«Дрина көпірі»: шығыс пен батыс қақпасы

Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі

Malim Админ

  • 11.09.2024

1961 жылы Әдебиет саласы бойынша Нобел сыйлығы Иво Андричтің «Дрина көпірі» романына берілді. Бұл шығарманы эрудит Таласбек Әсемқұлов ағамыз аударған екен. Таяуда «Steppe & World» баспасынан жарық көрді. Сіз романнан Балқан түбегінің 400 жылдық саяси-әлеуметтік тарихы мен рухани кескінін жүздеген кейіпкерлердің өмірі арқылы білесіз.

ҮЙҚАМАҚТА ЖАЗЫЛҒАН ШЫҒАРМА

Иво Андрич (1892-1975) сербтің ұлы жазушысы. Ивоның балалық шағы Вышеградта өткен. Ол Югославияның бостандығы үшін күрескен саяси қайраткер, көптеген елде Югославия елшілігінде қызмет еткен дипломат. Философия ғылымы бойынша докторлық қорғаған. Бірінші дүниежүзілік соғыстан бұрын Австрия-Венгрия оккупациясына қарсы «Млада Босна» революциялық жастар қозғалысын құрып, белсенді мүшесі болғаны үшін «ұлтшыл» атанып, түрмеге түскен. Дәл осы қозғалыс Бірінші дүниежүзілік соғыстың тұтануына айтарлықтай ықпал етті дейтін көзқарас бар. Вышеградтық өрендердің қозғалысы жайында романда өте жақсы суреттеледі. «Біз жасаған болмашы дүниенің өзі құлдықта жасалған ұлы дүниеден биік болады», – дейді бір кейіпкер.

Ол Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Югославияның Германиядағы Төтенше және өкілетті елшісі болды. 1941 жылы оны немістер тұтқындап, кейін еліне қайтарады. Ол Белградта соғыс аяқталғанша үйқамақта бақылауда болды. «Дрина көпірі» мен басқа да шығармаларын осы кезде, үйдегі қапаста жазды. «Дрина көпірі» соғыстан кейін Еуропаның әдеби ортасын дүр сілкіндірген шығарманың бірі. Қамақта отырып жазған бостандық туралы хамса-роман осыған дейін көптеген тілге аударылып, әлем әдебиетіне Балқан түбегі туралы шежірені жеріне жеткізе жырлаған бірегей туынды ретінде енді.

ЕҢ БАСТЫ КЕЙІПКЕР – КӨПІР

Романдағы ең басты, негізгі кейіпкер – көпірдің өзі. Ол қарт қария секілді, бәрін көзімен көрген, ғасырлар бойы Вышеградтың ғана емес, тұтас Балқан түбегіндегі саяси-әлеуметтік мәселелерді бастан кешкен, бәрін өзінің шомбал ақ тастарына жазған. Оған адуынды бектер, қанішер баскесерлер, жазалаушы отрядтар, босқындар мен міскіндер, саудагерлер мен ұрылар да өзінің тарихын жазады, сырын шертеді, мұңын ақтарады. Империялардың саяси ұрандары ілініп, тәртіп пен заң жайындағы қауесеттер алдымен көпірге естіледі. Оған қарапайым адамдар тауқыметті тағдыры туралы шағынып, жас ғашықтар махаббат лирикасын оқиды, пірәдарлар мен молдалар дұғаларын күбірлеп, бостандықты қалаған жастар саяси амбицияларын қашайды. Бір қарасаңыз, Дрина махаббат көпірі секілді елестейді. Бұл туралы жазушының керемет ойы бар. Ол шығармада былай дейді:

«Ғашықтық дертін тартқан әйелдер мен көпірдің арасында ежелден байланыс болған, бұл өзі ерекшелігі бар байланыс болатын. Еркектер өтіп бара жатқан қызға қырындап, сөз айтады немесе осы жерге келіп, өзінің ғашықтық сыры мен қайғысын бөліседі. Қанша еркек кіндікті осы жерде баяу әндетіп, қорқордың түтініне оранып немесе жалғыз өзі үнсіз аққан өзенге телміріп, барлық пенденің сұлулыққа төлейтін жан салығын өтеп ұзақ уақытын өткізеді».

