Биыл ауыл шаруашылығы саласына рекордтық қаржы бөлінді – Олжас Бектенов
Бюджет қаражаты егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды
Үкімет басшысы Олжас Бектенов биылғы егіс науқанынан жиналған өнімдерді жеткізу, сақтау мен өткізу бойынша бірқатар тапсырма берді.
«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл көктемгі егіс және күзгі жиын-терін жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы саласын қаржыландыру көлемі алғаш рет рекордтық 580 млрд теңгеге дейін жетті. Бюджет қаражаты егіншілерді тікелей несиелендіруге, пайыздық мөлшерлемені арзандатуға және форвардтық сатып алуға бағытталды. Келесі жылы қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз», - деді Олжас Бектенов Үкімет отырысында.
Премьер-министрдің мәлімдеуінше, биыл ауыл шаруашылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге құйылды.
«Алдағы жылы бұл көрсеткішті 200 млрд теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар. Сондай-ақ, диқандар тұқыммен, жеңілдікті отын және тыңайтқыштардың жеткілікті көлемімен қамтамасыз етілді. Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс әкімдіктерімен бірлесіп, жиналған астықты төкпей-шашпай дер кезінде тасымалдауды, оны кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуі қажет», - дейді ол.
Сондай-ақ, Олжас Бектенов астық қабылдау кәсіпорындары тәулік бойы жұмыс режиміне көшу керектігін айтты.
Фото: Kazinform.kz