«Талтүс» және қазақ мәдениеті

Күй – қазақ халқымен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан өнер атаулының ұлысы. Халықтың басына түскен қасірет-қайғысын, қуаныш- наласын домбыраның қос ішегіне сыйғызып, үлкен өнер туғызған халқымыз әрқашан күй өнерін жоғары бағалап, әнші, күйші, ақын-жырауларын құрметтеп төрден орын беріп отырған.

Malim Админ

  • 11.09.2024

 Себебі күй өнері мен күйшінің қадірін жете түсінген. Теледидар, интернет желісі  жоқ уақытта бабаларымыз «отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлап» күйші, жыршыларды арнайы алдырып ертелі-кеш ән-жырларын тыңдаған. Ақан сері, Біржан сал, Балуан шолақ, Мәди, Иманжүсіп, Жаяу Мұса, Тәттімбет сынды халық өнерін дәріптеушілерді ел төбесіне көтеріп, үлгі тұтқан. Нағыз күйшілік өнерді насихаттап, құймақұлақ дәулескер күйшілердің күйлерін жеткізіп, нақышына  келтіріп орындаушылар бертінге дейін болған.  Бір өкініштісі, біздің күйлер қағазға  (нота) түсірілмегендіктен көп туындылар өнерпаздардың кеудесінде өзімен бірге кетті. Таласбек Әсемқұловтың «Тәттімбет сері» романында поляк ғалымы Янушкевич қазақ ертегілерін ел аузынан жинап, хатқа түсіріп жүргенде Көсемсары есімді шығарма кейіпкері былай дейді «...қайта рахмет айтпайсың ба төреге. Ертең қағазда атың қалады. Міне, мені айтсайшы. Менің әнім осы хатқа түспеген күйі кетеді. Тәттімбеттің де шәкірті жоқ. Ал  сенің атың өлмейді». Осындай өкінішпен қаншама дарын иелері өмірден өтіп кетті. Дегенмен жалынды өнердің ұшқыны бүгінге жеткеніне тәубе дейміз. Осы тұрғыда ең зор еңбек ауылдағы қара шалдар мен құймақұлақ балалардікі десек артық емес.Таңнан кешке дейін  күй тыңдап, аңыз-әпсаналарға қанығып, шалдардың аузынан жырларды тыңдап, күйлерді үйреніп келешекте бойға жиғандарын барынша  ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырған.

Ешқандай музыкалық білімі болмаса да үлкен өнер тудырған және оны ұрпақтың қолына мұра етіп қалдырған дала композиторлары мен өнерпаздары хақысында жазушы, күйші, этнограф Таласбек Әсемқұлов «Талтүс» романында талғаммен жазады. Шығармадағы күй өнерінің детальдарына мән беріп, домбыра, күй және күйші төңірегінде романға аз-кем тоқталсақ.

Жазушы бұл туындысын ғұмырбаяндық роман дейді. Шығарма күй өнері жайлы жазылғандықтан алдымен домбыра аспабына тоқталуымыз тиіс. Өнерпаздың кеудесін жарып шыққан әуеннің әсерлі болуы аспапқа байланысты. Романдағы Сабыт есімді ақсақал жас кезінде Камалиден  ұстаны арнайы іздеп барып тапсырыспен домбыра жасатады. Шебер домбыраны бір жыл ішінде жасап береді. Арқалы аспапқа таңқалған Сабыт: «Дайындап үйінің қабырғасына іліп қойыпты. Қолыма ұстатты. Сонда, саған- өтірік, маған- шын, әлгі домбыра ішек тағылмай-ақ арпалысып сөйлеп тұр. Қалтамнан ішек үзілмейтін. Дереу тағып, пернелерін байлап жіберіп шерттім-ау. Ойбой! Одан кейін қолыма ешбір домбыра жаққан емес. Өзім де талай домбыра шаптым ғой. Бірақ ондай шешен домбыра жасай алмадым». Міне, бұл шебердің әбден дайындалып, ағашты баптап бір жыл ішінде ыждаһаттылықпен жасаған еңбегінің нәтижесі. Ал «Тәттімбет сері» романында жақсы күй әуелі жерден өсіп шығатынын айтады. «...Әли жиенін ағаштың жанына ертіп келіп, - Ең шешен ағаш осы. Бұл саған бірінші дәріс. Күй домбырадан емес, күйшінің саусағынан емес, ең әуелі осылайша жерден өсіп шығады. Ең алдымен өзіңнің қарымыңа лайықтап домбыра шабамыз». Күйдің тұнық болуы домбыраның ағашына ғана байланысты емес, оның ішегіне де тікелей қатысты. Қазіргі таңда домбыраның қос ішегін қатты капрон жіптен тартып, үзілмейтіндей етіп жасайды, бұрын ешкінің ішегінен иіріп отырып істеген екен. Табиғи ішек тағылған домбыра шешен адамша сөйлейтін болған. Табиғаттан қол үзген заттың барлығы өзінің баз қалпын жоғалта бастайды. Домбыраның жасанды болғаны былай тұрсын қазір күйлердің өзі бояма болып кеткен. Шықтай мөлдір күйге өздерінше дәм қосатындар лай тамызғандарын біле ме екен? Сахнаға бейімделген күйлер  мән-мағынасын жоғалтып батыстың жылдам ойналатын әуендеріндей болып, тұнығы лайланады. Күй- қыз емес қой. Оған әшекей бұйым тағып, опа далап жағып әрлегенмен табиғи қалпындай бола алмайды, бәрібір жасандылықтың күлімсі иісі шығып тұрады. Шығармада Сабыт ақсақал немересі Әжігерейге домбыра тартқанда күйді бұзбай шерту керегін баса айтады әгәрәки күйдің реңін қашырып тартса қабағын шытып, ашуланатын болған.

