Сабырхан Асанов өлеңдері

Сабырхан Асанов (1937-1995) – Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан ауданындағы Иіркөл ауылында туған. Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Ақын, көптеген ән сөздерінің авторы.

Malim Админ

  • 17.09.2024

ОТЫРАРДАҒЫ ТОЙ

Той басталды Отырарда,
Сырдың сұлу бойында.
Кеудесінде оты жанған
Қызылқұмның қойнында.
Аңыздарда аты қалған,
Талай ақын толғаған –
Осындай той Отырардан
Басқа жерде болмаған!

Қайырмасы:
Туған елім-ай,
Өскен жерім, асқар белім,
Сенсің әнім менің,
Сәнім менің.
Алақандай аялаған,
Арманым да өзіңсің,
Ақ тілегін аямаған,
Ардағым да өзіңсің.
Сендегі жас, кәрінің де,
Қуанышы мол болсын.
Шәуілдірдің әр үйінде,
Дәл осындай той болсын.

Отырардың күні бүгін
Қайта туды жаңғырып.
Жырлап жатыр ұлылығын
Барлық аймақ, атырап.
Әнмен бірге
Күймен бірге толғанам.
Осындай той Отырардан
Басқа жерде болмаған!

Зіл қара жер қозғалғандай
Палуандар алысқан.
Қызғалдақтай қыздар қандай –
Көз тартады алыстан!
Сол қыздарға оты бар жан
Жүрек отын жалғаған.
Осындай той Отырардан,
Басқа жерде болмаған!

 

ДҮНГЕН ҚЫЗЫ

Түндей тұнық көздеріңнің қарасы,
Қосылардай қастарыңның арасы.
Жалт қарасам, жалын атқан ақ жүзің
Алаулайды атқан таңмен таласып.

Қайырмасы:
Қиял қанша ертеді елес,
Дүнген қызы, арманым.
Кез боп келсем ертелі-кеш,
Сенен көзді алмадым.
Өзгені емес, өзіңді ойлап жүдедім,
Түсінер деп бір қазақтың жүрегін.

Кімге болсын сүйкімді бір баласың,
Көңілімді баурап алып барасың.
Гүлге орайсың, күнге орайсың жылда сен
Елге жаннат ерке Талас даласын.

Сені ойлаумен артта суық қыс қалды,
Сені ойлаумен жазғы ұзақ күн қысқарды.
Бақыт жайлы әнді бірге шырқайсың
Қонақтатып қойып бауға құстарды.

 

САҒЫГЫШЫМ МЕНІҢ

ен жанымда жүрсең,
Сен жадырап күлсең,
Бақыттымын мәңгі, асыл арманым.
Жаутаңдаған көзде,
Сәуле ойнаған кезде,
Шаттығымды елден жасыра алмадым.

Қайырмасы:
Желбіреген гүлдей,
Жеке шыққан күндей,
Сағынышым, жайнап тұршы алдымда.
Тауды бұлт асып,
Жерге жұпар шашып,
Бал бұлақтар тасып,
Жатқан кезде
Қырқасынан қырдың,
Арасынан нұрдың,
Еркетайым, сені көріп қалдым ба?!

Құшағыма кіріп,
Күле қарап тұрып,
Қосылшы әнге сол бір жүрек тербеген.
Тал жанына барсақ,
Таңды күтіп алсақ,
Таңдай әппақ адал тілектерменен.

Неге алысқа кеттің,
Неге көп іздеттің,
Үмітімді менің мәңгі үзгендей.
Сағынышты өмір,
Қазір, шіркін, көңіл
Көлде аққу қалқып жалғыз жүзгендей.