Үмітхан өкпелетіп, Мұңалбаева ренжіткендер енді не істейді?
Әлеуметтік желі Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваға қатысты базынаға толып кетті.
Әлеуметтік желі Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаеваға қатысты базынаға толып кетті. Бәрін бастаған Түркияда білім алып жүрген жас ғалым, жазушы Елдос Тоқтарбай. Оның айтуынша, Түркияның Ұлт кітапханасы мен Ұлттық кітапханасында қазақ кітаптары өте аз және сапасы көңіл көншітпейді.
«Мәдениет министрлігінің қолдауымен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхана жыл сайын зейнеткер Үмітхан Мұңалбаева деген профессор, доктор ғылыми атақ-дәрежесін толық иемденіп алған апайымыз дүниенің төрт бұрышына алдына әдебиет, мәдениет саласынан делегацияны салып алып, “ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІНІҢ ОРТАЛЫҒЫН” (ресми аты солай) ашып жатады. Ашқаны — дұрыс. Улатып-шулатып жарнамасын “өлтіреді”. Бірақ сол аты дардай ОРТАЛЫҚ орталық емес, жай ғана БҰРЫШ екен(?!). Осындай пиарщиктердің кесірінен Қазақстанның атына дақ түсіп, айдай әлемге қазақтың әдебиетін МАСҚАРАЛАП жатырмыз! Құдай ақырын берсін!
“Айдағаны бес ешкі — ысқырығы жер жарады” деген осы. Алдына қазақ зиялысын салып алып, бақырып-шақырып жүретін осы кісіні алмастырар 19 миллион қазақ ішінен біреу құрып қалды ма?! Зейнеткер неге орнын босатпайды?! Елордамыздағы Ұлттық деген аты бар руханият ордасы парасатты басшыға жарымады ғой, тегі! Президентке де, Үкіметке де, оқырманға да зиян келтіріп жатқанын ойласаң, аза бойың қаза болады… Түркиядағы оқырман қауым көзбояушылықпен айналысатын осы “орталық” ашу ісінің мастері болған апамыздың жұмысына наразы.
Мемлекет қаржысынан (сіз бен біздің салығымыздың есебінен) іс-сапар ұйымдастырып, кітаптар алып барады. Қандай кітаптар дейсіз ғой?! Ешкімге керегі жоқ, ешкім ешқашан оқымайтын кітаптар. Мәселен, Түркияда немесе басқа елдегі осындай бұрышта тұрған Ермек Аманшаев деген шенеунік “жазушының” кітабы мен Ассамблея деген арамтамақ ұйымның өтірік есептері жинақталған кітаптар, “Мен Төке Танаұлымын” (Бір байдың кітабы) сияқты кітаптар кімге керек?!.
Ел іздейтін, оқырманға аса қажетті кітаптарды неге жеткізбейді? Мәселен, қырғыз, өзбек сықылды қандас ағайынның кітап бұрышында Ұлттық энциклопедиясынан бастап классик жазушыларының, танымал ғалымдарының кітаптары, сол мемлекетті танытатын нағыз керек әм пайдалы кітаптар самсап тұр! Қазақтың кітап бұрышы — жетім бұрыш сықылды… Біздің ұлттық 12 томдық энциклопедия, “Абай”, “Мұхтар Әуезов” сияқты тұлғалық энциклопедия, “Шаңырақ” этнография энциклопедиясы, “Қазақстан тарихы” көптомдығы сияқты кітаптар қайда?! “Абай жолы” романының қазақшасы жоқ, есесіне орысшасы бар. Орысша кітаптар ығы-жығы. Бұл Қазақстанның емес, Ресейдің бұрышы сияқты көзге қораш көрінеді. Әбден орысқұл болып кетіппіз ғой. Тым болмаса өз сөрегімізге ана тіліміздегі кітапты қоя алмадық. Ал Түріктер орысшаны оқи ма?
Жарайды, Еуропаның бір мемлекеті болса, көз жұматын едік. Бұл қазақша білетін ағайын ел емес пе? Неге кітап сөресінде академик Рәбиға Сыздық бастаған лингвистердің, академик Серік Қирабаев бастаған қазақ әдебиеттану ғылымының аса керекті кітаптары көрінбейді?! Неге шетел кітапханаларына жіберілетін кітаптар таным-талғам сүзгісінен өтпейді?! Неге байлардың шимай-шатпай өлеңсымақтары мен шежіре, өмірбаянындары жіберілген?! Сұрақ көп… Ұлттық академиялық кітапхана — елдің айнасы. Өкінішке қарай, айнамыз қыйсық болып тұр! Осы арзуымды Ұлттық академиялық кітапхананың ұраншыл тобына айтсаңыздар! Бірқатар ҚР билік өкілдерін осы жазбаға белгіледім. Құзырлы органның қаперіне алуына жәрдем берсеңіздер» дейді Е.Тоқтарбай.