Жүректен шыққан күй дәрі іспетті, адамның жанын емдейді, рухани тазартады. Ежелде бақсылар қобыз шалып, сырқат адамды емдегені тәрізді күй де адамның жан-дүниесін жайландырып, ерекше әсер береді. Шығармада  Мақу есімді соқыр күйшінің домбыра тартқан кезінде елітіп, естері кететінін жазады. «Домбыраны ешкім де олай шала алмаушы еді, күй көктемнің шұғыласындай тамылжып естілетін, бар қайғы-шерің тарқап, бойыңдағы бар түйін бірі қалмай шешілетін...».  Сондықтан күйдің бастапқы нобайын бұзбай мақамына келтіре орындау керек. Себебі жақсы күй жанға қуат, дертке дәрі. Күйдің әуеніне емес  әуезіне (сыры) мән бергеніміз дұрыс, өйтпегенде біз ұлттық өнерімізді өлтіріп аламыз. Ащы болса да Нұрғиса Тілендиевтің айтқаны бар: «қазіргілер менің «Аққуымды» торғайға айландырып жібер-ді» депті-міс. Әсте күй өзінің қаймақтай тәттілігімен, запырандай қышқылдығымен, ең бастысы, тұнықтығымен әсерлі.  Таласбек Әсемқұлов жазғандай «күйдің әуені емес, күмбірі қымбат».

         Қазақ халқы мен оның аңызы қыздың қос бұрымындай  қатар өріледі. Өйткені халқымыздың тарихы әуелі аңыздардан бастау алғаны белгілі. Жазба әдебиеті болмаса да бай фальклорымыз (ауыз әдебиеті) болды. Осының өзі үлкен қазына емес пе? Шығарманың тағы бір ерекшелігі, күйлердің шығу тарихын автор аңыздармен байланыстырып жазады. Сонау Кетбұғадан бастап Тәттімбетке дейінгі күйшілердің халық арасында мәшһүр немесе көмескіленіп қалған күйлерін роман кейіпкерлеріне (Сабыт, Шерім, Сәруар,Ғазиз, Атығай т.б) орындатады. Атап айтсақ, Тәттімбеттің «Табалдырық Қосбасар», «Қосбасар», «Зар Қосбасар», «Жайсары Қосбасар», «Сырымбет» сынды күйлерінің шығуына қатысты әңгімелер мен аңыздарды баяндайды.

«Ұстазы мықтының ұстанымы мықты» дегендей, Әжігерей атасы Сабыттың үлкен мектебінен өтті, домбыраның құрылымынан күйдің нақышына келтіріп орындалуына дейін атасынан  үйренді. Шығармада: «...ең әуелі домбыраның құлағын босатып тастайсың. Соны бұрап үйренеді. Оң бұрау, теріс бұрау, үш ішекті домбырадан мына қос ішектіге көшкен шалыс бұрау деген болады. Асан қайғының «Желмая» деген күйі тартылады. Осыларды үйретесің. Содан соң бір-екі қайырым әндерді тартқызасың.  Осылай кете береді. Күндердің күнінде күй шертуге жетесің». Сабыт ақсақал домбыраның құлағын бұрап, күйге келтіруден бұрын Әжігерейдің «құлағын бұрап, күйге келтіріп» алғанын пайымдаймыз.  Атасының нұсқауымен Әжігерей небір сұңғыла күйшілердің алдынан өтті. Олардан да үйренгені аз емес. Біреуінен домбыра баптауды, енді біреуінен күйді нақышына келтіріп, көлеңке түсірмей тартуды үйренеді. Шығармадағы оқырманға ой салар сөз «Басыңа әлі талай қиын-қыстау күн туады. Өнеріңді саудаға сал, бірақ өнермен саудаласпа! Өнермен саудалассаң, өнердің кәріне ұшырайсың, кәрі соғады. Міне, мен бүгін күйді қайырдым. Ендігі күй сенікі». Бұл Әжігерейге атасының айтқан аманат ақылы еді.  Осы сөз бойына өнер дарыған әр адамға айтылған лепес деп қабылдауымыз керек. Өнер дегеніміз - кие. Кие екінің біріне қонбайды. Ал оны баптап ұстау өте ауыр іс, шаң мен қылшық түсірсең, өнердің кәріне ұшырайсың.  Шын жүйріктің шабысында мін болмас, шабан тай топтан өзі-ақ ысырылып шығып қалады. Алайда кілең дүлдүлдер шапқан бәйгеде жабылардың жүруі бәйгенің сұрқын кетіретіні тәрізді өнерде де ортан қолдар жүрмеуі тиіс. Әйтпегенде олар өнер атаулыны ылаңдайды. Асқар Сүлейменов «Адасқақ» повестінде: «Өнерде кемталант болғаннан бейталант болған артық па дейді; бейталант- бейтарап, ал кемталанттың сұғынбайтын жері жоқ, өтпес пышақ бейәдеп боп телше турағысы кеп тіленіп тұрады, ана пышақтан не кем деп нығырланып, мына пышақтың несі кем артық деп азу білейді. Өздері шетінен жағадан алғыш, жағаласқыш келеді» дейді.

