деген тақырыпта педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертациясын ойдағыдай қорғап шығады. Демек, ғалымның диссертациясы пәнаралық әдіснама тұрғысынан орындалып, жиырмасыншы ғасырда педагогикалық психология ғылымының негізін салушылардың алғашқы легінде тұр деген сөз. Сондай-ақ, педагогика тарихындағы жеке персоналийларды зерттеудің үлгісін көрсеткені де ақиқат. Қазіргі уақытта зерттеушілер жеке ғұламалардың педагогикалық көзқарастарын және оларды білім беру үдерісінде пайдалану жолдарымен бірге зерделеуде. Әйтсе де, әуелі сол ойшылдардың қалдырған еңбектерін тарихи-педагогикалық  зерттеу талаптарына сәйкес толық талдап барып, ондағы өзекті, бүгінгі күнгі тәжірибеге қажетті тұстарын іріктеп ала отырып, пайдаға жаратудың өзі де ғылыми шеберлік деп түсінеміз.

Т.Тәжібаевтың кандидаттық диссертациясы К.Д.Ушинскийдің көзқарастары мен ілімі болса, ендігі  қорғайтын докторлық диссертациясын қазақ топырағынан іздеп, Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев шығармаларына аяқ ұшын тіреуі, ұлттық мінез, этнопсихология, этнопедагогикалық мұрасын зерттеуі, оның ұлтшылдығы емес, ұлтжандылығын көруге болады.

«Төлеген Тәжібаев қазақтың  ұлттық психологиясын, ұлттық мінезін  зерттеу мәселесін тұңғыш көтерген  ғұлама ғалым. Ал, бұл жолға тек  ғана жүрегі ұлтым деп соғатын жандар ғана бара алады. Менің бұл тақырыпты зерттеуіме ол кісінің  қайсібір істі атқармасын ұлтқа деген жанашырлықты, ұлтқа деген   қамқорлықты бірінші жолға қоюы себеп болды», - дейді Жарықбаев.

Тіл білімінің көрнекті ғалымы, профессор, балалық шағынан Т. Тәжібаевты жақсы білетін оның ерекше қасиеті туралы М.Балақаев былай деп жазған: «Үлкен педагог, әрі дипломат академик Т.Тәжібаевтың жүзі қандай жарқын болса, ойы да сондай айқын, сөзі де сондай майда, сыпайы әрі салмақты болатын». Біреумен сөйлесе кеткенде, оның сөзінен білімді, мәдениетті адам екені бірден сезілетін дейді.

Т. Тәжібаев  тамаша ұстаздығымен қоса, күміс көмей, жез таңдай шешен болғандығын айта кетуіміз керек, ширек ғасыр уақытта психология, педагогика пәндерінен дәріс бергенде, дәрістің мазмұны аса терең, ғылыми өрісі кең, тыңдаушыға өте әсерлі, тұла бойынан бір жылулық сезіліп тұратындай ғажап ғалым-педагог болған, бұдан біз оның дәріс оқығанда да шын ниетпен, аса құрметпен, өз пәнін сүйген, тыңдаушыны да тәнті еткен, білімді, білікті тұлға екенін білуге болады.

Т. Тәжібаев өз артынан өшпес ғылыми із қалдырды, көптеген монография, оқулықтар, мақалалар жазды, тіпті маман кадрлар дайындап та үлгерген. Тәжібаев еліміздің  он екі жыл бойы үздіксіз сыртқы істер комиссары қызметін атқарып, Қазақстанның сыртқы саясаты тарихының да  бірінші Сардары болды. Бұдан біз Тәжібаев тек ғалым-педагог, психолог емес, қоғам, мемлекет  қайраткері екендігін аңғарамыз. Оның бойындағы албырттық, шапшаң қимылдайтын,  аса жауапкершілікті, білімді, елін, жерін, халқын сүйген патриот, өз бойындағы асыл қасиеттерді бере білген, теңдесі жоқ ұлы тұлға, педагогика, психология ғалымдарының асыл да ардақты «тәрбиешісі» деп тануымыз керек. Өзі өмір сүрген уақытта қазақ халқының қай ұрпағына болса да тәрбиешісі болды.

