Ауыр қылмыс: дәрігер 15 адамды өлтірді деп айыпталды
Германияда ауыр қылмыс тергеліп жатыр

Германияда ауыр қылмыс тергеліп жатыр. Дәрігер адамдарды жаппай өлтірді деген күдікке ілінді, - деп хабарлайды Malim.kz DW-ге сілтеме жасап.
Берлиндегі кемінде 15 адамның өліміне күдікті ретінде дәрігер қамауға алынды. 16 сәуірде Берлин прокуратурасы 40 жастағы дәрігерге кісі өлтіру айыбын тағып, параллель түрде тағы 75 іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр.
Іс материалдарына сәйкес, дәрігер бұл қылмыстарды Берлиндегі науқастарға күтім көрсету қызметінде жұмыс істеп жүрген кезінде жасаған. Паллиатив дәрігерлер емдеуге келмейтін науқастардың азабын жеңілдету үшін жұмыс істейді. Айыптау 2021 жылғы 22 қыркүйек мен 2024 жылғы 24 шілде аралығындағы 15 жағдайды қамтыған.
"Тергеу айыпталушының ешбір медициналық көрсеткішсіз және науқастардың келісімінсіз 12 әйел мен 3 ер адамға түрлі дәрілер қоспасын салған, салдарынан олар көз жұмғанын анықтады. Ең жас құрбан – 25 жастағы әйел, ал ең кәрісі – 94 жаста", – делінген басылымда.
Прокуратура айыптау қорытындысында тек кісі өлтіру кінәсін мойындатуды ғана емес, сонымен қатар, кінәнің ерекше ауырлығын тануды және айыпталушыны арнайы мекемеге бақылаумен орналастыруды талап етті. Сонымен қатар, дәрігерге өмір бойы медициналық қызметпен айналысуға тыйым салу мәселесі де көтерілді.
Ұзаққа созылған тергеу нәтижесінде прокуратура дәрігердің әрекетін арам ниетпен жасаған деп бағалап, қылмысты ауырлататын жағдай ретінде қулығын атап өтті. Алғашында қылмыстың себебі ретінде "кісі өлтіруге деген құштарлық" айтылған еді, алайда бұл нұсқадан бас тартылды, себебі дәрігер кез келған адамды емес, тек өз науқастарын өлтірген.
Айыпталушы 2024 жылғы тамыздан бері тергеліп жатыр. Сол кезде прокуратура оны төрт адамды өлтірді деп күдікке ілген. Тергеу барысында мәйіттер эксгумацияланып, сот-медициналық сараптамалар жүргізілді. Құрбандар саны алдымен сегізге, кейін тоғызға, ал қазір 15-ке жетті.
Бұл нақты әрі соңғы мәліметтер емес, себебі 75 іс бойынша тергеу жалғасып келеді. Тағы бес эксгумация жоспарланып отыр. Қазірге дейін 12 мәйіт қазып алынған.
Берлиннің қылмыстық істер жөніндегі басқармасында арнайы бөлім құрылды. Тергеушілер жүздеген медициналық құжаттарды зерттеді.
Егер айыптаулар расталса, бұл оқиға Германия тарихындағы ең ірі қылмыстардың бірі болуы мүмкін. Бұған дейін ең ірі медициналық қылмыс – Нильс Хегельдің ісі деп есептелді. Ол 2019 жылы 85 адамды өлтіргені үшін өмір бойына сотталған. Оның қылмысының себебі анықталмады. Бұған дейін де ол басқа кісі өлтіру істері үшін сотталған болатын.
Қазір Ахенде тағы бір медқызметкердің үстінен сот жүріп жатыр. Ол Вюрзелендегі ауруханада тоғыз адамды өлтіріп, 34 адамға өлімге әкелетін инъекция салу арқылы қастандық жасады деген күдікке ілінген. 2007 жылы Берлинде "Шарите" клиникасының бұрынғы медбикесі бес ауыр науқасты дәрі арқылы өлтіргені үшін өмір бойы сотталған болатын.
Фото: pixabay.com