«Ләппайшыл» парламент, өзгермейтін үкімет.  Орталық Азияға ортақ диагноз

Қуанышбек ҚАРИ

  • 20.01.2021

Қазақстаннан басқа Орталық Азия елдері парламентіндегі билік партиясының үлесі сырт көзге жағымды көрінеді. Алайда бұл сол елдердегі заң шығару органының артықшылығын көрсетпейді.

ЕЛ ҮМІТІ ЖЕРЛЕНДІ

Үкімет бекіді. Бірақ өзгеріс бұйырмады. Қос министр портфелінен басқасы ауыспады. Бұл – үкіметтің пандемияда кемшілікке батқан кезінде болып отырған жағдай.
Жеті пайыздық дауысты еңсеріп, мәжіліске өткен партиялар құрамы да өзгерген жоқ. «Нұр Отан» - 71 пайыз, «Ақ жол» - 10 пайыз, коммунистер – халықтық партия 9 пайыз дауыс жинағаны хабарланды. Мәжілісте орындар саны өзгергенімен, құрамынан қайыр болмады. Құрамының тарихы да ұқсас. Өйткені «ақжолдықтардың» дені – «Нұр Отаннан», «нұр отандықтардың» көбі бұрынғы коммунистерден шыққан.
Кейбір депутаттардың ежіктеп ант беруі көпшілік назарын аудартқан. Адам болған соң шатасуы заңды. Алайда мәжілістің бір емес, бірнеше депутатының күмілжіп ант беруінің өзі қоғамдық пікірге әсер етуге жетіп жатыр. Қазақ тілінде ғана емес, орыс тілінде де антты әзер оқығандар бар. Есесіне, жасы келгенде антты жатқа соққандар мақталды. Адамды міндетін атқарғаны үшін дәріптегенді де қисынды деу қиын.
Мәжілістің сиқы осындай болды. Үкіметтің жаңа құрамы да одан ұзамады. Осылайша, 10 күн ішінде билік өзіне бірлі-жарым сенген сайлаушылар болса, олардың да үмітін біржолата жерлеп, басына зират көтеріп, құлпытасын да тегін орнатып берді.
Ел іші шарасыздықтан «ақыры ештеңе өзгермейді екен, шығын шығарып сайлау өткізу неге керек» десті. Қаржы, уақыт шығындалды, аз үміт желге ұшты.
Мұндайда «Там басында қос тандыр, үйде шақша ұны жоқ» деген өзбек мақалы еске түседі.

ӨЗБЕКСТАН


Бұл елде 2019-2020 жылдары парламент сайлауы екі кезеңмен өткен. Билікшіл либерал-демократиялық партия 35 пайыз дауыс жинап, парламентке өткен. Парламентте одан басқа елде тіркелген төрт партияға («Милли тикланиш», халықтық-демократиялық партия, «Адолат» партиясы, экологиялық партия) да орын берілді. Либерал-демократиялық партияның төрағасы – Актам Хаитов.
Былтырғы парламент сайлауынан кейін Өзбекстан министрлер кабинеті де аса көп өзгере қоймады. 2016 жылдан бері үкіметті басқарып келе жатқан Абдолла Арипов орнында қалды.

 

ТҮРКІМЕНСТАН

Ilham Shaban фотосы

Түркіменстанда билікшіл демократиялық партияны Ата Сердарев басқарады. Бір кезде бұл партияны бірінші президент Сапармұрда Ниязов, бертінде Гурбангулы Бердімұхамедов басқарған. Партия 2018 жылғы парламент сайлауында 44 пайыз дауыс жинады. Бұдан басқа елде тіркелген тағы да екі партия (өндірісшілер мен кәсіпкерлер партиясы, аграрлық партия) парламентке өткен.
Түркіменстан мәжілісіндегі партияға кірмейтін депутаттардың үлесі – 38 пайыз.
Түркіменстанда 2017 жылғы президент сайлауынан кейін жаңа үкімет құрамы бекіді. Үкіметті де өзі басқаратын президент Гурбангулы Бердімұхамедов министрлер кабинетін аса көп өзгерте қоймады.

 

ҚЫРҒЫЗСТАН

Қырғызстанда былтыр күздегі парламент сайлауынан кейін билік алмасты. Наразылықтан соң сайлау нәтижесі «жарамсыз» деп жарияланды. Ал қазан айында өкілеті аяқталуға тиісті Жогорку кенештегі билік партиясы - Социал-демократиялық партия 2015 жылғы сайлауда 26 пайыз дауыс жинаған. Қырғызстанда 200-ден астам саяси партия бар, соның ішінде алты партия парламентке өткен.
Қазан айында билік ауысқаннан кейін биыл 10 қаңтарда өткен президент сайлауында Садыр Жапаров жеңді. Осы күні басқару формасын өзгерту туралы референдумды қатар өткізген Қырғызстанда алда тағы да референдум болмақ. Жаңа конституция жобасы дауысқа салынбақ. Содан кейін парламент сайлауы өткізілмек.
Қырғызстан – Орталық Азияда «демократия аралы» аталып келген, президенті мен премьері жиі ауысатын бірден бір ел. Бұған қоса президенттік-парламенттік басқаруға 2010 жылы көшкен Қырғызстан сайлаушылары 10 қаңтардағы референдумда президенттік басқару формасына оралуға дауыс берді.

ТӘЖІКСТАН

Тәжікстанда былтыр пандемия тұсында екі бірдей сайлау өтті. Көктемдегі парламент сайлауында президент Эмомали Рахмон басқаратын халықтық-демократиялық партияның 50 пайыз дауыс жинағаны хабарланды. Елде тіркелген партиялардың ішінде тағы төрт (аграрлық партия, экономикалық реформа партиясы, демократиялық партия, социалистік партия) партия парламентке өткен. Тәжікстанда күздегі президент сайлауынан кейін де үкімет мүшелерінің көбі өзгерген жоқ. Премьер-министр Қаһир Расулзода да орнында қалды.

 

ПАНДЕМИЯ ПӘТУА БОЛА АЛА МА?

Орталық Азияда сайлау нәтижесі бұрмаланып, сайлауға қатысатындардың қойылым кейіпкері болуы – үнемі жалғасып келе жатқан құбылыс. Әр елдегі билік партиясының дауыс жинауында айырмашылық болғанымен, бұл бір елдің партиясынан екінші елдің партиясы артық, немесе кем дегенді білдірмейді. Парламентке өткен партиялардың өзі шынайы ойыншы емес. Олар биліктің батасымен сайлауға қатысып, имитация жасауды ғана біледі. Ортақ сипаты да осында.
Орталық Азияда қазірге дейін коронавирустан 4 мыңнан аса адам қаза тауып, 330 мыңнан аса адам пандемияға шалдыққан деп есептеледі. Түркіменстан елдегі коронавирус туралы ресми мәлімет таратпай отыр.
Аймақта пандемия мойындалған наурыз айынан бері қос-қостан сайлау өткізген ел үшеу. Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан. Процесс аяқталмаған Қырғызстанды есептемегенде, Қазақстан мен Тәжікстан парламентте де, үкіметте де айтарлықтай өзгеріс жасай алмады. Билік пандемиядағы қауқарсыздыққа жекелеген шенеуніктерді ғана кіналап, соларды жауапқа тартумен шектелмек. Электорат алдындағы жауапкершілік осымен шектелмейтінін түсіну үшін тағы да қанша жыл қажет болар екен?!