Дрина көпірі, шындығында, Шығыс пен Батыстың қақпасы секілді. Оның тағдыры бір империядан екінші империяның қолына өтіп жатады. Саяси бұлғақтар Вышеградқа ең алдымен осы көпір арқылы жетеді. Бірнеше ғасыр бойы көпірді кірпік қақпай күзеткен османдықтар бір күнде кетіп, орнына Австрия-Венгрия сарбаздары сап түзейді. Екеуі де шекараны күзетеді. Екеуі де «ел үшін, отан үшін жұмылайық!» деп ұран сөздерді қақпаға іліп қояды.

Романда бір кейіпкер: «Билік басындағылар халыққа бейбітшілік пен игілік болады деп уәде беріп, үндеу таратқанда «бұл айтылғанның керісінше болады» деп барынша сақ отырған жөн», – дейтіні бар. Өз халқына деген айрықша сүйіспеншілік пен жан азабын Дрина көпірінен артық түсінетін өзге кейіпкер жоқ. Адамдар ұмытшақ, ал вышеградтықтар тіпті ұмытудың хас шебері. Тек Дрина ғана түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің, әртүрлі діни жамағаттың, жаңалықтар мен ескіліктердің мызғымас ескерткіші сынды. Оның тасына сіңген аңыздар, мифтер күні кеше осында болған оқиғалар тізбегі еді. Мұнда сербтің тағы бір ұлы қаламгері Милорад Павичтің тек Балқанға тән сиқырлы (магиялық) реализмі жоқ, қатаң реализм де емес, өзіне тән мәнердегі таза реализм. Түрлі этностың жарасымды һәм қарсылыққа толы өмір шежіресі. Көпір тасына емес, өзенге жазылған рух бәдізі.

МЕХМЕД ПАША

Көпірді салдырған Мехмед паша Соколович. Осман империясы өзінің оккупациясындағы елдерден 10 жастан асқан ұлдарды әкетіп, ислам дініне кіргізіп, әскер қатарына қосқан. Ішінен іріктелгендері, тәртіпке бағынғандары, ойы мен батылдығы арқылы көзге түскендері жоғары мәнсапқа ие болған. Мехмед паша әне сондай ұлдардың бірі еді. Өзі секілді ұлдарды зорлықпен әкетерде арттарынан зар еңіреп аналары жүгіреді. Дрина өзеніндегі паромға дейін қуып келеді. Ақыры етектері жасқа толып, шаштарын жұлып, долданған күйі өзектерін өртеніп: «Балам-ау, анаңды ұмытпа!» деп айғайлап жағада қалады. Бала Мехмед қана көзінен тамшы жас шығармай, кете барады... Қолына билік тиіп, Осман империясының уәзірі дәргейіне көтерілгенде, баяғы анасы қалған жағалауға көпір салдыруды ойлайды. Дрина көпірі солай салынған-тын.

ТАСТАН БЕРІК ҚҰРЫЛЫМ

Романда уақыт баяу қозғалғандай көрінеді, бірақ жан дүниеңмен сезсең, уақыттан өткен қайырымсыз, қатігез дүние жоқ екеніне көз жеткізесің. Әр сәт із қалдырады. Ғасырлардың доңғалағымен шыр айналған Балқан түбегі жайында көптеген мағлұмат аласыз. Уақыт машинасы жайпап өткен жандарды аяйсыз және олар жайында аңыздарға елітесіз.

Роман тарихи шығарма емес, тарихи шығармадан жырақ та емес. Мұнда шығарманың құрылымы маңызды. Әр тарау сайын саяси сыпаттар мен қарапайым, кішкене адамдардың тағдыры алма-кезек ауыстырылып отырады. Бірде қаланың саяси тіршілігі, ондағы өзгерістер, басқарушылардың жымысқы істері суреттелсе, енді бірде сол шақтағы адамдардың өмірі жайлы бөлек хикаяттарға кезек берілген. Бәрінің жалғаушысы – көпір. Көпірсіз ешқандай оқиғаның мағынасы жоқ. Көпір – алтын арқау, асыл жіп.

Оқып отырғанда, біздегі тарихи романдар еске түседі. Хандар мен билер, алашапқын соғыстар. Солардың айналасы. Ал қарапайым кейіпкерлер атымен жоқ. Бар болса да, жібі түзу суреттелмеген. Біз айтып отырған роман құрылымының ерекшелігі кейіпкерлердің бүтіндігінде. Бірінен бірі асып түспеген, кем де қалмаған. Әр кейіпкер тағдырының басталуы мен аяқталуы бар, олардың жетістігі де, қайшылығы да, құлдырауы да жымдасқан.

