Алматы-Нидерланды қатынасы: Экономикадан экологияға дейін

Алматы қаласы Қазақстандағы ең ірі мегаполис қана емес, әлемдегі өзіндік орны бар сауда-экономикалық орталық, бизнеске мол мүмкіндік жасалған ірі орталық. Мұндай орталықта кәсіпкерлік те, инновация мен заманауи технологияға құрылған түрлі жобалар, осы күнгі жаңа техникаларға негізделген ғылыми әріптестік, бәрі-бәріне сұраныс көп болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан, Алматыны «оітүстік астана» деп бекер айтпайды. Бұл алып мегаполис Қазақстандағы нөмірі бірінші экономикалық орталық саналатындықтан, бұл қаланың тек еліміздегі өзге қалалар немесе әлемнің басқа қалаларымен ғана емес, өзге мемлекеттермен де тікелей келіссөздер жүргізе алады.
Осындай деңгейдегі бір кездесу Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев пен Нидерланды Корольдігінің елшісі Андре Карстенс арасында өтті. Бір елдің елшісімен кездесіп отырған соң, әлбетте, екі жақты келісім мәселесі сөз болады. Алматы сияқты қалаға Нидерланды сияқты елдің қай бағыт бойынша да инвестиция салуға қызығушылығы зор екені түсінікті.
Қазақстандағы Нидерланды Корольдігінің Төтенше және өкілетті елшісі Андре Карстенс аталмыш кездесу барысында сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ инновациялар мен жаңа технологиялар саласындағы әріптестік мәселелері туралы барлық әріптестікке өз елінің атынан дайын екенін білдірді.
Жалпы, Нидерланды Қазақстанның Еуропа Одағы елдері арасындағы маңызды әріптесі. Екі жақты тығыз қарым-қатынас 2005 жылдан бері қалыптасқан. Тараптар сол жылдан бері Нидерландының Қазақстан экономикасына 103 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция құйғанын айтты. Еуропа одағы әлемдегі экономикалық даму қарқыны жоғары елдердің ұйымы екенін ескерсек, мұндай елдерді біріктірген ұйымның соңғы жылдары Орта Азияға, оның даму драйверіне жіті көз салып отырғаны анық. Алматы қаласы бұл ұйыммен тікелей де әріптестік орнатқан. Және сол елге мүше елдердің көбімен тікелей байланыс орнатқан. Соның бірі осы Нидерланды.
Инвестиция салу мәселесінде қызығушылық танытқан тарап ең алдымен елдегі (қаладағы) бизнес климатын зерттейді. Соңғы жылдары бірнеше дамыған елдермен біріге жұмыс істеп жатқан Алматының экономикасы мен тұтынушылық қабілеті өте жоғары, демек, кез келген ел сенімді түрде инвестиция салуға мүдделі. Оның үстіне, биылғы жолдауында Қазақстан Республикасы президенті Қасым-Жомарт Тоқаев инвесторларға көптеген жаңа жеңілдіктер жасалатынын, өңірлерді дамытуда зор роль атқаратын шетелдік болсын, отандық болсын, барлық инвесторларға мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін, тіпті, бұл жағынан мемлекет кез келген кәсіпкермен әріптестік орнатуға да дайын екенін айтқан. Міне, осындай бастамалардың арқасында бұрыннан бірге жұмыс істесіп келе жатқан елдер Қазақстан жаққа қайтадан жиі көз тастай бастады. Бұған соғыс жағдайындағы Ресейдің санкцияға ұшырауы да көп әсер етті. Осындай сәтте Қазақстан да инвесторларды барынша өзіне тартуға тырысу керек екенін экономистер мен саясаттанушылар жиі айтып жүр. Нидерланды елшісімен болған кездесу де осындай мақсаттағы бір шаруа.
2005 жылдан бері тоқтаусыз өсіп келе жатқан сауда-саттық, екі ел арасындағы тауар айналымы биыл да жоғары көрсеткішке жеткен. Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Алматы мен Нидерланды Корольдігі арасындағы тауар айналымы 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы туралы айтты. Ол биылғы көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17%-ға өсіп, 56 млн долларды құрағанын айтады. Қаламызда голландиялық капитал иелерінің қатысуымен 285 компания жұмыс істеп жатыр. Бұл бір қала үшін үлкен көрсеткіш, себебі, бүкіл ел бойынша Нидерланды капиталы салынған (тікелей болмаса да жанама қатысы бар) компаниялардың саны 702-ге жеткен. Жартысына жуығы Алматы қаласында екенінің өзі көп нәрседен хабар береді.
Қос тарап кездесу барысында Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасының 7 бағыты бойынша ынтымақтастық мүмкіндіктерін және 2030 жылға дейінгі орта мерзімді перспективалар туралы да сөз қозғады. Ерболат Досаев қазақстандық тараптың Нидерландының қоғамдық көлікті басқару, экология, қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы тәжірибесін зерттеуге, бізде қолдану мүмкіндіктерін қарастыруға қызығушылығы зор екенін айтты. Әлем бойынша Нидерланды экологиялық ең таза мемлекеттердің бірі. Демек, қазіргі рейтингте 11 орында тұрған елмен экологиялық жағынан тәжірибе алмасудың маңызы өте зор.
Екі ел арасындағы қарым-қатынастың жолға қойылғанына биыл 30 жыл толады. Қазақстан тәуелсіздігін алған тұста әріптестік қолын ұсынып, достық орнатуға талпынған Еуропа елдерінің қатарында Нидерланды Корольдігі де болған. Алғашында екі ел арасындағы достық, тілектестік қарым-қатынас орнаса, кейін келе бұл экономикалық, сауда айналымы тұрғысындағы байланысқа ұласты. Және бұл жағынан Қазақстандағы олардың ең басты әріптесі Алматы қаласы екені сөзсіз. Мұндай тікелей байланыстар мемлекеттен бюджеті бөлек қалалардың мүмкіндігін арттыра түсетіні сөзсіз.