Саудиялық астроном Халид әз-Зәкака 2030 жылы мұсылмандар бір жыл ішінде екі мәрте Рамазан айын қарсы алатынын мәлімдеді. Бұл туралы бірқатар исламдық ақпарат көздері хабарлаған, деп жазады Malim.kz.
Мұндай құбылыс ислам күнтізбесінің ай қозғалысына негізделіп есептелуімен байланысты. Хижра жыл санауы 354 немесе 355 күнге созылады. Ал григориан күнтізбесі Күннің Жерді айналу цикліне сүйеніп, 365 күнмен өлшенеді. Осы айырмашылықтың салдарынан Рамазан айы жыл сайын шамамен 10-11 күнге ертерек жылжып отырады. Соның нәтижесінде әр 30-33 жыл сайын бір григориан жылында екі Рамазан айы сәйкес келуі мүмкін.
Тарихта мұндай жағдай 1965 және 1997 жылдары орын алған. Ал келесі рет бұл құбылыс 2030 жылы байқалмақ. Одан кейінгі екі Рамазан бір жылға тұспа-тұс келетін кезең 2063 жылға сәйкес келеді.
Алдын ала есептеулер бойынша, хижраның 1451 жылы Рамазан 2030 жылдың қаңтар айының басында басталады. Ал келесі хижра жылы – 1452 жылдың Рамазаны сол жылдың желтоқсан айының соңында кіреді. Осылайша, 2030 жылы мұсылмандар григориан күнтізбесі бойынша екі рет ораза ұстайды.
Бұл жағдайда бір Рамазан толық 30 күнге созылса, екіншісінің бірнеше күні сол жылға тиесілі болады. Жалпы алғанда, 2030 жылы шамамен 36 күнге жуық ораза ұстау мүмкіндігі туындайды.
Оразаның тарихы мен ерекшелігі
Ораза ұстау мұсылмандарға хижраның екінші жылында парыз етілген. Қасиетті Құрандағы "Бақара" сүресінің 183-аятында иман келтіргендерге ораза ұстау міндеттелгені айтылған. Ислам дәстүрінде бұрынғы пайғамбарлар да түрлі нәпіл оразалар ұстағаны баяндалады. Мысалы, Дәуіт пайғамбар екі күн сайын, Ибраһим пайғамбар айына үш күн ораза ұстаған деген деректер бар.
Мұсылман оразасының ерекшелігінің бірі – сәресі ішу дәстүрі. Сонымен қатар, адам ораза кезінде ұмытшақтықпен бірдеңе жеп немесе ішіп қойса, оның оразасы бұзылмайды деп есептеледі.
Пайғамбар Мұхаммед (с.ғ.с.) көзі тірісінде тоғыз Рамазан айын өткізген. Орташа есеппен 70 жыл өмір сүрген мұсылман адам шамамен 57 рет Рамазан оразасын ұстайды. Бұл шамамен 1710 күнге, яғни төрт жылдан астам уақытқа тең.
Айта кетейік, географиялық орналасуға байланысты ораза уақыты да әртүрлі болады. Мысалы, солтүстік елдерде күн ұзақ болғандықтан ораза уақыты да ұзарады, ал кейбір оңтүстік аймақтарда салыстырмалы түрде қысқарақ болады.