Сарапшы Жангелді Шымшықов ата-анаға зейнетақы мемлекет емес, ұл-қыздарының аударымдары есебінен жиналуы керек деп санайды.
Оның пікірінше, бұл бастама зейнеткерді лайықты зейнетақымен қамтып қана қоймай, отбасылық құндылық мәселесін де шешуге ықпал етеді. Ұрпақтар сабақтастығы жалғасады. Яғни, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы жаңа деңгейге көтерілмек. Өйткені әке-шеше ұл-қызына дұрыс тәрбие беріп, не қажеттімен қамтамыз етуге күш салады.
10 пайыз ақша мемлекетке емес, ата-анасының есепшотына түседі. Сол кезде әрбір баланың болашақта сақтандыру капиталы болады. Мысалы, бұрын балаларға қандай қатынас болды? «Мына бала мені ертең асырайды» деді. Солай емес пе? Қазақ балаға сүйсінген кезде «ертең асырайтын бала» деп атайды, –
дейді экономист.
Сарапшы әу баста салық кодексін өзгертудегі мақсат - бүкіл ауыртпалықты ірі компаниялар мен шетелдік, трансұлттық кәсіпорындарға түсіру деп ойлағанын жеткізді. Сәйкесінше, экономикалық өсімнің негізгі драйвері саналатын шағын және орта кәсіпке жеңілдік жасалады деп сенген. Ал жеке тұлғалар үшін салық сараланып салынады деп ойлаған. Яғни прогрессивтік бағытта ауысуға тиіс еді.
Бірақ іс жүзінде олай болмай шыққан. Сондықтан осы бастаманы одан әрі ілгерілетуді жоспарлап отыр.
- Бұрынғы президентіміз «ей, сендер, қиналып жатырмыз, балаларға ақша жетпей жатыр дейсіңдер, төсекке жатарда сендер менен рұқсат алдыңдар ма?» дегенге дейін барды. Мұндай көзқарас қастандық қой. Қазақтың демографиялық өсіміне жасалған тікелей қастандықты ашықтан ашық айтқанына куә болдық. Оны кез келген жерде алып шығып көрсетуге дайынмын. Сондықтан шындықты айту керек. Шынына келсек, біздің билік халықтың өсімін қамтамасыз етуге мүддесіз. Өйткені әрбір жаңадан туған бала олар үшін проблема. Жаңа мәселе.
Ω
Сарапшы сондай-ақ, Таяу Шығыстағы қақтығыстан соң мұнай бағасы өсіп жатқанына тоқталды. Қазір брент маркалы қара алтын құны 110 долларға жетті. Демек, соғыстың арқасында біздің қазынамызға қосымша қомақты қаражат түсіп жатыр. Бұл жақсылық, әрине. Бірақ бұл қысқа мерзімді ғана. Бұндай жақсылық айналып келгенде бюджетті толықтыруға әсер етуі мүмкін және доллардың көбеюіне байланысты теңгенің нығаюын қысқа мерзімге қамтамасыз етеді. Алайда оның халықтың әл-ауқатын жақсартуға ешқандай ықпалы болмайды деп отыр.