Жас ғалымның бұл жазбасы көпшілікті бей жай қалдырмады. Комментарий жазып қолдап жатқандар да, жазбада есімдері аты аталған Ермек Аманшаев пен Төке Танаұлына қатысты уәж айтып жатқандар да баршылық.
Тіпті, көпшіліктің бұл пікіріне елдік мәселеде бұғып қалмайтын нұротандық депутат Жанарбек Әшімжанда араласып, өз ойын білдіріпті.
«Yeldos Toktarbay бүкіл руханият өкілдерінің жанын сыздатып, арқасын аяздай қарып жүрген мәселені көтеріп отыр. Бұл біреуі ғана.
Бұдан бөлек осы Елордадағы Ұлттық кітапхананың ұйымдастыруымен, мемлекеттік бюджеттен арнайы қаржы бөлініп алаулатып-жалаулатқан, бүкіл делегациямен кернейлетіп-сырнайлатып барып шетелде "ашылды делінген" Абай орталықтарын арнайы комиссия құрып тексеру керек. Біраз былықтың беті ашылады… Шетелдегі бір ғимаратты жарты айға, бір айға ғана жалға алып, сол жақта оқып жүрген студенттерді жинап алып, "аңқау елге арамза молданың" тіршілігін жасап жүрген мысалдар жоқ емес. Қазір сол Абай атамыздың орталықтары бар ма екен, көріңіздер барып... Ұлы Абайдың рухын осылай қорлауға бола ма? Ең сорақысы - шетелде ұйымдастырылатын шараларға мемлекеттік қаржы бөлінгенімен қоса бизнес өкілдерінен қосымша демеушілер тартылады, олардан да қаржылай қолдау жасалады. Бұл да мемлекеттік құрылымның жең ұшынан жалғасқан көлеңкелі тұстарын көрсетпей ме? Қазақта «Ет сасыса тұз себесің, тұз сасыса не себесің?» деген мәтел бар. Қасиет тұтқан кітаптар шаңырағында осындай болса, басқадан не үміт, не қайыр?» деп келеді де сөзін «Жалпы, @ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі / Антикоррупционная служба РК айналысатын мәселе аз емес» деп аяқтап, құзырлы орынды тегтепті.
Әлбетте депутаттың айтқаны рас. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет айналысатын мәселе аз емес. Жалпы, бұл мәселені депутат жаны ашығаннан, жаны күйген соң жазып отыр. Дегенмен, Жанарбек Әшімжан қатардағы жай депутат емес, «Nur Otan» партиясы жанындағы «Miras» республикалық қоғамдық кеңесінің төрағасы. Ал жоғарыда жазған Абай орталықтары Мәдениет және спорт министрлігі мен оның қарамағындағы Ұлттық кітапхана арқылы ашылған орталықтар. Ал «Miras» қоры «Nur Otan» партиясы арқылы дәл осы мәдениет саласын қадағалайды. Осы қордың бұған дейінгі төрағалары мәдениет министрінен бастап өзге де шенділеріне дейін шақырып алып, талай мәрте жемқорлыққа қатысты жиын өткізген. Әлеуметтік желіде ойы мен пікірін ашық айтатын Жанарбек Әшімжан алдағы уақытта парламент қабырғасында депутаттық сауал жасамаса да, "Нұр Отан" ғимаратындағы «Miras» қорында жиын ашып жіберіп, Абай орталықтарына қатысты сұрақтарды министр Ақтоты Райымқұлова мен кітапханашы Үмітхан Мұңалбаеваға қабырғасынан қоятынына кәміл сенеміз.
Ал, әлеуметтік желідегі дауға қайта оралсақ, Ұлттық кітапхана басшысының жұмысына реніштілер көп екен. Мәселен, белгілі жазушы Роза Мұқанова Facebook парақшасында ренішін жасырмайды.
«Киелінің кілті кімде ?
Елорданың еңселі рухани ордасы Ұлттық Кітапхана еді. Бұл күнде еңсесі түсіп, тозығы жеткен күркеге айналды. Жас ғалым Yeldos Toktarbay ұлт руханиятын аяқ асты етіп отырған кітапхананың қазіргі жағдайы сын көтермей отырғанын айтыпты. Рас!!! Әкім Тарази жеке қорындағы кітапханасын Ұлттық Кітапханаға сыйға тарту еткен еді. Ақыры құнды кітаптары қолды болды. Абайдың екі томдығына өз қолымен жазған жазбалары, ойлары бар еді, таппай қалдық. Осы күнге дейін өкінеміз... Ақыры Үмітхан Мұңалбаева жоғалған кітаптың орнына Абайдың басқа кітабымен алмастыра салды. Сылдырлаған құр сөз бен желдей ескен өтірік амалға қалай алданып қалдық екен... Мұндай келеңсіз жағдайдың орын алатынын білгенде өмірбақи жинаған кітаптарды тарту етпейтін де едік. Алақандай мың кітапқа ие бола алмаған кітапхана қорындағы миллионнан асатын кітаптарға қалай ие болып отыр? Жалпы кітапхана қорына қол сұғу дәстүрге айналып кеткен сияқты. Жақсылықтың нышаны емес...
