Бүгін Үкімет отырысында 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы бекітілді.
Соңғы жылдары балалардың сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігі айтарлықтай жақсарды. Алайда, мамандардың, дәрілік заттардың жетіспеушілігіне, балаларды оңалту мәселелері бойынша түсіп жатқан шағымдар аз емес. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдаудың бірқатар жаңа тетіктері енгізілді. Бірақ оны тиімді іске асыру үшін тиісті жағдайлар мен арнайы мамандар – дефектологтар, логопедтер, сурдологтар қажет. Ал бізде мұндай мамандар жетіспейді, - деді отырыста Премьер-министр Олжас Бектенов.
Премьер-министр балалардың, соның ішінде олардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері әлі де өзекті екеніне назар аудартты.
- Көптеген ауыл балалары үйірмелер мен заманауи білім беру технологияларынан тыс қалады. Жасөспірімдерге тиісті көңіл бөлінбейді әрі олар өзін дамыту үшін тың мүмкіндіктерден айырылып отыр. Бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс жүргізіп, Оқу-ағарту, Денсаулық сақтау, Еңбек және әлеуметтік қорғау, Ішкі істер министрліктері мен өңір әкімдіктері арасындағы ведомствоаралық үйлестіруді күшейту қажет. Тұжырымдамада («Қазақстан балалары» тұжырымдамасы) көзделген нысаналы индикаторлар балаларды дамытудың, қолдау мен қорғаудың орнықты жүйесін қалыптастыруға тиіс, - деді Олжас Бектенов.
Осыдан кейін Министр кабинетінің мүшелері тұжырымдаманы бекіту туралы Үкімет қаулысына дауыс берді.
- Оқу-ағарту министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен, әкімдіктермен бірлесіп, Тұжырымдамадағы барлық іс-шаралардың сапалы әрі уақтылы орындалуын қамтамасыз етсін. Бала құқықтары жөніндегі уәкілмен тиімді өзара іс-қимылды жолға қою керек. Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесіп, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру бойынша ақпараттық науқанды ұйымдастырып, жоспарланған іс-шаралар мен олардың орындалуы туралы халықты ашық әрі түсінікті жолмен хабардар етіп отырсын, - деді Олжас Бектенов.