Вышеград Австрия-Венгрияның қолына өткен соң қала бір сәт байыр тапқаны, тыныш өмірдің көзді алдар мизам шуағы романда өте жақсы суреттеледі. Қала көшелері түзеліп, парктер ашылып, кафе, ресторан, қонақүйлер көбейіп, қалаға алғаш пойыз жолы салынып, цирктер өнер көрсетіп, баянды мезет салтанат құрғандай әсер береді. Әртүрлі себептермен осында орныққан түрлі ұлт өкілдерінің өмірлері де қызық. Бұрынғыдай түріктер мен сербтер ғана емес, жойыт, неміс, италиян, поляк, хорват, сыған дейсіз бе, бәрі осы қалаға жиналды. Бұрынғы Вышеград енді жоқ. Оны консерватор қарттар мүлдем қабылдай алмай, іштей қарсыласқанымен, қолынан келер қайран жоқ еді. Жастар болса, өзгерген өмірлерінің қуанышына шомып, баяшат күн келгендей алаңсыз өмір кешіп жатты. Олар шетелден оқуға қол жеткізді. Осы шақтағы суреттеулер бізге Маркестің Макондосын елестетті. «Жаңа сәнмен бірге студенттер қысқы салтанатты балдардан алып шыққан жаңа сөз, жаңа ән мен би, ең бастысы серб, чех, неміс тілінде жазылған жаңа кітаптар мен брошюролар алып келді», – дейді автор роман ішінде.

Қаланы әр кезде індет жайлап, су тасқыны басып, инфекция тарап, әбігерге салатын шақтары да оқырманын түрлі ойға жетелейді. Бұл автордың романды жазу барысындағы ерен ізденістерінен сыр шертеді.

Ивоның тілі өте күрделі дейді білетіндер. Ол бірнеше беттік салалас-құрмалас сөйлемдерге де ерік береді. Осы жерде аударманың сапасына тәнті боласың. Қазақ жазғандай жайдары сөйлемдер. Редакторлық жұмыстың тиянақтылығын атап өткен жөн.

КЕЙІПКЕРДІҢ КЕЙІПКЕРЛЕРІ

Негізгі кейіпкер – Дрина көпірінің өзі дедік қой. Ал романда кейіпкердің кейіпкерлері өте көп. Бір-біріне мүлдем ұқсамайтын, жан-дүниелері мен арман-мұраттары бөлек, бәрі кеп Дринаға мұғжизадай бас изейтін алуан түрлі, әр кезеңнің мұндарлары. Қырсық мінезді паромшы Ямак, екі баласын іздеп шарқ ұрған мылқау әйел, «Тас хананы» қорғаумен өмірі өткен Дәуіт қожа, ән салам деп басы бәлеге қалған Миле, әумесер һәм қорғансыз, елдің мазағына айналумен өмірі өткен Шорқан, бар ойы Вышеградтың тыныштығы болған косерватор Әли қожа, сұлулығы мен тәкаппарлығы соңында Дрина көпірінен секіртіп мерт қылған жұмбақ Фата бегім, ындынын алаулаған құмарға жеңдірген Милан, биліктің оспадар ісі үшін өмір бойы елден ұялып өткен суретші Перо, бар уақытын бауыр-туысы үшін сарп қып, соңында қайырсыз дүниенің тұтқынына айналған жойыт әйел, Вышеграттағы алғашқы кафенің иесі Лотика ханым... Роман осы секілді кейіпкерлердің кейпінен құралған тұтас галерея сынды. Негізі, бұлар бөлек-бөлек хикая десек те болады. Жазушы осының бәрін зерлі жіппен шебер көктеп, биік, парасатты гобелен кескіндегендей әсер қалдырады. Кейіпкерлердің жалпы образын романдағы мына сөз анық бейнелеп тұрғандай. «Олар шалғай провинцияның жадау рухани дүниесі туғызған адамдар, шын өнердің не екенін білмейтін ортада жүрген актерлер сияқты еді». Шорқандарға қаратыла айтылса да, бәріне де ортақ мінездеме, бәлкім, осы болар.

