Мобильді аударымдардың шекті мөлшері 1 млн болуы керек – депутат
«Іс жүзінде шағын бизнестің таза пайдасы 15-20 пайыздан аспайды», деді ол
Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мобильді аударымдарды қадағалау саясатын қайта қарауды ұсынды. Ол бұл туралы премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринге жолдаған сауалында айтты, деп хабарлайды Malim.kz.
Депутат мобильді аударымдарды қадағалаудың қазір ұсынылып жүрген нұсқасы Түркияның қателіктерін қайталатуы мүмкін екенін айтады.
Олжас Байділдинов сияқты сарапшылар қазіргі ұсынылып отырған тәсіл Түркиядағыдай ұлттық валютаның қосар бағамын туындатуы мүмкін екенін айтып жүр. Бұл елде қолма-қол емес ақша қалма қол ақшадан 10 пайыз қымбат. Бұл ондағы сұмдық қарқынмен келе жатқан инфляцияның бір көзі болып отыр, — деді Азат Перуашев.
Сондай-ақ ол бұл істе әлемдегі табысты тәжірибелерді басшылыққа алу керек деген ой айтты.
Мысалы, көршілес Ресейде күн сайын 30-дан артық аударым қабылдайтын тұлғалар ғана бақылауға алынады. Оның өзінде әр төлемнің мөлшері 1000 рубльден артық, мұндай төлемдердің бір айдағы жалпы сомасы 1 млн рубльден көп болуы керек. Бұл біздің валютамен алғанда 5,5 млн теңгеден артық деген сөз. Ал бізде жалпы сомасы 255 мың теңгеден асатын ең ұсақ төлемдердің өзі мониторингке алынайын деп тұр. Іргедегі Ресейдің мөлшерлі шегінен 20 есе аз деген сөз. Қажетсіз ақпараттың мұнша көлемі кімге, не үшін керек, — деп сұрады ол.
«Ақжол» партиясы мониторинг жүргізуге жататын төлемнің ең төменгі шегін 2000-нан 5000-ға дейін көтеруді ұсынып отыр.
Бір айдағы аударымдардың жалпы сомасына белгіленген 255 мың теңгелік шек біздің ахуалда ақылға сыймайтын мөлшер деп есептейміз. Төлемдердің сомасын кәсіпкерлердің таза пайдасы деп қарауға болмайды. Іс жүзінде шағын бизнестің таза пайдасы 15-20 пайыздан аспайды. Сондай 255 мың теңгенің айналымынан көретін кірісі 50-60 мың теңгенің айналасында ғана. Яғни, ең төменгі айлық мөлшерінен де төмен. Кәсіпкердің таза пайдасы 255 мың теңгеден асу үшін айналым 1 млн теңгеден асуы керек. Осыған байланысты «Ақжол» партиясы айына 1 млн теңгеден асқан мобильді аударым қабылдағандарға ғана мониторинг жүргізуді ұсынады, — деді депутат.
Фото: Malim.kz