Жандарбек Болатбекұлы. Жанып-жанып басылады өз кеудем...
Өлеңдер
***
Үлбіреген жанымды мұңға малып,
Көз алдымда барады жылдар ағып.
Өткінші сәт өкінтіп өтеді екен,
Өлшеп берген шаттығын бұлдап алып.
Оңға басқан адымым сорға басқан,
Дәруіштей күй кештім жолда адасқан.
Мен кіршіксіз шақты аңсап кеттiм бе екен,
Ең аяулы сезімді қорғамастан.
Қадамдарға жасалған аңдымай түк,
Төрелігін бередi тағдыр айтып.
Мезгіл желі ұшырып қалтыратқан
Жапырақтай жұбатам жанды қайтіп?!
Мен үшін де белгiлi, сен үшін де,
Уақыт-ғұмыр көнбейді келісуге.
Қимастық бар әр сәтте байқалмайтын,
Күрсініс бар әр жұтқан дем ішінде.
Жырдан өзге келмеді ешкімге әлім,
Бағын, сорын, кешірші, кештім бәрін.
Әлдекімді өлердей сағынғанда
Жалғыздықтан түндерге естілді әнім.
Қадіріне жете алдық біздер ненің,
Қалды қандай әр басқан іздерде мұң.
Көңілімде көктем жүр, байқамаппын,
Ескертусіз тағы да күз келгенін...
***
Ұзақ дейді ел уақытты, сірә, қысқа,
Жетелейді бір жарық, тым алыста.
Өткен күндер, кешкен мұң ұмытылмақ,
Уақытша қайғы да, қуаныш та.
Тәңірінен біреуі бақ сұрады,
Біреу айтты: «рақмет, жақсы бәрі!»
Мен айтамын, бірдеңе дұрыс емес,
Неге бізді қара жер жатсынады?!
Жақсы-жаман, оң мен сол шарпысуда,
Мәңгіліктің елесі әр тұсымда.
Шеңбер іші, белгісіз кім жеңері,
Жан мен тәннің аяусыз тартысында.
Болашаққа айттым мен өзің жайлы,
Құралайдың көзіндей сезімді әйгі,
Тез өтеді адамдар, ал уақыт,
Аялдаудан қорқады, созылмайды.
Жер бетінде жоқ мүлде тұрақ, білем,
Жынды адамдай жүремін, жылап күлем.
Жетпейтіндей әлдене жүрегіме,
Бәлкім, қатты сағындым жұмақты мен...
Аңсар
Тыңдашы қалқам, тыңдашы үнімді,
Үміт артпайды тілекке Ар.
Түбінде терең сыр жасырулы,
Атқақтап соққан жүрек бар!
Шайырларындай шерменде болған,
Қарашы, әне, ізгі Айды.
Менің де мынау кеудемде қалған,
Жараның орны сыздайды.
Тағдырмен жалғыз күресіп күнде,
Біткен бе деймін күш-дәрмен
Кетсем бе, әлде, ілесіп бірге,
Жылы жаққа ұшқан құстармен.
Сезінсе жаным жырдың керегін,
Жалындап жанда сөз қайнар
Қашырар солай түннің бедерін
Санада жүзген кезбе ойлар.
Жасындай қыздың жанардан аққан,
Көшуде үнсіз жылға күн
Дертіме ұласып маған да батқан,
Қайрылмай өткен жылдарым.
Опасыз күнді кешірем бе оңай,
Бағым жүр таппай арнасын.
Жадымнан гүлім өшірем қалай,
Тағдырдың салған таңбасын.
Көңілсіздіктен құлазып едім,
Жайымды ұғар жан бар ма?!
Жаһанды кешкен мына жүрегім
Жарылып кетсе таң қалма!..
***
Құпиялар ашылмайды,
Ал жұмбақтар шешілмейді.
Сағыныштар басылмайды,
Кесір адам кешірмейді.
Айнаға ару көп қарайды,
Көңіл неге жоқты іздейді?
Уақыт деген тоқтамайды
Жолдар ұза-ақ жеткізбейді.
Ақын айға мұң шағады,
Келмейтінді көп тосады...
Көңілдерді кір шалады,
Жүректерді тот басады.
Қаншама жұп қосылмайды,
Қанша сәби шетінейді.
Қаншама сыр ашылмайды,
Қанша сенім сетінейді.
Қанша көзден жас ағады,
Қанша самай ағарады.
Қанша күнә жасалады,
Қанша жақын жоғалады.
Қаншама әке ұялады,
Қаншама ана егіледі.
Қанша ғашық сүйе алады,
Қанша уәде беріледі.
Алыптар да жығылады,
Әттең, бәрін көз көрмейді.
Дүр дүние құбылады,
Тәңір ғана өзгермейді...
Тәңір ғана өзгермейді...
***
Сұрама ештеңені,
Көңілім соны бәлкім xош көреді.
Күн батты ұясына іңірден соң,
О, енді кеш келеді.
Досым да жоқ секілді,
Бауырым да.
Сыймайтындай сірә, бұл жан ұғымға.
Сағат тілі ауғандай жиырма беске,
Қалжырау,
Шаршау ма, әлде
жалығу ма?!
Шын бағасын біле алмай есіл күннің,
Үнсіз ғана мұңайдым не шыңғырдым.
Бар мен жоқтың қалғандай арасында,
Түсініксіз бір сезім кешіп жүрмін...
***
Жүрек мұңнан арылмай, жан құсадан,
Енді неге білмеймін қалды шамам.
Мейлі, маған өкпеле, өкпелеме,
Мен осындай жарақаттанғыш адам.
Өзгелерден күтпедім құтты құрмет,
Бал дегенім соңында шықты ма у боп?!