Осы көпірді салдыруға міндеттелген қанқұйлы Әбит-ағаның кеспірі мүлдем бөлек. Көпірді салуға қарсыларды аямай жазалайды. Көпір салынып біткенше талай пенденің басы кетеді. Бірі ауыр жұмыстан өлсе, енді бірі Әбит-ағаның қаһарына ілігеді. Салынған көпірді бұзамыз деп қолға түсіп, қылмысын мойындағанымен, саптастарын сатпастан Әбитке лағнат айтып қадаға қағылып өлген бейбақтың аянышты халі арқылы Дрина көпірінің өзгеше болмысын тани түсесіз. Ал талай адамның басын көпір қақпасына іліп қойған жазалаушы Хайруддиннің кейпі де кещеліктің бір тұрқы. Мұндай оқиғалар бірінен кейін бірі туып отырады.

БАЯНСЫЗ

Роман баянсыздық хақында жазылған шерге толы дастан секілді. Бәрі өткінші, бәрі алдамшы. Мысалы, Мехмет пашаның өмірін алыңыз. Өзінің туған жеріне жақсылық жасау үшін бала кезден Осман империясына адал қызмет етті. Өмірінің соңында Стамбұлда әлдебір қанқұйлы жендеттің қолынан мешіт қақпасында қайтыс болды. Сұсынан тұтас қауым сескенген Әбит-аға да қуғынға түсіп, талқанын қиырда тауысты. Өмірін туыстарының қамы үшін ұйқы көрмей өткізген Лотика ақыр соңында мағынасыз халде пәниге наразы күйінде дүниеден баз кешті. Кез келген кейіпкерінің басындағы жағдай осы. Тіпті, құламастай көрінген империялар да бірі келіп, бірі кетіп жатты. Тек Дрина ғана осының бәрін үнсіз қарсы алып, үнсіз шығарып ғасырлар бойы тұрды. Оның өзі... сол адамдардың қолынан қиратылды, ақыры... Баянсыздықтың бұдан асқан мысалы болар ма?.. «Дүниенің басы – сайран, түбі – ойран» деген мәтелдің айна-қатесіз екенін тарау сайын есіңе салып отыратын шығарманың құндылығын бажайлай беріңіз.

Түйін: Егер Балқан түбегіне жолыңыз түссе, онда Дрина көпірін көруді ұмытпаңыз. Талай апаттан аман өткен, қираған жерінен қайта тұрған Дрина – жеңілмес рухтың символы секілді.

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ  

Фото:  travellingclaus.com

Байланысты жаналықтар

Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

07.10.2024

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

29.07.2024

Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

20.07.2024

Сырбай Мәуленовтың өлеңдері

11.07.2024

Мұхтар Шахановтың өлеңдері

11.07.2024

Қадыр Мырзалиевтің өлеңдері

11.07.2024
MalimBlocks
Физиология және медицина саласы бойынша Нобель сыйлығының иегерлері анықталды

Сыйлық гендік белсенділікті реттеудің негізгі принципін ашқаны үшін берілді

Дулат Исабеков: Шет елдер Қазақстан туралы білмейді

300 жыл қатар өмір сүрген Петербургың да білмейді бізді...

Айқын Нұрқатов. Абайдың лирикасы

«Қазақтың келістірер қай баласы» деуі — Абайдың астамшылығы немесе нигилистігі емес, ащы шындықты мойындауы әрі суреткер ретінде өзіне тарих жүктеген міндетті терең сезінуі

Сырбай Мәуленовтың өлеңдері

Сырбай Мәуленов (17.9.1922 ж. туған Қостанай облысы; Жанкелдин ауданы; Торғай поселкесі; — 1993 дүниеден озды) — ақын. ІІ Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген (1973 жыл).

Мұхтар Шахановтың өлеңдері

Мұхтар Шаханов (2 шілде 1942 жылы туған, Түркістан облысы, Төле би ауданы, Қасқасу ауылы) — қазақ ақыны, драматургі. Қазақстан халық жазушысы.

Қадыр Мырзалиевтің өлеңдері

Қадыр Ғинаятұлы Мырза Әли (5 қаңтар 1935 жыл, Жымпиты, Орал облысы - 24 қаңтар 2011 жыл, Алматы) — ақын, Қазақстанның халық жазушысы (1995), ҚР Әнұранының сөзін жазған авторлардың бірі