Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылы өтетін президент сайлауына қатысуы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Malim.kz.
«Власть» тілшісі Тамара Вааль Мемлекет басшысынан Конституциялық соттың шешіміне сәйкес оның президенттікке қайта сайлануға құқығы бар екенін еске салып, 2029 жылғы сайлауға қатысу жоспары бар-жоғын сұрады.
Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық соттың осындай шешім қабылдағанын атап өтті. Оның айтуынша, заң жүзінде қайта сайлануға құқығы бар. Алайда Президент сайлауға қатысу-қатыспауы туралы қазір нақты айтуға әлі ерте екенін жеткізді.
«Алдағы уақытта сайлау өткізуге және оған қатысатыным немесе қатыспайтыным туралы сөз қозғауға әлі ерте», – деді Президент.
Мемлекет басшысы қазір ел алдында тұрған ауқымды міндеттерді шешуге басымдық берілетінін айтты. Атап айтқанда, Қазақстанды үлкен құрылыс алаңына айналдырып, азаматтарға арналған әлеуметтік нысандар салу қажет екенін жеткізді.
Тоқаев бұл мақсатқа Ұлттық қордың қаражатын пайдалануға дайын екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, қаражат халықтың игілігіне қызмет етуі керек.
Президент сондай-ақ әлемдегі күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, Қазақстанда бейбітшілік сақталып, экономикалық өсім байқалып отырғанын атап өтті.
«Алдағы уақытта тағы жолығармыз. Бәлкім, келесі жылы… Сол кезде сізге нақты жауап беремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.