Алматыда қоғам белсенділері ұсталып жатыр
Алматыда қоғам белсенділерін полиция арнайы шақырту жіберіп, үйлерінен алып кетіп жатыр. Қазақстан демократиялық партиясын құрамын деген қоғам белсендісі Жанболат Мамайдың ұялы телефонына Әкімшілік Кодекстің 488-бабы бойынша жауапқа тартылатыны туралы хабар келген. Оны Жанболат Мамай өз фейсбук парақшасына жариялады. Кейін Жанболат Мамайды үйіне полиция келген. Қоғам белсендісінің жары Инга Иманбай ол кезді видеоға түсіргенде полиция қызметкерлері телефонын тартып алмақ болған. Инга Иманбайдың айтуынша, сол кезде басын қақпаға ұрған. Қазір есік алдына жедел-жәрдем шақырып, күтіп тұр.
Белгілі саясаткер Жасарал Қуанышалин де өзін полиция басқармасына шақыртып жатқанын айтты. Бірақ оған қандай айып тағылғанын көрсетпепті. Өзі де айтқан жоқ.
Ал «Oyan, Kazakstan» қозғалысының белсендісі Бауыржан Сәбитовті көшеден полиция ұстап алып кетті. Ол видео қозғалыстың парақшасында жарияланды.
Сонымен қатар бұл қозғалыстың басқа да белсенділерін жедел ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсем Жапишеваны ұстап, Масанчи 57а адресіндегі полиция департаментіне алып кетсе, Жанель Шаханова мен Олжас Шахановты Алмалы ауданының полиция департаментіне алып кеткен.
Ал Әлнұр Ілияшев Республика алаңының жабық тұрғанын, интернет өшірілгенін, полиция Желтоқсан даңғылының бойында Абай көшесінен бастап тұрғанын жазды.
Алматы қаласының әкімшілігі алдында өтеді делінген митингіден бір күн бұрын қалалық әкімшілік қоршалды. Тәуелсіздік алаңы да қоршалып, полиция қаптап тұр.
Еліміздегі әртүрлі қозғалыстар – сотпен тыйым салынған Қазақстанның Демократиялы таңдауы, Жанболат Мамай жетекшілік ететін Демпартия, Oyan, Qazaqstan және басқа да белсенділер бүгін алаңда белсенді Дулат Ағаділдің қазасын әділ тергеуді талап етіп митинг өткізбек болған.
Фото. Азаттық радиосы