Мемлекет басшысы жас ұрпақты кітап оқуға ұмтылдыру, қызықтыру керектігіне аса көңіл бөліп отыр. Тіпті шет елдегі мемлекеттің имиджіне бөлінетін қаражаттың қалтаға түсіп кетіп жатқаны да айтылып, қатаң тиым салынған. Мемлекет қаражатына кітап қорын толтырудың орнына әр елге барып, үлкен қаражаттарды шашқанда не тапты? Мұндайды атам қазақ: " Бассыз үйдің иті осырақ" деген. Yeldos Toktarbai бастаған жастардың жаны жалаулап, руханиятқа араша тілепті. Адамзат үшін КІТАПтан асқан киелі дүние жоқ! Киелінің кілті кімде болуы керек?.. Әлбетте, ғұлама мен ғалымның қолында болса ҰЛТҚА қызмет етпек!»
Ал жас жазушы Қанат Әбілқайыр бүй дейді:
«ИТ АЙТАҚТАУ» ҚАШАН ТОҚТАЙДЫ, РАЙЫМҚҰЛОВА ХАНЫМ?
Yeldos Toktarbay інім Ұлттық кітапхана жетекшілерін сынаса керек!
Ол тарап негізсіз қарсы шабуылға шығыпты. Рас, менің де ылғи көретін құқайым осы. Жанашырлықпен сын айтасың! Оны сыналушы тарап жаулық көреді.
Сөйтеді де, жалдамалы жазғыштарын айтақтайды. Ол жандайшаптар балақтан бір, аяқтан екі қабады. Кімнің азуында жыртылмаған балақ, кімнің аузы тимеген аяқ дерсіз...
Десе де, "біздің мемлекеттік мекемелер ит айтақтауды қашан доғарады?" деген заңды сұрақ туады.
Мемлекеттің позициясын жалдамалы жазғыштар ақтауындай ақтап-ақ жүр! Жарайды, ол мемлекеттің позициясы екен делік. Сол шимай-шатпақтар жеке мемқызметкердің де адвокаты болуға арланбайтын болып алды (қайран салықтың ақшасы-ай).
Ақталудың бұл түрі халықтың жүрегін айнытып бітті. Ақылы жазғыштардың шатпақтары меммекемелерге деген сенімді біржолата жойып бітер болды. "Болар іс болды, енді оны қалай түзейміз?" деп, іске кірісу соншалық қиын ба?
Жанашырлықпен сын айтқан адамның сыналушыға тигізер пайдасы ұшан-теңіз. Біздікілер соны пайдаланудың орнына аузы ашылған адамды біржола тұқыртып тастамақты ойлайды.
Содан да шығар, Қазақстандағы бірінші адамнан бастап, ауылдың әкіміне дейінгі аралықтағы шенеуніктердің дені дерлік қателігін мойындағысы келмейді. Содан да болар, әркім бірнеше "ит асырайды".
Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлова Елдос ініміздің жанайқайына құлақ түрер, оны жау көрмей, бұл іске әділ төрелік етер деп ойлаймын!
"Ит айтақтатуды да" доғартарсыз, министр ханым!"
Қалай десек те, әлеуметтік желідегі бүгінгі тақырып кітапханашы Үмітхан Мұңалбаева мен министр Ақтоты Райымқұлованың жыры болып тұр. Еститін үкімет мұндай әңгімені естуші ме еді?
Айтпақшы, Азаттық сайтының тілшісі Асылхан Мамашұлы осы кітапханадан Қ.Келімбетов туралы деректі қалай іздегенін де жазған екен. Осында бөлісе кеткенді жөн көрдік.
"Былтыр қыркүйекте астананың ұлттық кітапханасында қызық жағдайға кез болып едім). Пәлен жыл министр болған Қайрат Келімбетовтің ескі сұқбаттарын іздеп кітапханаға кірдім. Мақалаға керек. Астананың кітапханасы қандай екен деген әуестік те бар. Кітапхананың іздегішіне (поиск) жазсам, он шақты ғана материал шықты. Оның да жартысы Қайраттың әкесі Немат Келімбетов туралы.
