Қасым-Жомарт Тоқаев: Жаны таза адам ғана волонтер бола алады

Malim Админ

  • 08.12.2020

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылын қорытындылағанын Ақорда сайты хабарлады.

Барлық волонтерлерге ризашылығын, алғысын білдірген президент «жаны таза адам ғана волонтер бола алады» деп бағалапты.

«Еріктілер жылы жалынды жастарымыздың бойындағы ең асыл қасиеттерді дәріптеген ерекше жылға айналды. Бұл жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Біз мұқтаж жандарға қол ұшын беріп, түрлі қиындықтармен бірге күрестік. Осылайша, адамгершілік құндылықтарды жоғары бағалайтын қоғам екенімізді таныттық. Әлемді жайлаған індет қайырым мен мейірімнің қаншалықты маңызды екенін анық көрсетті.Сондықтан, Волонтер жылының дәл биыл өтуі уақтылы және орынды болды деп санаймын»,- депті президент.

Жанашыр азаматтары көп мемлекеттің болашағы да жарқын деген мемлекет басшысы күрделі техногенді апаттардан кейін құтқару жұмыстарына қатысатын еріктілерді жан-жақты даярлауды қолға алу  маңызды міндет депті. Осы мақсатқа жету үшін арнайы оқыту курстарын ашуға бастама көтерген. Сондай-ақ, еріктілер ұйымдарына жүйелі қолдау көрсетіп, оларға арнайы гранттар бөлу жұмысын жалғастыру қажеттігіне тоқталыпты.     Сосын, еріктілер қызметін ұйымдастырудың басты талаптары мен ұстанымдарын айқындап алу үшін Волонтерлік қызметті қолдаудың бірыңғай стандартын  жасауды тапсырыпты. «Волонтерлік – бұл жай ғана әлеуметтік құбылыс емес» деген президент барлық білім беру мекемелерінде тақырыптық сабақтар мен факультативтік сағаттар енгізуді ұсыныпты.

Мемлекет басшысының сөзінше еріктілік тек жастардың ермегі ғана емес. Бұл азаматтық қоғамды қалыптастыратын негізгі дің болуы тиіс. Президенттің толық баяндамасы мына сілтемеде.