Ұлттық олимпиада комитетіне жаңа бас хатшы тағайындалды
Қатысушылар оның кандидатурасын бірден қабылдаған.
Астанада Қазақстан Ұлттық олимпиада комитеті Бас ассамблеясының кезектен тыс жиыны өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан ҰОК басқарушы органының отырысына Қазақстан ҰОК президенті Геннадий Головкин, ҚР спорт және туризм вице-министрі Серік Жарасбаев, сондай-ақ олимпиадалық спорт түрлері бойынша 31 ұлттық спорттық федерация өкілдері қатысты.
Бас ассамблеяның күн тәртібінде қаралған мәселенің бірі – жаңа бас хатшыны сайлау. Геннадий Головкин Әлімжан Ақаевтың кандидатурасын ұсынып, ұсынысты қатысушылар бірауыздан бекітті.
Бас Ассамблея мүшелеріне маған сенім артып, мен ұсынған кандидатты қолдағаны үшін алғыс айтамын. Әлімжан Ақаевты жаңа қызметке сайлануымен құттықтаймын. Оның жылдар бойы жинаған тәжірибесі мен білімі алға қойылған мақсаттарға жетуге көмектесеріне сенемін, - деді Геннадий Головкин.
Әлімжан Ақаевтың мемлекеттік басқару магистрі дәрежесі (Дрейк Университеті, Дес Мойнес, Айова штаты, АҚШ), Іскерлік басқару магистрі дәрежесі (Солтүстік Айова магистрі, Седар-Фоллс, Айова штаты, АҚШ), Сыртқы саясат саласындағы Мемлекеттік басқару дипломы (Ресей СІМ Дипломатиялық академиясы, Мәскеу, РФ) бар.
Әлімжан Ақаев жеті жыл көлемінде Қазақстан Ұлттық олимпиада комитетінің Халықаралық қатынастар департаментін басқарып, халықаралық форумдар мен конференцияларда Қазақстан Ұлттық ҰОК мүддесін қорғады және Қазақстанның әлемдік спорт аренасындағы байланысы мен беделін нығайту жолында қызмет етті.
2024 жылдың ақпанынан бастап Қазақстан ҰОК президентінің халықаралық мәселелер жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарды.
Фото: instagram.com/alimzhan.akayev