Венесуэла астанасы Каракастағы президент сарайының маңында атыс болды, деп хабарлайды ТАСС.
Noticias Caracol радиостанциясы аймақтағы мемлекеттік мекемелердің эвакуацияланғанын хабарлады. Дрондар аймақтың үстінен ұшып, әуе қорғанысын іске қосқан болуы мүмкін.
Айта кетейік, 3 қаңтарда АҚШ Венесуэлаға қарсы операция бастап, президент Николас Мадуро мен оның әйелін тұтқындады. Кейінірек АҚШ президенті Дональд Трамп Мадуро мен оның әйелі Нью-Йоркке кемемен жеткізілетінін жариялады.
Николас Мадуро мен оның әйелі Силия Флореске есірткі терроризмін ұйымдастырды, кокаин импорттауға және АҚШ-қа қарсы пулеметтер мен жарылғыш құрылғылар сақтау ісіне қатысты деген айып тағылды.
Сол күні Венесуэланың Жоғарғы Соты вице-президент Делси Родригеске толық президенттік өкілеттік берді.
Делси Родригес Венесуэланың уақытша президенті ретінде ант берді.
6 қаңтарда Мадуро мен оның әйелі Бруклиндегі Метрополитен ұстау орталығынан тікұшақпен Манхэттендегі тікұшақ алаңына күшейтілген күзетпен жеткізілді. Содан кейін тыңдаудан бірнеше сағат бұрын кортежбен сот ғимаратына жеткізілді. Биліктен қуылған Венесуэла көшбасшысы мен оның әйелі кінәсін мойындамады. Келесі сот тыңдауы 17 наурызда өтеді.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы және бірнеше елдің билігі АҚШ бастаған Латын Америкасы еліне жасалған ірі әуе шабуылынан кейін Венесуэладағы жағдайға алаңдаушылық білдірген болатын.