Бес мың долларлық сағаты бар Қарағанды әкімі өтірік айтты ма?

Malim Админ

  • 08.08.2020

Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан Әубәкіров Instagram желісінде тікелей эфирге шығамын деп басы дауға қалды.  Әкім сөзден сүрінген жоқ. Бір сөз айтпай жатып-ақ, біраз жұрттың қытығына тиіп алды.

Эфир басында жейдесінің жағасын көтерген әкім білегіндегі сағатын шешіп үстелдің үстіне қояды. Дәл осы сәтті желіде отырған жұрт қалт жібермей әкім таққан сағаттың маркасы мен құнын түстеп шығады.  Әкім Әубәкіров Ulysse Nardin атты құны 5 мың долларлық сағат тағады екен. Осыдан кеп желідегі жұрт «әкімнің мұнысы несі?» деген сөзді көбейтті. Бірі «мақтаншақ әкім» десе, екіншісі «халық нанға ақша таппай жүргенде» дегенді айтты. Әубәкіров те шамасы келгенше ақталып шықты.

«Тікелей эфир алдында білегімнен шешкен сағатты 10 жылдан бері тағып келемін. Маркасы Ulysse Nardin. 2010 жылы 35 жасқа толғанымда жақындарым сыйлады. Бұрынырақтағы суреттеріме қарасаңыздар сағат менікі екенін, бұрыннан тағып жүргенімді көресіздер. Эфир алдында неге шештім дегенге келсек, қаланы аралап келгем, дала қапырық ыстық, содан галустік пен сағатымды шештім. Бар болғаны осы. Басқадай пиғыл болған емес, – депті әкім Қарағанды қаласының ресми аккаунтінде.

Былай қарсаңыз, сөзге тұрмайтын оқиға. Бірақ, әлеуметтік желідегі жұрттың наразылығы орынды.

Мәселен, 1975 жылы дүниеге келген 45 жастағы Нұрлан Әубәкіров  бизнесте бір күн жұмыс істемеген. Екі оқуды оқып біткен соң жергілікті биліктің түрлі саласында қызмет еткен.

Ал 35 жасқа толғаны үшін жақындарынан 5 мың долларлық сағатты сыйға алған сәтте ол Қарағанды қаласындағы Қазыбек би ауданында бір жыл әкім болған. Ал 2010-2011 жылдары яғни, тағы да бір жыл ішінде Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары болыпты. Демек, аудан әкімі де, қала әкімінің орынбасары да лауазымды қызмет. Ал мемлекеттік қызмет заңдары бойынша лауазымды қызметтегі адам алысты айтпағанда жақындарынан да қымбат сыйлық алмауы керек. Мұндай заңның бар-жоғын «құқықтану» мамандығы бойынша екінші диплом алған, қызметі өрге жыл сайын лифтідей өрлеп келе жатқан Нұрлан Әубәкіров білмеді  деп айтуға келмейді. Сағат құнының қымбаттығын «қаржы мен несие» мамандығы бойынша  дипломы және бар Нұрлан Әубәкіров жақсы білсе керек. Білмесе, он жылдан бері тастамай тағып жүрер ме еді?

Қарағанды қаласының әкімі сағат өзгенікі емес, өзінікі екенін растап отыр. Он жыл бұрын сыйлыққа алғанын мойындапты. Енді Қазақстанның бар заңына бағынатын әкім ретінде Нұрлан Әубәкіров қымбат сағатын 10 жыл бұрын мүлік декларациясына тіркеткенін, содан бері салығын төлеп келе жатқанын да ашық көрсетіп, тастай құжаттарын әлеуметтік желіге жариялауы керек-ақ! Әйтпесе, шала ақталған Әубәкіровтің емес, әлеуметтік желіде шулаған жұрттың жемқорлыққа меңзеген сөзі рас сөз болып тұрғандай.

Басты беттегі фото http://novoetv.kz сайтынан алынды.

[video width="480" height="600" mp4="http://malim.kz/wp-content/uploads/2020/08/4345f85b2b76a169a4f986e4dfa5662b.mp4"][/video]

Байланысты жаналықтар

Орынбасары жемқорлықпен ұсталған Әубәкіров жаңа қызметке барды

30.09.2020

Шалабеков жемқорлықпен ұсталды. Әубәкіров қайтпек?

14.09.2020
MalimBlocks
Орынбасары жемқорлықпен ұсталған Әубәкіров жаңа қызметке барды

Шалабеков жемқорлықпен ұсталды. Әубәкіров қайтпек?