Түркия Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды халықаралық іздеуге жариялау туралы өтініш берді. Бұл туралы Түркияның әділет министрі Акин Гюрлек мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz Anadolu агенттігіне сілтеме жасап.
Өтініш Газа секторына гуманитарлық көмек жеткізген белсенділерге жасалған шабуылға қатысты қылмыстық іс аясында берілген.
Министрдің айтуынша, 2026 жылғы 14 шілдеде Ыстамбұлдың Жоғары қылмыстық соты Нетаньяхуды «геноцид» айыбы бойынша қамауға алу туралы ордер шығарған. Осыдан кейін Түркияның Әділет министрлігі Ішкі істер министрлігіне Интерполдың «қызыл хабарламасын» шығаруды бастау туралы өтініш жолдаған. Құжаттар Сыртқы істер министрлігіне де жіберілген.
Гюрлектің мәлімдеуінше, Нетаньяхуға халықаралық суларда Газаға гуманитарлық көмек жеткізген бейбіт тұрғындарға қатысты қарулы араласу және белсенділерді ұстау бойынша айып тағылып отыр.
«Газада геноцид саясатын жүргізіп отырған Нетаньяху әкімшілігі жауапкершіліктен босатылуы керек деген ұстаныммен үзілді-кесілді келіспейміз. Газада жасалған қылмыстардың үнсіз қалуына немесе оған жауаптылардың жазасыз қалуына жол бермейміз», – деді Түркияның әділет министрі.
Ол Түркия кінәлілерді жауапкершілікке тарту үшін ұлттық және халықаралық құқықта қарастырылған барлық тетікті толық пайдаланатынын атап өтті.