Мистика: Астаналықтар Көлгіновті таба алмай жүр

Malim Админ

  • 17.05.2020

Мистика: Астанадағы сол жағалаудың мыңға жуық тұрғыны қала әкімшілгіне қайта қайта телефон соғып, үсті-үстіне қағаз хат жазып, Алтай КӨЛГІНОВТІ іздеп таппай әлек. Жедел іздеу жұмыстары  онлайнда да жалғасып жатыр. Редакциямызға хабарласқан оқырман қала әкімі Алтай КӨЛГІНОВТІҢ қабылдауына онлайнда жазыла алмай жүргенін видеоға  түсіріп жіберіпті.

Видеодағы көріністі қысқаша сипаттасақ, астана тұрғыны қала әкімінің қабылдауына онлайн жазылу үшін egov.kz сайтына кіреді (бұл сайт –мемлекеттік қызметтер және ақпарат онлайнын қамтамасыз ететін  сайт).

Арнайы жерге аты-жөнін жазады. Одан кейін қала әкімі А. КӨЛГІНОВТІҢ қабылдауына деп жазылады. Одан кейінгі қызметте сайт жергілікті ЦОН-ды таңдауды бұйырады. Дәл осы ЦОН таңдайтын бағанда Нұр-Сұлтан қаласы жоқ. Қала тұрғыны әкімі бар, бірақ қаласы жоқ қаланың ЦОН-ын іздеп, шақшадай басы шарадай болады.

«Бұлар бізді мазақтап жүр» дейді ашулы тұрғын. Айтуынша, бір топ қала тұрғыны Алтай КӨЛГІНОВКЕ айтатын ортақ мәселелерін парламент мәжілісінің депутаты Павел КАЗАНЦЕВКЕ хатпен жазып та жіберіпті. Бұл депутат астанаға жат емес. Н.Назарбаевты сайлайтын кезде, одан кейін мәслихат және парламент сайлауларында «Нұр-Отан» партиясының қалалық сайлау штабтарын басқарған. Өзі де мәслихат депутаты болған. Түрлі кеңестердің мүшесі. Астананың мәселесін, бас ауруын бес саусағындай білетіндей маман. Елдің сөзін сөйлеп, жағдайын ойлайды деген парламенттегі осы депутатқа бір топ астаналықтар бірігіп хат жазып, қол қойып жіберген екен.

Депутат орысша айтсақ, молодец, үнсіз қалмаған. Тұрғындарға, яғни, өзінің сайлаушыларына жауап хат жіберіпті.  Бірақ, әлгі хатта бір ауыз сөз жоқ. Бос парақ! Тұрғындар,  дұрысын айтқанда сайлаушылар депутаттың бұл әрекетін қалай түсінерін білмей дал боп отыр екен. Казанцев айтарға сөзім жоқ деген бе? Әлде, тып-тыныш жайларыңа жүр дегені ме?

 

Шындығына келгенде, тұрғындардың айтар мәселесі өте күрделі. Қала әкімін таба алмаған соң, өздері сайлаған депутаттан әлгіндей мазақ жауап алған соң олар Facebook әлеуметтік желісіне талаптарын жазып жатыр.

«Қымбатты қала тұрғындары карантин аяқталған соң көпшілігіңіз қайтадан ақысы қымбат үйірмелер мен оң жағалаудағы оқушылар сарайына балаларыңызды тасый бастайсыздар. Ол жаққа жеткенше жол кетпелісінен бала шаршайды, үйірмелер көп ақшаға шығындайды және бала тасуға бар уақытыңызды рәсуа етесіз. Сол жағалауда бала дамыту орталығының жоқтығы өте күрделі мәселе.  Дегенмен, бұл мәселенің шешімі бар. Сығанақ және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысында №59 мектепке жақын жерде көп жылдан бері бос жатқан жер тұр. Есіл ауданының тұрғындары осы жерге оқушылар сарайын салуға, қала тұрғындары дем алатын саябақ ашуға ұсынады» дейді әлгі жазбада.

Астананың дәл кіндігіндегі, Ақорда, Парламент, Үкіметке жақын үйлердің тұрғындары ені мен ұзындығы 300 метрлік алқапқа ең биігі 24 қабат болатын 18 тұрғын үй кешенінің салынбағына қатты алаңдайды. Алаңдайтын себебі, расын айтқанда қазір сол жағалауда жеңіл көлік қоятын жерді айтпағанда кішкентай бала ойнайтын алаң қалмаған. Онсыз да тар жерде машинаның көптігінен аулада жүру қауіп-қатерге айналған. Сарыарқаның самал желі тұрмақ, ақ дүлей боранының өзі иық тірескен биік үйлерден өте алмайтын болған. Соның әсерінен сол жағалаудың ауасы қысы-жазы иістеніп тұр.

«Ең маңыздысы – осы аудандағы жалғыз мектепте (№59) ине шаншыр жердің жоқтығы. 1200 оқушыға деп жоспарланған мектепте қазір үш аусыммен (!) 4 мың (!) оқушы білім алып жатыр. Білім алып деуге де келмейді. Өйткені, бір сыныпта 40 оқушы отыр. Білім сапасы өте төмен. Ата-аналар балаларына мектептен кейін репетитор жалдап жүр. Бұл балаға да, ата-анаға да өте ауыр салмақ.  Мектептегі киім ілгіш алаңы сыныпқа айналған. Спорт залда бір мезетте 40 бала жаттығады. Құдай басқа салмасын, бұл мектепте өрт шығатын болса, арты қалай боларын ойлаудың өзі қорқынышты. Шенеуніктер әрине, алдағы жылдары мектеп жүктемесін жеңілдетпекке уәде беріп жүр. Бірақ, сол жағалауда бос тұрған соңғы алаңқайға 24 қабатты 18 тұрғын үй кешенін салып тастаса, аудандағы жалғыз №59 мектептегі оқушылар саны қалай азаймақ!» дейді.