Әлсіз екенімді де мойындаймын,
Алдамағам өзімді мықтымын деп.
Соңын қудым, жаңылдым, жат елестің,
Мың құладым.
Сүріндім.
Қателестім.
Ес жиюым да менің оңай емес,
Тез жөнделе салатын зат емеспін.
Иә, бәлкім, көрінер ерсі мұным,
«Сау адамның ісі емес» дерсің, ұғын.
Ашу қысса, көзіңе, көңіліңе
батпандай боп көрінер кемшілігім.
Кездерімде кішірген, кішірмеген,
Түсінгенде бар, білем, түсінбеген.
Сезімдерді кешемін, кешір, жаным,
Адам екенімді ұғу үшін де мен...
***
Күндерімнен жылжып аққан кезекпен,
Сәттерімнен, мызғымайтын мезеттен,
Өлеңімнен өртеп шыққан өзектен,
Бақытымнан, уақытымнан тез өткен,
Көмескілеу, сарғаюлы хаттардан,
Түнерулі, тұнжыраңқы бақтардан,
Мезгілі ауған белгісіздеу шақтардан,
Жымиыстан көңілімде жатталған,
Қап-қараңғы қою қара түнектен,
Еріндерден әнтек қаққан, дір еткен,
Сезімдерден бірі – аяулы, бірі – өктем,
Тым сезімтал баяу соққан жүректен,
Жан шыланған тамшылардан құлаған,
Қорғансыздың үмітінен жылаған,
Қателіктен, жуса кетпес күнәдан,
Ең бір күшті, е-е-ең өмірлік дұғадан,
Өкпелегіш кірлеп қалған көңілден,
Үдей түскен қорқыныштан, сенімнен,
Тартыстардан жеңілмеген, жеңілген,
Тағдыр ілген көз жасынан төгілген,
Тәңір берген жұмбағы мол өмірден,
өзімді іздеп келем...
***
Құлады екем қандай ор, қай құрдымға,
Құшағымды ып-ыстық жайдым мұңға
Әттең ішім ашиды, сен де қалқам,
Сәттер үшін аяулы қайғырдың ба?!
Қасіретімді қаусатқан жыр ғып есіп,
Түнді кешіп, тұңғиық мұңды кешіп,
Мен де күнiм үмітпен келем ылғи,
Күреңіткен күндермен бірге ілесіп.
Біле алмадым үміттің үні қандай,
Бір жарға әйтеу соғылар түбі маңдай.
Өзгелерді жылытып, суынам да,
Өз отыма жүремін жылына алмай.
Жаурасам да мезгілсіз жел өтінде,
Бір үмітпен қарадым келетiнге
Мен мұңайдым жыр үшін жазылмаған,
Сен мұңайдың қалқатай неге түнде?!
Бақ үшін бе, жоқ әлде сор үшін бе,
Себеп таппай қиналдық көрісуге.
Сен жыладың жападан жалғыз қалып,
Мен жыладым белгісіз көп ішінде.
Ұға да алмай өксіген гүлдің зарын,
Тұрмын үнсіз...
Ішімнен тындым жаным.
Жүрегіме көшіріп алдым тағы,
Сені осы мұңайтқан түннің бәрiн...
***
Бәрi осылай өзгереді...
Өзгерген.
Соның бәрiн күнәhарлы көз көрген.
Барымды алып ұмтыламын, о неге,
Жанып-жанып басылады өз кеудем.
Жүрек қайта соққанмен,
Ол да әйтеуір алданады жоқ-бармен
Көз алдымда бұлдыраған күндерім
Оралмайтын керуенімен кеттi әрмен.
Қабырғасын қырық сөгіп бұл түннің
құшағында бұлқындым.
Жаным кенет шексіздікке жұтылып,
Кешір күнім, көңілсіздеу жыр тудым.
Сен де басқа.
Мен де басқа.
Басқамыз.
Кім-кімді де алыстатар басқан із..
Көңілімнің бір боздатып ботасын,
О, өлеңім жүрегімнен жас тамыз.
Көп нүктелер(...)
Сұрақ белгi(?)
Сауалдар(???)
Әрбір сауал жас үйірген жанарға әр.
Көктемімен күліп тұрып қоштасып,
Неге өткенін сағынады адамдар?!
Қалашықпен қоштасу
Еһ, КазГУ...
Өзіңде өтті қаншама түн,
Соқтырдың кеудемдегі жан сағатын.
Қалайша қиям сенің құшағыңды
Жылт етіп келген жанды қарсы алатын.
Тек мұнда айтылады жастық әні,
(Осында естеліктер хас тұрағы)
Ән салған қалашықта әрбір құстың
Әуені сезімдерге мас қылады.
Сыңарын тапты сенен қыз, бозбала,
Бәріне куә соның сырбаз дала
Есентай. Ескі сүрлеу. Ерке ағысың
оңаша батыратын мұңға аз ғана.
Өзіңде сыйласым да, қимасым да,
Менімен сен іздеген күй де осында.
Бәрі де жарасымды ғашық жанға
Ұнатсаң сезіміңді айт, сүй, жасырма!
Түн керім сенде тылсым, таң дағы абат,
Үйретер асқақтықты тау ғаламат.
Гүлі өзге, жыры да өзге көктеміңнің,
Лезде бітіретін жанға қанат.
Еһ, КазГу...
Өзіңде өтті қаншама түн,
Көркіңді сенің айтып тауыса ма ақын?!
Сүймесем, сағынбасам болар ма едің,
Жаныма соншама ыстық, сонша жақын.
Ұқтырдың қымбаттығын ненің маған,
Басылар емес мүлде көңілде алаң.
Бірнеше-е жыл өткесін келем іздеп,
Аяулы жастығымды сен ұрлаған...