АҚШ президенті Дональд Трамп 60 сауда серіктесінен импортталатын тауарларға жаңа кедендік баж салығын енгізу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz. Reuters, Guardian ақпаратына сүйене отырып.
Жаңа тәртіп 24 шілдеден бастап күшіне енді және мерзімі аяқталған уақытша 10 пайыздық тарифтердің орнына қолданылады. Ақ үй бұл қадамды мәжбүрлі еңбекпен өндірілген өнімдерге қарсы күрес және америкалық өндірушілерді қорғау шарасы деп түсіндірді.
Жаңа ережеге сәйкес, мәжбүрлі еңбекке қарсы заңнаманы енгізген немесе тиісті міндеттемелер қабылдаған елдердің көпшілігі үшін 10 пайыздық тариф сақталады. Ал мұндай талаптарды жеткілікті деңгейде орындамаған мемлекеттерге 12,5 пайыздық баж салығы белгіленді. Бұл шешім Еуроодақ, Қытай, Канада, Мексика, Ұлыбритания, Үндістан, Австралия, Бразилия және басқа да ірі сауда серіктестерін қамтиды.
АҚШ әкімшілігінің мәлімдеуінше, жаңа тарифтер әлемдік импорттың шамамен 99 пайызын қамтитын 60 экономикаға қатысты енгізілген. Сонымен қатар мұнай, табиғи газ, тыңайтқыш, азық-түлік және АҚШ-пен жасалған жекелеген сауда келісімдері аясындағы кейбір тауарлар бұл талаптан босатылды. Экономистер жаңа шаралар халықаралық саудаға, жеткізу тізбектеріне және әлемдік бағаға ықпал етуі мүмкін екенін айтады.
Құжатта Қазақстан да АҚШ тексерген 60 экономиканың қатарына енгізілген. Ақ үйдің шешіміне сәйкес, Қазақстаннан АҚШ-қа импортталатын тауарларға 12,5 пайыздық кедендік баж салығы қолданылады. Бұл мөлшерлеме жеңілдетілген 10 пайыздық санатқа кірмеген елдерге белгіленген.