Қазақстандағы тарихи-педагогикалық ғылымның іргетасын қалаушы Төлеген Тәжібаевтың XIX ғасырдың екінші жартысында жүргізген әйелдерге білім беру мен оларды баяндау мәселелеріне қатысты зерттеулері де жарыққа шықты. Т.Тәжібаевтің, ойынша, XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстандағы әйелдерге білім беруді ұйымдастыру негізінен екі мәселеге байланысты негізделген:

- біріншіден, қазақ қыздары қазақтардың тұрмысы мен қоғамдық-саяси өміріндегі алар орнынан;

- екіншіден, Қазақстан сол уақытта Ресейдің құрамдас бөлігі болғандықтан, Ресейдегі әйелдерге білім беру мәселесінің жалпы деңгейі мен дәрежесін қамтыды. Қазақстандағы әйелдер монархиялық Ресейдегідей құқықсыздыққа ие болғандықтан, олардың білім алуына деген күрес демократиялық бостандық үшін күрестің органикалық бөлігін құрады. Т.Тәжібаев әйелдердің басыбайлықтан босау мәселесін алға қоя отырып, оның адамзат тарихындағы маңызды мәселелердің бірі екендігін көрсетті.

Академик Т. Тәжібаевтың мұрасын  Қ. Жарықбаев, С. Қалиев, Қ. Сейталиев, Р. Аймағамбетова, П. Ахметова, А. Алдабергенова және тағы басқа танымал ғалымдар өздерінің кандидаттық  пен докторлық диссертациялары негізінде жазылған ғылыми еңбектерінде теориялық тұрғыдан талдап, болашақ зерттеушілерге  тарих-педагогикалық ізденістің қисынын  ұсынуда.

Қорыта келе, қазақ этнопедагогикасы мен этнопсихологиясының ғылым ретінде қалыптасуы мен дамуына зор үлес қосқан тұлғалардың қатарында қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз, көрнекті ғалым, академик Т. Тәжібаевтың есімі ерекше аталатындығы сөзсіз. Т.Тәжібаевтың өнегелі өмірін естіген, оқыған адам одан әсерленбей тұра алмайды. Ауыр тағдыр мен жетімдіктің, күншілдік пен күндестіктің азабын бір кісідей көрген біздің нар тұлғамыз еш қашан қиындыққа мойын ұсынған емес, қайта пісіп жетіліп, қайнаған қазақи рухпен надандық үшін күрескен, халқы үшін жан ұшыра еңбек етіп, өмірдің мәнін ғылымнан алған, адами құндылық қасиетті жоғары, мәдениетті идеал тұлға екені бәрімізге мәлім, олай болса ұлы тұлғаның өмір жолы әрбір жастың дамуына ықпал тигізері анық.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың доценті,

педагогика ғылымдарының кандидаты

Ұлмекен Болатқызы Төлешова

Педагогика және психология мамандығының 1 курс магистрантты

Жұмағазы Жұлдыз Шалқарбекқызы

Байланысты жаналықтар

Қазақстанда академиялық хаб құрылады

18.10.2024

Қазақстанда алғаш рет студенттер арасындағы Enactus World Cup өтуде

03.10.2024

«Болашақ» стипендиаттарына қанша қаржы бөлінді?

23.09.2024

Алаштанушы ғалым Ғарифолла Әнес дүниеден өтті

21.09.2024

Студенттердің стипендиясы 50%-ға көбейеді

29.08.2024

Оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге грант тағайындалды

28.08.2024
MalimBlocks
Қазақстанда академиялық хаб құрылады

Білім және ғылым мен инновация салаларындағы ынтымақтастықты ұлғайтудың маңызы зор

Қазақстанда алғаш рет студенттер арасындағы Enactus World Cup өтуде

«Болашақ» стипендиаттарына қанша қаржы бөлінді?

Бағдарлама бойынша 939 қазақстандық білім алып жатыр

Алаштанушы ғалым Ғарифолла Әнес дүниеден өтті

Ғалым 67 жасында жарық дүниемен қош айтысты

Студенттердің стипендиясы 50%-ға көбейеді

Бакалавриат 20%-ға, магистратура мен докторантура 15%-ға артты

Оқуға түсе алмай қалған талапкерлерге грант тағайындалды

Жоғары оқу орындарына қабылдану үшін құжат тапсыру керек