Актер Кененбай Қожабековке жауыздық жасаған кім?

Осыдан кейін Нұрмұхан Жантөрин екеуі мүлдем араласпай кеткен

Олжас Қасым

  • 09.08.2023

Халық әртісі, айтулы актер Кененбай Қожабеков айналасы қызыға, тіпті көбірек қызғана қарайтын өнерпаз болды.  Алғаш рет «Аласталған Алитет» фильмінде Аэ болып ел назарын аударғаны жадымызда. Училищеде оқып жүрген жерінен атақты кинорежиссер Марк Донской осы рөлге жанып тұрған жалынды жастар арасынан таңдап алған. Содан кейін «Біз Жетісуданбыз» фильмінде Нартай образында асау арғымаққа екінші қабаттан қабыландай атылып мінетін қайраттылығы, «Шабандоз қыздағы» күш-қуаты асып-тасып тұрған Айдар рөлі қалың көпшіліктің таңдайын қақтырмай қоймады. Лезде Алматыдағы республикалық балалар мен жасөспірімдер театрына орналасып, қатардағы кейіпкерлерді емес, басты рөлдерді сомдай бастаған-ды. Сахна өнерінің қызығына берілген ол   Әуезов есімін алған драма театрға ауысқалы жүрген еді. Театрға режиссер болып келіп жатқан Әзірбайжан Мәмбетов Қожабековті Шоқанды ойнауға қолқа салған. «Ревизордағы» Хлестаковті саған тапсырамын» дейді. Одан қалды, Гамлетті, Ибсеннің кейіпкерлерін сахнаға шығаруды  ойлап жүрген уақыты. Құнанбай образы да күні-түні есінен шықпай жүрген кезең.  Алайда, өзі айтпақшы «опасыздықтың зардабы» оны орға жығады.   

Кененбай Қожабековті достары Жантөрин мен Ноғайбаев сатып кетті ме?  

1960 жылдың 10 қаңтарынан  Кененбай Қожабековтің қасіретті күндері басталғаны белгілі.  Осы бір оқиға жөнінде мардымды дерек айтылмайды.  Актер сол уақытта ТЮЗ-да болатын премьерада басты рөлді сомдамақшы болып, дайындыққа барып жүрген.  Қасында достары санайтын Ыдырыс Ноғайбаев пен Нұрмұхан Жантөрин  болған.  Өмірін күрт өзгерткен қаңтардың қайғылы түнін Кененбай Қожабеков «Қазақстан пионері» газетінің тілшісі Өміртай Бөриевке  былай баяндап кеткен. 

 «... Театрдағы репетицияға кешкісін асығып бара жатыр едік. Қасымда екі талантты досым бар. Олар қазір өсіп, атақты артистер болып кетті. Театрға бір көше қалғанда, қараңдаған қара қарғадай бір топ қараңғы бұрышта бізді қоршап алды. Қасымдағы досымның біреуіне қол жұмсап үлгерді. Арашаға мен түстім. Кенет бір опасыз оңбаған арт жағымнан, омыртқа тұсымнан пышақ сұқты. Бар дүние астаң-кестең, қара аспан түнек боп, құлап түстім. Әлден соң көзімді ашсам, жанымда ешкім жоқ...». 

Әріптесі болған Тамара Қосыбаева естелігінде:  «Біз кешкі репетицияға келдік.  Келсем, Кененбай жоқ. Әрі тосамыз, бері тосамыз, содан хабар келді. Ішіп алған балалар   Нұрмұханнан темекі сұрапты. Нұрмұхан мінезді. Сол бірдеңе деген. Шекісіп қалғаннан кейін Кененбайдың арқасынан  темірменен жарақаттаған»,- деп мән жайды өзінше мәлімдеген.   Жауыздардың сілтеген пышағы Кененбайдың жұлынын жарақаттап, омыртқасына зақым келтіріп қоймай, оның асқақ армандарының да қанатын қиып түсті. Қансырап қалған актерге Ноғайбаев жедел жәрдем көлігін шақырған деген әңгіме бар.     

Актердің ұлы Ілияс Қожабеков  осы жағдайдан кейін қоян-қолтық араласып жүрген Нұрмұхан Жантөрин екеуі мүлдем араласпай кеткенін айтады.  «Олардың ортасында не болғаны туралы бірдеңе дей қою қиын. Әйтеуір араларында бір үлкен қамал тұрғандай болды. Екеуі де сол қамалды бұзып өткілері келді. Бірақ, олай болмады»,-дейді. 

Кененбай Қожабеков пен Ыдырыс Ноғайбаев фильм түсірілімінде  

Кененбай Қожабековті министрдің ұлы  пышақтаған      

Ұлының  мәлімдеуінше,  бұл алдын ала жоспарланған жағдай. «Әңгіме де, ерегес те жоспар бойынша жүрген. Алдымен жанжал орын алып, сосын суық қару қолданылады».   Осы қайғылы оқиғадан соң сот болады. Алайда, кінәлілер толық анықталмай, процесс ұзаққа созылады. Ақыры нәтижесіз тынады.   

