Том-том жарысты кім тияр?

Ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді

Malim Админ

  • 21.10.2024

Жазушы еңбегі қашанда сапасымен бағаланады. Оны анықтауды небір сөз зергерлері, сыншылары мен әдебиеттанушы ғалымдар көрсеткен. Дүниеден өткен талай жақсылар мен жайсаңдар әдеби дәстүрдің негізін қалап кетті. Халықтық мұраға адалдығын сақтап келе жатқан аға буын өкілдері қазір де бар, талантты жастар легі өсіп-жетіліп келеді. 

Көзіқарақты оқырман ұлт ақын-жазушыларын жақсы біледі, оқиды, құрмет тұтады. Әсіресе, дүниеден озған айтулы қаламгерлердің мұрасын лайықты құнттап, жарыққа шығаруда артында қалған іздеушілері ыждағат танытып жатса, нұр үстіне нұр. 

Қазір жарыққа шығып жатқан кітаптарға қоғамның қызығушылығы кемдеу көрінеді. Оның насихаты да керемет дей алмаймыз. Бәлкім, мұның біз білмейтін себептері бар шығар. Дегенмен ой бөліскен артық болмас.

Біріншіден, нарық заманында жазушыға, баспагерге, кітап сатушыға ешкім нарық заңын үйретпеді. Өркениетті әлемде оның түрлі амал-тәсілдері іске қосылып, жолға қойылған. 

Екіншіден, авторлық құқықты қорғау саласы да нарықтық қатынастан бойын аулақ салды. Өзімен өзі әуре, алдына келген жекелеген шығармашыл адамның талап-тілегін ғана қарайды. Оңтайлы жүйесі қалыптаспады. Талқыланып жатқан Салық кодексі жобасында авторлық құқық саласы, баспа ісі, әлеуметтік маңызы бар әдебиетті басып шығару, сату, тарату жайы ескерілуге тиіс деп ойлаймыз.

Ал, ептілер жазушы еңбегін әділ бағалаудан гөрі ебін тауып екі асағаннан аса алмай келеді. Оның бер жағында жекелеген қаламгерлер мемлекет есебінен де, қалтасы қалың демеуші қолдауымен де жыл құрғатпай немесе жылына бірнеше кітап шығаратын болды. Ал, кітап сапасына, мазмұнына, полиграфиялық мәдениетіне қатысты сын атымен жоқ. Тек қолпаштау, белгілі ортада ғана жалаң жарнама жасау бар. Қалың оқырманның қалауын, пікірін ескеру, әдебиетсүйер қауым ортасында талқыға салу енжар күйде. Осындайда талантты, дарынды жастар бұйығып, іштей тынып жатады. Өйткені, бірдеңе дейін десе, “Байдың асын қызғанатын байғұс” болып шыға келетінін біледі. Қаламгер қауымы кітап шығару ісін тауар өндіру деп ұғатын серіктес ұйымдарға сене қоймайды.

Мұндайда мерейлі жасына орай шығармаларының таңдамалы жинағын әзірлеумен әуреге түсетін аға буын өкілдерінен де қайран жоқ. Олардың көздеген бар мақсаты әрі арманы - әр жылдарда жазған-сызғанын топтастырып, том саны жөнінен өзгелерден озу. Осыған байланысты сөз зергері Ғабит МҮСІРЕПОВ:

“Қай ақын-жазушының болса да жылдар өтуіне байланысты, оқушының талап-талғамы, мәдениеті, білімі өсуіне байланысты мазмұндық нәрі сұйыла бастаған, көркемдік ажары оңа бастаған шығармалары болуы мүмкін. Мүмкін ғана емес, болған, бар, болады. Сондай ескірген еңбектері барын жұрттан бұрын жазушының өзі сезінетін сияқты. Кезінде белгілі дәрежеде маңызды болғанымен енді ескіре бастаса ондай шығармаларын баспаға ұсына беруге жазушының өзі тоқтам салса қандай игі мінез болар еді деймін” деп жазғаны мәлім.

