Ақын Ханбибі Есенқарақызының өлеңдері
Есенқарақызы Ханбибі 1949 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында туған. Еңбек жолын туған жерінде ұстаз болып бастады. Шымкент педагогикалық институтының филология факультетін 1972 жылы сырттай тәмамдаған. 2003 жылдан облыстық саяси қуғынсүргін құрбандары мұражайының директоры. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі. Өлеңдері орыс, украин, өзбек, якут тілдеріне аударылды.
НҰРИКАМАЛ
Аспандағы ай ма дедім,
Жастық шағым қайда менің?
Жүрегімді елжіреткен
Жаным қандай жайдары едің?
Нұрикамал, Камалым – ай,
Күндей ашық жанарың-ай.
Қолым жетпей, сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым, қабағыңа-ай,
қарағым-ай!
Ойың-озық, сөзің-тәтті,
Қандай ана сені тапты?
Көңілімнің шарасына,
Сыймай, тасып, сезім жатты...
Көп ішінде көріп едім,
Тағдырыма сеніп едім.
Көз алдымнан кетпей қойдың,
Қайдан келген елік едің?
Нұрикамал, Камалым-ай,
Күндей ашық жанарың – ай.
Қолым жетпей ,сөзім де өтпей,
Жаутаңдадым, қабағыңа-ай,
қарағым-ай!..
МАХАББАТ КҮТТІМ
Тас жүректен махаббат күттім,
Тас мейірден шапағат күттім.
Жанбады!
Көзімнің жасын сықтым.
Алақаннан жылылық күттім,
Адамдардан ұлылық күттім.
Алдады!
Көзімнің жасын сықтым.
Тұлғалардан ірілік күттім,
Өлген ем. Тіріліп күттім.
Болмады!
Көзімнің жасын сықтым!
КЕТТІМ СЕНІ ЖЕК КӨРІП
Жиналыста жүрдім жұртқа білінбей,
Қызыл сөзден бір түйір дән ілінбей.
Қорғаушы кім, қорлаушы кім, шатастым,
Бір көрпенің астары мен тініндей.
Кешіріңдер, қан жылаған ішінен,
Кешіріңдер, мен сендерді түсінем.
Әділетті айқайымен, күшімен
Қолдайтынның дәлелі жоқ ісімен...
Әдеті ме басы жұмыр пенденің,
Өзін-өзі мінегенді көрмедім.
Оу, қандасым, сонда кімді өлтіріп,
Өз қолыңмен сонда кімді жерледің?!
Түңілді деп Абай неден ойланбай,
Төле биді жылы жауып қойғандай,
Бөлінетін әлі жүзге, руға
Болдың екен неге сонша сормаңдай?
Өтерміз бе өткен ізден ой алмай,
Бөріге жем болғаныңды қоя алмай...
Әдетпенен аспандағы Айда да
Бөліп-бөліп жұлдыз жасап қоярдай...
Көкейіме құрғақ өксік кептеліп,
Армандарым құса болып кетті өліп.
Сырты көрім, іші желім – рушыл,
Лағнет саған! Кеттім сені жек көріп!
* * *
Төгілмеді, сөгілмеді сырларым,
Шеше алмадым жыр-сәбидің құндағын.
Әзер жеткен аузы көкке бұл қыстан,
Жетім қозы сияқтанып тұрғаным!
Бой алдырып – берілген соң тұрмысқа,
Ақын үшін жатпай ма үлкен қылмысқа.
Кешірер ме, жазылуға тиісті –
Жазылмаған бір кітабым бір қыста!
Ұмыт болар былтыр жауған ақ қардай,
Ұмыт болар асқа тартқан көкпардай.
Ұмытылар, ұмытылар бәрі де,
Тарих жұтқан түпкі атамыз – Сақтардай!
Өзіңді емес, ұятыңды дарға асып,
Өтіп жатыр, өлермен күн жалғасып.
Өтіп жатыр ақ пен қара, бай-кедей,
Өтіп жатыр күн мен түндей алмасып!
Ақын жаны – сабаңа түс, көп қызба!
Өмір айтар күнәлі ма , пәкпіз ба?
Кім біледі, не сыйларын келер күн,
Келесі қыс бармыз ба, әлде жоқпыз ба?!
* * *
Ұсақ кемшілігімді кешіре алмадың,
Асқақ қасиетімді – есіңе алмадың.
Алдыңда – жібектей, есіле алмадым,
Түйін боп қалдым да... шешіле алмадым.
Өзгелер өте алмас – тас қамалдаймын,
Бар сенің кеудеңде – басқа қандай мұң?
Жын-шайтан, періңді жасқағандаймын,
Мен сені түсінем,қасқа маңдайлым!
Біздер де бір кез,қамыққан шығармыз,
Жоқшылық жүдетіп, тарыққан шығармыз.
Оңалдық енді дегенде: қалыптан шығармыз,
Бірімізден біріміз – жалыққан шығармыз!
Ұмытам қалай, өзіңе қосқан күнімді,
Ақталам не деп, азырақ достан, бүгінгі?
Түсіріп алдың, асқақ аспандығыңды,
Ала ғой, бердім, сұраған «бостандығыңды?!»
ҚАЙТЕЙІН
Сұлу сөзді қайтейін,
Сезілмесе шуағы.
Күлімкөзді қайтейін,
Жеңілдесе тұрағы!
Асқар тауды қайтейін,
Ақпаса егер бұлағы.
Тасқандарды қайтейін
Елге тисе ылаңы!
Көңіл сені қайтейін,
Тарқамайтын құмары.
Өмір сені қайтейін,
Жанбай сөнсе шырағың!
Мақтауыңды қайтейін,
Езуінен уы аққан?
Жақтауыңды қайтейін,
Жетпеген соң құлаққа!
Желгеніңді қайтейін,
Мінбеген соң пыраққа?
Білгеніңді қайтейін,
Таусылған соң сұраққа!
Мақсатыңды қайтейін,
Жетпеген соң мұратқа.
Жақсы атыңды қайтейін,
Халқыңды алдап, жылатқан!
Мансап сені қайтейін,
Жазылмайтын жарасы.
Аңсап сені қайтейін,
Аузында жоқ, тобасы!
Алтын сені қайтейін,
Қол жетпейтін бағасы.
Халқым сені қайтейін,
Ішінде көп аласы!
Әкім сені қайтейін,
Елдің жыртық жағасы.
Ақын сені қайтейін,
Мақталар тек моласы!
Арман сені қайтейін,
Алдағанға көнетін.
Жалған сені қайтейін,
Жалғыздарды көретін!
Үміт сені қайтейін,
Жанбай жатып сөнетін.
Жігіт сені қайтейін,
Көз салғанға төнетін!
Тілегімді қайтейін,
Түк қалдырмай беретін.
Жүрегімді қайтейін,
Барлығына сенетін,
Барлығына сенетін?!!
ПЕНДЕМІН
Періште емес – пендемін,
Мәңгі емеспін – демдемін!
Көрдім талай мықтының,
Мықыны көктен келгенін!
Періште емес – пендемін,
Көкте емеспін – жердемін.
Бағаламас бақырға,
Бақ қонғанын көргемін!
Тасасында иықтың,
Шындыққа бас иіппін.
Шаужайына жармаспай,
Үзеңгісі биіктің!
Арман - өлмей, көктедің,
Сезімімді шектедім.
Шотын шауып біреудің,
Көтермедім кетпенін!
Періште емес – пендемін,
Астана емес – елдемін.
Билік айтпай – қоқаңдап,
Жәй жүрсем де - өлмедім!