2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында қазақстандықтардың БЖЗҚ-дағы жинақтарын сақтандыру компанияларына аударуы айтарлықтай өскен. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының дерегі бойынша: аударым көлемі 92,9%-ға өсіп, 292,8 млрд теңгеге жеткен.
Өсімнің негізгі себебі - зейнетақы аннуитетіне сұраныстың артуы. Аннуитет кезінде азамат БЖЗҚ-дағы жинағының белгілі бір бөлігін өмірді сақтандыру компаниясына аударады. Компания оның орнына шартта белгіленген тәртіппен өмір бойы тұрақты төлем жасауға міндеттенеді. Яғни, бұл БЖЗҚ-дағы ақшаны қолма-қол шешіп алу емес. Жинақ сақтандыру компаниясына беріліп, азамат ұзақ мерзімді, өмір бойғы төлем алу құқығына ие болады.
БЖЗҚ мәлімдеуінше, 2026 жылғы 1 шілдеде қордағы зейнетақы жинақтарының жалпы көлемі 28,09 трлн теңгеге жетті. Бір жылда жинақ көлемі 4,08 трлн теңгеге немесе 17%-ға өскен. Зейнетақы аннуитетінің тағы бір ерекшелігі - заңда белгіленген талаптар орындалған жағдайда азаматтың жалпы зейнет жасын күтпей төлем ала бастауына мүмкіндік болуы.
Зейнетақы жинағын сақтандыру компанияларына аударушылар көбейді