Атырауда Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты резонансты іс бойынша сот процесі өтіп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Қылмыстық іс бойынша Сұлтан Сәрсемәлиев күдікті ретінде жауапқа тартылып отыр. Тергеу мәліметінше, ол өзіне тағылған айыпқа қатысты түсініктеме берген.
Істі тергеген Атырау облысы полиция департаменті тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға тергеушісі Темірхан Қажымұратов сот барысында күдіктінің ізіне қалай түскендерін баяндады.
Оның айтуынша, тергеу аясында 40-тан астам адамнан жауап алынған. Олардың қатарында марқұмдардың туыстары, көршілері және іске қатысы болуы мүмкін өзге азаматтар бар.
Алғашында ерлі-зайыпты із-түзсіз жоғалғандар ретінде тіркелген. Кейін тергеушілер олардың банк есепшоттарындағы ақша қозғалысын тексеріп, қаражаттың қай бағытта жұмсалғанын анықтауға кіріскен.
Тергеу барысында күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің есепшотына ақша аударымдары жасалғаны белгілі болған. Бұдан бөлек, отбасын ауылға жеткізген такси жүргізушісі де анықталған. Тергеушінің сөзінше, ол өткен жылдың қараша айында ерлі-зайыпты мен олардың баласын апарған, ал кері қайтар жолда көлікте Мейрамгүл Мұқанғалиева болған.
Қазір сотта істің барлық мән-жайы қаралып жатыр. Күдіктінің әрекетіне құқықтық бағаны сот береді.