Өзінің 80-жылдығына орай шығарған таңдамалы үш томдығы -  әдебиет классигінің кейінгіге қалдырған өнегісі. Осы үлгіні қалам ұстаған қауым ескерсе артық па?

Сондай-ақ, француз жазушысы, “Философиялық хаттар” еңбегінің авторы Франсуа-Мари ВОЛЬТЕР:

“Жазушының оқуға арзитын ғана туындысын басу керек. Бұл аяулы ереже кітаптың санын азайтқанмен, оқушылардың талғамын арттыра түскен болар еді” деген екен.

Шындығында, қазір дүкен сөрелері әр түрлі тақырыптағы, тілдегі бірегей, төлтума, аударма кітаптарға толы. Қаз-қатар тізіліп тұр. Арасында бұрын жарық көрген және қайта басылған туындылар да баршылық. Саны да аз емес, оларды әр адам ой-өрісіне, білім көкжиегіне шақтап таңдайды, ал сапасын бағалау үшін оқып, танысу керек. Енді сұрақ туады: бізге елдің, оқырманның талғамын арттыру маңызды ма, жоқ "болмаса, бордай тозсын" деу  маңызды ма? 

Әлем тәжірибесі мен өзіміздің өткенімізге қарасақ, талап пен талғам артқанда ғана ұлттың сапасы өскен екен. Талғамсыздық белең алғанда жұртқа күлкі болыппыз. Қазір де қалталылар жоқ емес, кейбіреуі дерегі аз, күмәнді дүниені том-том етіп, әдемі безендіріп той-томалақта үлестіріп, өзін де, өзгені де адастырып жүр. Бұған не дерсіз?

Таяуда марқұм болған бір кісінің 10 томдық жинағын көрдік. 8 томы - ол кісі қызмет істегенде қабылданған түрлі ұжымдық құжаттар, ережелер, бағдарламалар, нұсқаулықтар, іс-шара жоспарлары, келісім шарттың даяр үлгілері. Егер авторда, соңындағы жоқтаушыларында осындай мақтангершілік, талғамсыздық болса, мұны қалай тиямыз?

Осы тұста ойланайық: бұл азамат санасына өзінше том-том кітап шығару қайдан келді? Әрине, ол атақтысы бар, атақсызы бар, таланттысы бар, талантсызы бар ақын-жазушылардың жарыса том-том кітап шығарып жатқан дүрмегіне ілескісі келді. Бұл - бір жағынан психологиядағы күрделі комплекс. Абай айтқандай, 
"Өзіңде бармен көзге ұрып, Артылам деме өзгеден. Күндестігін қоздырып, 
Азапқа қалма езбеден...". Осының кері. Екінші жағынан, ақын-жазушыға жадағай "пародия". Бұлар - көп томшылардың көлеңкесі. 

Қалай дегенде мұндай масқараны тоқтататын - сала жауапкершілігі, қоғам сергектігі, ақын-жазушының талғам-таразысы. 

Дархан МЫҢБАЙ, журналист, қоғам қайраткері

Фото: green-apple.kz

Байланысты жаналықтар

Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

15.11.2024

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

13.11.2024

Кітап оқудың парқы

04.11.2024

Жаңа роман жарық көрді 

30.10.2024

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

24.10.2024

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов

24.09.2024
MalimBlocks
Астанада Герольд Бельгердің жаңа кітаптары таныстырылды

Кітаптар еліміздің кітапханаларына таратылады

Қазақстанның мәдениет және өнер қайраткерлері президентке хат жазды

Кітап оқудың парқы

Кітап адамды ой түзуге үйретіп, мейірімділікке шақырады. Көзді ашады, оқығанды жақындастырады. Білгенімізге жаңа білім қосып, жадты жаңғыртуға көмектеседі.

Жаңа роман жарық көрді 

Шымкентте республика күніне арналған іс-шара өтті

Халық қаһарманы Қасым Қайсенов