Ербаян соққыға жығылған кездегі видеоны көрсетпей отыр – адвокат
Тергеу жұмысы тоқтап тұр
Әскерде ауыр соққы алған Ербаян Мұхтардың әкесі-шешесі, адвокаты Инга Иманбай Астанадағы Ұлттық баспасөз клубында баспасөз жиынын өткізді. Заңгер Инга Иманбай әскерде жараланған сарбаздың ісі қазір мүлде жүрмей тұрғанын айтты.
Ulysmedia.kz жазуынша, Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева қазір Еуропаға алып кетейін десе ұлының денсаулығы жарамай тұрғанын, оған қоса құжат жұмыстары шешілмей жатқанын айтады. Гүлсім Қамиева сондай-ақ “Ербаян бұрын гайморитпен ауырған, өкпесі қабынған” деп мәлімдеген Ұлттық гвардия бас қолбасшысының орынбасары Қайрат Үмбетовтың сөзімен келіспейді. Адвокат Инга Иманбай Қайрат Үмбетовтың бұл сөзін ең азы этикаға қайшы деп, сот болмай жатып мұндай мәлімдеме жасау жөнсіз болғанын атап өтті.
– Осыған дейін журналист Дина Төлепбергенге медсарапшы Тахир Халимназаровтың берген сұхбатын көрдім. Ол соңғы медициналық сараптама болмаса да, сарапшы “ер азамат өзінің бойынан өзі құлағаннан баста соншалықты жарақат болуы мүмкін емес” деп айтып отыр. Сондықтан, біз медициналық сарапшы, тергеуші емеспіз. Дәл қазір осындай болды деп айта алмаймыз. Үш ай бұрын мен іске кіріскен кезде іс “әскерилердің ішкі тексерісі нәтижесінде бала өзі құлады” деген болжаммен жабылып тұрды, – дейді Инга Иманбай.
Адвокат түнгі сағат екіде дәретханада 7-8 әскери адам болғанын айтады. «Видеокамераларды ата-анасы көрді. Маған тергеуші әлі ол видеокадрларды көрсетпей отыр. Ішінде бір сержант, тағы бір әскери отырады. Сарбаздар бір-екі минут сайын әжетханаға кіреді, шығады. Кейбірі мұрнынан қан ағып, басып шығады. Ербаянға қатысты жағдай орын алғаннан кейін Ербаянды қан-қан күйінде сол әжетханадан шығарып алып кеткеннен кейін неге екені белгісіз бір сержант қолында белдікпен шығады сол жерден»,– дейді ол.
Инга Иманбай алғашқы істі тоқтату себептері ақылға қонымсыз дейді. Тергеу жүрмей жатқанына наразылық білдіреді.
Ербаян Мұхтарұлы 22 жаста. Отбасында 4 баланың үлкені. Әскерге өзі сұранып барған. Бірнеше айдан кейін комаға түсіп, ауруханаға жеткізілген. Әскерге кетпес бұрын жас жігіттің дені сау болған, спортпен шұғылданған.
Күннен күнге солып бара жатқан сарбазға бас сүйегі ауыр зақымданған, маңдай мен самайдан тиген қатты соққыдан миы ісіп кеткен, қарақұсы сынған деген диагноздар қойылып отыр.
Оқи отырыңыз: Әскерде комаға түскен Ербаян Мұхтарды Еуропаға алып кетеді
Сарбаз шұғыл Түркиядағы клиникалардың бірінде емделуі керек. Мамандар науқас клиникада кем дегенде 3 ай емделмесе беті бері қарамайтынын айтады. Оған шамамен 30 млн теңге қаражат керек.
Фото: www.instagram.com/erbayan2024/