«Әкемді мүгедек қылған сол кездегі Қазақстанның белгілі министрінің баласы. Көбі шартты жаза алды.  Арасындағы қарапайым отбасынан шыққан Иванов деген жігіт қана бар кінәні өз мойнына алды.  2 жарым жылға сотталды. Бірақ,  шамамен екі жылдың ішінде мерзімінен бұрын босатылды.»,-дейді І.Қожабеков.  

Ілияс әкесін пышақтаған кінәлі адамды «сол кездегі белгілі министрдің баласы» деп толық айтпағанмен,  актер, киносценарист,   Қожабековпен «Менің атым - Қожа» фильміне бірге түскен Нұрлан Санжар Кененбайға  пышақ сілтеген жігіт сол кездегі Сауда министрінің ұлы деді» деп қанды қылмыстың бір ұшын шығарғандай болады.   Уикипедия ашық энциклопедиясына жүгінсек, 1957-1962 жылдары Қазақ КСР Сауда министрлігін Рымбек Ілияшев басқарып тұрған. Рымбектің төрт ұлы бар екені мәлім.  Демек, атақты актерді жол ортада майып қылған Ілияшевтің ұлдары болуы мүмкін. Қасындағылары да үлкен қызметтегі біреулердің балалары деседі. Ол кезде шенеуніктің аты жер жарып тұрған.  Қылмыстың ашылмай қалуына Ілияшев тосқауыл жасауы да ықтимал.

Біздің топшылауымызша, оқиға өнердегі қызғаныштың, көреалмастықтың кесірінен туындауы да кәдік. Бір қызығы, кітаптардан, естеліктерден Ыдырыс Ноғайбаевтың немесе Нұрмұхан Жантөриннің Кененбай Қожабековке қарата  айтқан пікірін  ұшыратпаймыз.  Қожабеков те сұхбаттарында оқыс оқиғаға тап болған екі досы жөнінде жұмған аузын ашпайды.  Бірақ, жансебіл жан кінәлілерді сол беті індетіп іздеуді жөн көрмегенге ұқсайды. Бірақ жарықтық  үнемі «Менен қарағанда оларға қиын болады» деп қайталап өтіпті. Кім туралы айтты екен?!   Кененбай Қожабеков қайтыс болған кезде   актер Нұрмұхан Жантөрин  қатты қайғырған деседі.   Сол «қаралы қаңтардан» кейін төсекке таңылған Кененбайды сүйіп қосылған жары да тастап, бөлек кетіпті. Қызмет етіп жүрген театры да бірден жұмыстан шығарады.  Қайсар әке ұлы мен қызын өле-өлгенше өзі бақты. Тек достары Нұрғиса Тілендиев, Сұлтан Қожықов, Абдолла Қарсақбаевтар актердің мүгедектігіне қарамай, киноға түсіріп, қолдан келген көмегін аямаған.  Кененбай Молданұлының арман-үмітін қиратып,  28 жыл бойы мүгедектер арбасына таңылуына себепкер болған  жайттың ақиқатын  қалай дегенмен де құшақтары ажыраған үшеу өзімен бірге алып кеткені анық.          

Байланысты жаналықтар

Бүгін – Қалибек Қуанышбаевтың туған күні

25.04.2024

Жыл басынан бері ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін 6 қылмыстық іс қозғалды – ІІМ

17.04.2024

Қарағанды облысында балаларын өлтірді деген күдікті әйел ұсталды

05.04.2024

Бишімбаевтің інісі: Қылмыс жасадым ба, білмеймін

27.03.2024

Бишімбаевтың адвокаттары қылмыс болған жерде тергеу экспериментін жүргізуді талап етті

12.03.2024

Тоқаев Ішкі істер министрін қабылдады

06.03.2024
MalimBlocks
Бүгін – Қалибек Қуанышбаевтың туған күні

1937 жылдан көркем фильмдерге түсіп, қазақтың ұлттық кино өнерін дамытуға мол үлес қосқан.

Жыл басынан бері ұлттық алауыздықты қоздырғаны үшін 6 қылмыстық іс қозғалды – ІІМ

Көрсетілген құқық бұзушылықтар үшін ҚР Қылмыстық кодексінде қылмыстық жауаптылық шаралары көзделген.

Қарағанды облысында балаларын өлтірді деген күдікті әйел ұсталды

Тергеу жүргізіліп жатыр.

Бишімбаевтің інісі: Қылмыс жасадым ба, білмеймін

Бүгін Бақытжан Байжанов та Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты өзіне тағылған айыпқа жауап берді.

Бишімбаевтың адвокаттары қылмыс болған жерде тергеу экспериментін жүргізуді талап етті

Тоқаев Ішкі істер министрін қабылдады

Ержан Сәденов кезектен тыс аттестаттациялауға дайындық барысы айтты.