Талап жазушы тұрғындардың болжамды есебіне көңіл аударсақ, BI Group компаниясы салмақ тұрғын үй кешенінде кемінде 1200 пәтер бар. Орта есеппен әр пәтерден 2 бала деп есептегенде 2400 бала мектеп пен балабақшадан орын сұрап тұр. Яғни, осы тұрғын үйге жапсарласып 500 орындық мектеп саламыз деген BI Group компаниясының көңіл жұбатар сөзі ауданда қалыптасқан мәселені шешпейді, қайта, одан әрі ушықтыра түседі. Сосын, тұрғындар  «BI Group-тің 500 орындық мектебі білімді тегін бере ме, әлде, ақшаға бере ме?» дегендей орынды сұрақ қойып отыр.

«Талай мәрте зардап шеккен қасиетті Конституциямыз әзірге қоршаған ортан қорғау, адам денсаулығы мен өміріне тиімді жағдай жасауға кепілдік береді» деген тұрғындар өздері сауалнама жүргізіп көріпті. ЭКСПО, Қосшы аудандарының тұрғындары  Сығанақ және Қабанбай батыр көшелерінің қиылысына оқушылар сарайын салуға құп көріп отыр. Себебі, өздеріне өте ыңғайлы әрі пайдалы.

«Жекелеген олигархтар мен шенеуніктердің мүддесі қала тұрғындарының қалауынан артық болмауы керек. Қала тұрғындары салық төлеп отыр. Салық төлеуші ретінде әлеуметтік инфраструктураның тұрғындар үшін оңды болуына,  ауа тазалығын, сапалы білім, отбасы және балаға қолайлы жағдайды талап етуга қақылы» дейді әлгі талапта.

Өстіп күшеніп отырған астаналықтар онлайнда таба алмаған қала әкімі Алтай КӨЛГІНОВТІ 18 мамыр күні кешкі сағат 19:30 да ашық әңгімеге аулаларына шақырып отыр. Әкімді жекпе-жекке шақырушылар маска киіп келетіндеріне, жиында әлеуметтік қашықтықты сақтауға және коронавирус таратпауға уәде беріп отыр.

Жалпы, астана астана болғалы бұл қалада тұрғындар өтінішімен ештеңе салынған емес. Мәселен, тұрғындары мектеп пен бала ойнайтын ашық алаң таппай, улардай шулап отырған Есіл ауданында спорт сарайлары мен сауда орталықтары өте көп. Осы сарайларды салуға тұрғындар өтініш берген емес. Ал жақында ғана қала әкімдігі «Астана-Арена» футбол стадионын, «Барыс Арена» және «Алау» кешендерін сенімді басқарудағы сатылымға шығарды. Оның себебі айтпаса да түсінікті, қала әкімдігіне, мемлекетке бұл ғимараттарды ұстап тұру қып-қызыл шығын. Ал ол шығын салық төлеуші қала тұрғындарының мойнында боп келді. Осындай жүкті арқалап келген қала тұрғындары енді тұңғыш рет осы ауданда бос жатқан соңғы алаңқайға мектеп салып беріңдер деп талап қойып жатыр. Президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ халықты еститін мемлекет құрамыз деп еді, қала әкімі Алтай КӨЛГІНОВ пен бос қағазбен жауап бергіш Павел КАЗАНЦЕВ астаналықтардың осы шағын да шоң өтініштерін ести ме? Айтпақшы, халықтың дауысын естігісі келетін мемлекет басшысы  Қ.Тоқаевтың құлағына тұрғындардың осы талаптары жете ме?

Халықтың 125 миллион теңгесін әлеуметтік желіде өзінің қызу жұмысын мақтап, пікір жазғыштарға бөле салатын ("Время" газетінің жазуынша) Алтай КӨЛГІНОВ қала тұрғындарының шақыртуын қабыл алып, ертеңгі кездесуге келе ме? Әлде, жалдамалы мақтау жазғыштары арқылы тыным таппай еңбек етіп жүргенін паш етіп, президент Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ тілін алмай, тұрғындар сөзін естиімей  отыра бере ме?

фото liter.kz

Байланысты жаналықтар

Алтай Көлгінов жаңа қызметке тағайындалды

27.03.2024

БҚО әкімінің экс-орынбасары Балтаев жемқорлықпен ұсталды  

08.08.2023

А.Көлгінов: Өз кәсібін ашқысы келетіндерге 50 млрд теңге бөлінді

23.12.2022

Көлгінов көш басында. Қазақстанның ең лас қалалары

05.10.2022

Цой отставкаға кетсін – наразы топ

25.10.2021

2023 жылы астана толық газдандырылады

06.10.2021
MalimBlocks
Алтай Көлгінов жаңа қызметке тағайындалды

БҚО әкімінің экс-орынбасары Балтаев жемқорлықпен ұсталды  

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты тергеуді аяқтады.

А.Көлгінов: Өз кәсібін ашқысы келетіндерге 50 млрд теңге бөлінді

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру жобасы елге кең көлемде  таратылатын болады.

Көлгінов көш басында. Қазақстанның ең лас қалалары

Бір апталық зерттеу аясында ауасы ең таза қалалар тізімі де жасалды.

Цой отставкаға кетсін – наразы топ

Еңбек министрлігі алдында он шақты адам шерулетіп, мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақыны екі есе артыруды талап етуде. Бұл туралы Malim.kz тілшісі хабарлайды.

2023 жылы астана толық газдандырылады