Маңғыстау облысының жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен және «Қолдау» орталығы» жеке меншік мекемесінің ұйымдастыруымен «Жастар EQ 3.0 & Mental Health» жобасының салтанатты қорытынды жиыны өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Іс-шара «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КеАҚ қолдауымен жүзеге асырылды.
Жобаның басты мақсаты – 14-35 жас аралығындағы жастардың эмоционалдық интеллектін дамыту, психологиялық сауаттылығын арттыру және менталды денсаулық мәдениетін қалыптастыру.

Жоба аясында республикалық деңгейдегі сарапшыларды тарта отырып 4 компонентті оқыту ұйымдастырылды. Сонымен қатар іріктелген 20 психолог маман 20 кездесу өткізіп, әр кездесуге кемінде 20 адамнан тренинге қатысты. Жеке кеңес, алғашқы сұқбат, қабылдаулар, кездесулерге әр қайсысы кемінде 70 адамнан қамтыды.Осылайша жоба барысында тікелей 2500-нан астам жас қамтылды.

1. *«Архетип, эннеатипті анықтау және тұлғалық ерекшелік»* – тренер Джекенова Айым. Қатысушылар жеке брендті дамытудың 5 қадамын меңгерді.
2. *«Психоанализ»* – тренер Сая Бәкімова. Психоанализ негіздері, жан жарақатымен жұмыс техникалары қарастырылды.
3. *«КПТ – Когнитивті мінез-құлықтық терапия»* – тренер Сымбат Абдрахманова. Эмоция мен ойлау арасындағы байланысты түзету әдістері үйретілді.
4. *«Нейропсихология»* – тренер Айгерім Құлмаханбет. Мидың жұмыс ерекшеліктері мен эмоцияның өзара байланысы талқыланды.
5. *«Mobilografia + SMM + Жеке бренд»* – тренер Диас Құрамжан. Телефон арқылы контент жасау және жеке бренд құру дағдыларын психологтар мен жастарға үйретті.
6. *«Эмоционалды сау ұрпақты қалай қалыптастырамыз?»* – тренер Мөлдір Тоқжан. Ақтау, Жаңаөзен және Ақшұқыр ауылында жас ата-аналар мен ұстаздарға, жастарға арналған тегін кездесулер өтті.

17 шілде күні Grand Hotel Victory-де өткен қорытынды кездесудің негізгі тақырыбы – _«Жастардың менталды саулығы: эмоцияны басқару және тұлғалық даму»_ болды.

Іс-шараға арнайы қонақ ретінде танымал психоаналитик Шапағат Есжан және Mental LAB диагностикасының ресми тренері Аида Тұрғазы қатысып, жастарға эмоцияны басқару мен тұлғалық даму бойынша практикалық кеңестер берді.

Жоба аясында белсенділік танытқан қатысушыларға республикалық үлгідегі сертификаттар табысталды.
«Жастар EQ 3.0 & Mental Health» жобасы Маңғыстау өңіріндегі жастардың жеке дамуына және қоғамдағы психологиялық сауаттылықтың артуына елеулі үлес қосты.