«Түрмеде күйеулеріміз тамырларын кесіп жатыр»
Қызылордада облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің алдына оннан аса әйел наразылық білдірді. Түрмеде жатқан күйеуіміз өз-өздеріне қол жұмсап жатыр дейді.
Қызылорда қаласында ЗК 169/5 мекемесінде жазасын өтеп жатқандар туысқандарымен кездеспегелі жылға жуық уақыт болыпты. Сотталғандардың туыстары түрме басшылары жазасын өтеушілермен тіпті, скайп арқылы байланыстыруға да мүмкіндік бермейді дейді. Ең сұмдығы ұзақ мерзімді кездесу ұйымдастырмады деп түрмеде отырғандардың арасында өз тамырын кесіп наразылық білдіргендер бар екен. Бүгін түрмеде отырғандардың бірінің анасы, бірінің жұбайы ашынып, жауапты департаменттің алдына жиналды.
Қатты аязда дірдектеген жандарды бастапқыда мекеме қызметкерлері ғимаратқа кіргізбей далада ұзақ ұстады.Карантин басталғалы сотталғандармен қауыша алмаған туыстары түрме басшылары кездесуге рұқсат сұрасақ, алдымен ПТР тесттің қорытындысын сұрайды дейді. Ал тест қорытындысын апарғанның өзінде әр нәрсені сылтауратып ішке кіргізбейді екен.
«Екі қабат келіншек тапсырып келді, поликлиникадан. Оны жарамайды деп, кіргізбей жіберді. Бізде қаншама аналар бар, балалар бар. Соған ұзақ мерзімдегі "свиданкаға" кіріп, ас-суын беріп, бауырымызға қысып, екі күн қасында болғанымызды қалаймыз», - дейді жазасын өтеушінің жұбайы Ақбота ПЕРНЕБАЕВА.
«Төрт баламның әкесі Асқар Әбуов жазасын өтеп жатыр. Біреулерден тамырын кескен деп естідім. Бұл ақпараттың анық-қанығын біле алмай сандалып жүрмін», - дейді Нұргүл АЗЕНОВА.
Департамент басшысы карантин уақытында тек Қызылордада емес, республика бойынша қылмыскерлердің жазасын өтеу мекемелерінде ұзақ мерзімдік кездесулерге тыйым салынды дейді. Және сотталғандардың өзіне дене жарақатын салу жағдайлары болмағанын айтады.
«Сотталған азаматтардың өтініші бойынша таксофон арқылы 15 минутқа дейін сөйлесуге мүмкіндік беріліп жатыр. Республикада эпидемиялық жағдай тұрақталса, ұзақ мерзімді кездесу беріледі», - деді шағымданушыларды қабылдаған Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің бастығы Шаймерден ЕСЕНГЕЛДИЕВ.
Осылайша, басшы сотталғандарды туыстарымен жолықтыру үшін барлық жағдайды жасауға тырысамыз деді. Ал карантиннің кесірінен хат-хабарсыз қалған жандар абақтының арғы жағындағы жақынының жайын біліп, бет-жүзін көруге асығып жүр.
Фотолар автордікі.