Бүгін жазушы-журналист Кәкімжан Қазыбаевтың туған күні
Қаламгер жайында «Көзден кетіп, көңілде қалған», «Азамат еді еңселі» деген атпен естелік кітаптар шыққан.
Бүгін (1929-1989) журналист, жазушы-аудармашы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Кәкімжан Қазыбаевтың туған күні, деп хабарлайды Malim.kz.
Алматы облысы Сарқан ауданындағы Ағарту кеңшарында, қазіргі Кәкімжан Қазыбаев ауылында туған. Еңбек жолын Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ұжымшарда есепші болып бастаған. 1952 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін үздік аяқтады. Әр жылдарда республикалық «Лениншіл жас» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, Алматы облыстық «Жетісу» газетінде редактордың орынбасары, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, хатшысы, Қазақ ССР Баспа, полиграфия және кітап саудасы істері жөніндегі мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары болды.
1974-1982 жылдары аралығында ҚазТАГ (қазіргі «ҚазАқпарат» ХАА) директоры қызметін атқарды. Бұдан соң, Қазақстан Компартиясының хатшысы болып сайланып, ҚКПОК Бюро мүшесі болған. «Құрмет белгісі» орденімен, бірнеше медальдармен, мақтау грамоталарымен марапатталған. Оның қаламынан туған көптеген мақалалар мен очерктер, көркем әдеби және публицистикалық туындылар, «Кернеген кек», «Құпия», «Ызғар», «Сұрапыл», «Октябрь өрендері», «Ақиқатқа ар серік», «Аманат», «Қышыма» атты романдары мен повестері оқырман қауым мен сыншылардан жоғары бағасын алған. Орыс тілінде «Изморозь», «Наказ», «Советский Казахстан» және «Қара сел» атты үш актілі пьеса жазған. Қаламгер жайында «Көзден кетіп, көңілде қалған», «Азамат еді еңселі» деген атпен естелік кітаптар шыққан.
Фото: Қазақпарат