         Қорыта келгенде, Таласбек Әсемқұловтың «Талтүс» шығармасын роман ретінде емес, этнографиялық-ғылыми еңбек деп танимын. Себебі автор аталған туындысында өзінің және атасының прототипін алу арқылы күй өнерін жіті зерттегені, әрі өнер атаулығы биік баға бергені көрінеді. «Талтүсті» оқығанда күй тыңдап отырғандай әсерленесің, жаныңды балбыратып, кей сәтте елжіретіп өзінің тереңіне алып кетеді.  Көптеген тың ақпараттарға мол шығарма автордың биік өресінің айғағы.  Осы тұрғыда әдебиет сыншысы Әлия Бөпежанова былай дейді: «Т. Әсемқұлов ұлттық бастаудан қанып ішкен, дәстүрдің өзінен шыққан, сондықтан да ой жүлгесі орнықты, тілі бай көркем, қоғам мен уақытына сергек суреткер». Шығармашылық шеберханасында туындыларын әбден шыңдап жазған жазушының еңбегі қайыспас болаттай болады. Сонымен қатар  шығармасында ұсталық өнер тұрғысында да сөз қозғайды. Менің айтпағым Таласбек Әсемқұлов осы шығармасына бар ынта-шынтасын салып, сөзге ұсталығын танытқан. Тілі бай, әрі көркем роман әбден суғарылған алмас қылыштай қырық жыл су түбінде жатса да таттанбақ емес. Таласбек Әсемқұловтың бұл туындысын зерттеу еңбегі ретінде қарастыруға да болады. Мұнда біз күйшілер мен күйлердің тарихына қанығып біршама ақпарат аламыз. Түсініксіз теориялық еңбектерге қарағанда аталған «Талтүс» романы күй өнерінің парқын айырып береді. Таласбек Әсемқұлов шын өнердің құлдырап, құнсыз болып бара жатқанына қапа болғандықтан осы туындысын жазған тәрізді. Нағыз өнердің жампозы, әрі жанкүйері Таласбек Әсемқұлов келешекке күй өнерін қалай аманаттау керегін іздеп шарқ ұрғандай. Таласбек жоқ іздеген жолаушыдай,  мұратына жетті дейін десем «...қазақтан күй кеткен екен. Ақымақ екем. Күй өз басымда екен» дейді шығармасында. Авторда бабадан келе жатқан дәстүрлі музыка өнерінің құлдырауына алаңдаулы екенін шығармасы арқылы анық аңғаруға болады. Аманатқа адалдық таныта алдық па?! Таласбектің шерін түсіндік пе?! Бізге әлі де іздене түсу керек. Қазақ өнері терең ізденісті қажет етеді. Болдым-толдым демей үйрену үстіне үйрене түсіп, зерлей үстіне зерттей түсуіміз қажет. Таласбек Әсемқұловта осыны меңзеп тұрғандай, оқырманға ой салады. Осы шығарманы оқи отырып бізге мынандай ой келді, «күйтану» ғылымын нақты зерттеу объектісі ретінде қарастыру керек. Сонда ғана ғасырлар тоғысынан бүгінге жеткен бай мұрамызды тайдырмай өз тұғырына қоя аламыз. Ал Таласбек туындысы соның әлқиссасы болсын....

                                                                                      Санжар СЕЙСЕНБАЕВ,

                                                                            Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің

                                                                             2 курс студенті

Байланысты жаналықтар

Таласбек Әсемқұлов

16.11.2024

Таласбек Әсемқұлов: Бізге жылаңқы әуен тән емес

29.07.2020
MalimBlocks
Таласбек Әсемқұлов

Жазушы, күйші, кинодраматург, мәдениеттанушы Таласбек Әсемқұлов (1955-2014) 1955 жылы 1 тамызда Семей облысы Аякөз ауданы «Ақтоғай» теміржол стансасында дүниеге келген.

Таласбек Әсемқұлов: Бізге жылаңқы әуен тән емес