Елімізге Ираннан 53 қандас қоныс аударды
Бүгін Ираннан Қазақстанға 20 отбасы қоныс аударды деп хабарлайды Malim.kz

Бүгін Ираннан Қазақстанға 20 отбасы қоныс аударды деп хабарлайды Malim.kz
Иранда туып, сол жерде өскен этникалық қазақтардың көші Маңғыстауға аялдады. Енді құжат мәселесі реттелген соң олар астанаға аттанады. Кейін көші-қон бағдарламасы арқылы Солтүстік Қазақстан облысына қоныстандырылады. Бұл биыл Маңғыстауға сырттан келген үшінші көш. Бұған дейін көршілес Түркіменстан Республикасынан ақпан және мамыр айларында 409 адам оралған болатын. Иранның Горган қаласынан келген 53 адам келсе, оның жиырма бесі балалар. Тарихи атамекеніне келгендердің бірі Хадиша Адай. Ол атамекенге біржола оралған сәтінде қуанышын жасыра алмады.
«Түркіменстанда тудым. Жұмыс бабы бойынша Иранның Божнурд қаласында 22 жыл тұрдым. Бүгін туған әпкем, қызым, туыстарыммен бірге атамекенге келіп жатырмыз. Өте қуаныштымыз», - дейді ол.
«Иранның Горган деген қаласынан 35 шақырым жерде Түркімен деген ауыл бар. Түркімен ауылында отыз жылдан астам уақыт тұрдық. Сонда оқып, білім алдық. Жақын туыстарым Қазақстанға оралған соң мен де ағайын-туыстың қасында болуды ойладым. Енді міне, төрт баламды атамекеніне әкеліп отырмын. Кішкентайынан ана тілінде сөйлеп, тарихын танып, елі үшін еңбек етсе деймін», - дейді ираннан оралған Неджип Қазақ.
Қазақстанға оралғандардың бірі көп ағайынды Жаңыл Қазақ. Оның ағайындарының жартысынан көбі елге қоныс аударған. Бүгін ол ағайындарымен қауышқан жайы бар.
«Менің анам 16 құрсақ көтерген. Өзім үйде үшінші баламын, ал інім - үйдің кенжесі. Інімнің отбасымен бірге Қазақстанған аман-есен келгеніме қуаныштымын. Қазір тоғыз ағайынның басы қосылды. Иранда туған бес бауырым қалды, - дейді Жаңыл Қазақ.
Айтпақшы, Ираннан елге келген көш ҚР Сыртқы істер министрлігі, ҚР Ирандағы Елшілігі мен «Отандастар Қоры», Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің қолға алуымен ұйымдастырылып отыр.
Жанкелді Қаржан, фото Талант Құсайын, Ақтау қаласы
Байланысты жаналықтар
MalimBlocks
Каспий итбалығының тағдыры: Балықшылар, мұнайшылар, емшілер және жүкті әйелдер
Каспий итбалығы – Қазақстанды мекен еткен теңіздегі жалғыз сүтқоректі жануар. Кезінде жануардың терісі мен майы бағалы болғандықтан, есепсіз қырылған. 2008 жылы жоғалып кетуі мүмкін жануар ретінде Халықаралық табиғатты қорғау ұйымының тізіміне енсе, 2020 жылдан бері Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Malim Media санаулы қалған Каспий итбалығының сақтау үшін Қазақстан билігі қандай шара қолданып жатқанын зерттеп көрді.