Кітапханашы қыздардан көмек сұрадым. Бәлкім дұрыс іздемеген шығармын? Олар да таппады. Басқа қызметкерлерге барып, жабыла іздедік. Бөлім меңгерушісі де келді. Келімбетовтердің әрқайсы жөнінде кемі жүз материал бар, бұл қалай деймін. Ондай материал болса, бізден табылар еді деп олар да жеңістік бермейді. Бір кілтипан барын түсініп, директорына айтып кетейін дедім.
-Кіріңіз!-деді. Кірдім. Отыр демеді, түрегеп тұру да ыңғайсыз. Үнсіздік.
- Отырайын ба, түрегеп тұра берейін бе?
- Өзіңе қайсысы жақсы болса соны істе.
Биік креслоның ішінде шашын түйіп, әдемі макияж жасап алған, ажары қайтқанын мойындағысы келмейтін алпыстар шамасындағы кісі отыр екен. Жас күнінде аудандық комсомол комитетінің жетекшісі болған сияқты. Адуындау, адамды ә дегенде ықтырып алатын кісі ме деп қалдым. Жанында екі орынбасары бар.
-Түрегеп айта берейін онда. Қайрат Келімбетов туралы материал таппадым. Алматыдағы ұлттық кітапхананың базасынан тапсырыспен алдыратындай механизм жасауға болмай ма?- дей бергенімде үлкен саяси қателікке ұрынғанымды сездім. Алматының кітапханасын мақтағаным ұнамай қалды.
-Бұл кітапханада бәрі бар. Саған керегі Келімбетов пе?
- Иә.
- Бері жақында! Жақындадым.
-Компьютермен жұмыс істей аласың ба?
- ... былай.. аздап істей аламын.
-Мынаны гугл дейді!
- Гуглге бүйтіп Ке - лім - бе- тов деп жазсаң, міне мынадай мақалалар шыға келеді, соны да білмейсің бе? Кітапханадан іздеп, әуре болудың түкке керегі жоқ,- деп уикипедияның мақаласын көрсетті.
-Апай, сіз Немат Келімбетов туралы мақаланы көрсетіп тұрсыз ғой.
- -Әй, профессор, тарих ғылымының докторы, атақты ғалым Немат Келімбетов тұрғанда оның чиновник баласын қайтейін деп едің? Кітапханада ондай чиновниктер туралы емес нағыз ұлт жанашыры, еңбек сіңірген адамдар туралы материал тұрады!
Ауызым ашылып, жағым түсіп қала жаздады. Ызам келе бастады).
- Мына сіз көрсетіп тұрған мақаланы,-дедім Мұхтар Шаханов сияқты екпіндетіп). Біріншіден, мына мен жазғам. Ұлттық энциклопедияның төртінші томына өз қолыммен тапсырып, редакциялағам. Екіншіден, Немат Келімбетов тарих ғылымының докторы емес, филология ғылымының докторы. Ал мына кітапханаларыңызда, бетіңізге айтайын, дым жоқ екен.
Түрім рухани жаңғырып, ләззат алған адам сияқтанып кетті-ау деймін. Апайымның бет әлпетінде қандай тектоникалық өзгерістер жүргені есімде қалмапты. Әйтеуір "Сөзіңді камера жазып тұр, КТК, 31 шақырам" деп қатты ашуланды. Азаттықты да шақырса келе қояйын деп кетіп қалдым сосын.
Орынбасарлары ілесе шықты. -Бұл кісі сондай,, ренжімеңізші,- деді қиылып.
Шыға берісте әлгі справочниктегі қыздарыма қайта бардым. Директорға кіргенімді біліп тұр. Әртүрлі уәж айтып жатыр. Аяқ астынан шу шығарғаныма өзім де ұялып, еш оқасы жоқ деп кетуге айналғанымда бағанадан бері әңгімемізді сырттай тыңдап, гардеробта тұрған кәрия үн қатты.
- Бұл жігіттің айтқаны дұрыс, бірақ оны ешқайсың ұқпай тұрсыңдар,- деді. Биязы, интеллигент кісі. Алматының ұлттық кітапханасында істепті, зейнетке шыққан соң Астананың кітапханасында киім іліп жүр екен.
Кейін әлгі директордың аты-жөнін сұрастырдым. Ол кісі Нұр-Отанның праймеризіне қатысып жатыр деп күлді бір танысым. Өтіп кетсін, әумин деп бет сипадым. Сөйтсем, Yeldos Toktarbayдың жазуына қарағанда, бүгін де сол қызметінде отырған сияқты. Әлі де кеш емес, тым болмаса сенатқа депутат қылып жіберсе екен".
Коллаж: malim.kz