«Кортежбен» жүрген мектеп бітірушілерге 16 хаттама толтырылды (ВИДЕО)
Оқиға Алматы облысында болған
Алматы облысында жол ережесін өрескел бұзған автокортеж қатысушыларын полиция ұстады. Автокөліктер арнайы автотұраққа қойылды, деп хабарлайды Malim.kz.
Облыстық полиция департаментінің мәлімдеуінше, жүргізушілер көптеген тәртіпбұзушылық үшін жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда көлiк құралының қарсы қозғалыс жолағына шығуы, жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды тасымалдау және қауiпсiздiк белдіктерiн пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағаны, маневр жасау қағидаларын бұзғаны, апаттық жағдай жасағаны, сондай-ақ мiндеттi техникалық қарап-тексеруден өтпеген көлiк құралын басқарғаны үшін шара қолданылған.
Көлік құралдарында жолаушыларды қауіпсіз тасымалдау жөніндегі талаптарды бұзған кәмелетке толмаған жолаушылардың ата-аналарына олардың балаларын күтіп-бағу, тәрбиелеу, оқыту, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды, делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгін әлеуметтік желіде мектеп бітіруші түлектердің он шақты көліктен тұратын «кортежінің» бейнежазбасы таралған еді. Онда жол жүру ежежесін бұзғанынан бөлек, мектеп бітірушілердің көлік терезесінен жартылай шығып отырғаны көрінеді.
Фото: egemen.kz