Отарда өлген маңғыстаулық сарбаздың туыстары сот үкімімен келіспеді

Маңғыстау облысынан былтыр әскерге аттанып, Отарда қайтыс болған Әлібек Қалбайдың өліміне қатысты сот отырысы аяқталды.

  • 12.04.2023

Сот жаза кезіп, үкім бойынша марқұммен қатар әскерге Атырау облысынан барған Айболат Аманжолов тоғыз жылға бас бостандығынан айырды.

Алайда марқұмның туыстары үкім кесілген сарбаздың жазықсыз екенін, тергеу шараларының бұрмалағанын айтып отыр. Қайтыс болған сарбаздың туысы Динара Тілесова апелляция шағымын түсіргенін мәлімдеді.

«Сот үнемі Алматыда өтіп жүрді. Сондықтан соңғы рет өткен сот отырысына енем қатысты. Бәріне бара беруге қалтамыз көтермейді. Үкім шықты. Алайда шешіммен келіспейміз. Енді екі жақ бірігіп, апелляцияға береміз. Өлім себебін әскери бөлімнен көріп отырғанда, шешім осылай шықты. Атыраулық бала жазықсыз тоғыз жыл алып кетті», - дейді Динара Тілесова.

Әлібек Қалбайдың туысы тергеу кезінде айтылған жауаптардың сотқа жеткенде мүлдем өзгеріп кеткеніне таң қалып отыр. Мәселен, әскери бөлімде келісімшартпен жұмыс істейтін қызметкер «марқұм сапта тұрғанда құлағанда өзім алғаш болып көмектестім» десе,  кейін алғашқы көмекті екі дәрігер көрсеткені белгілі болған.

«Бұл жерде бір үлкен құпия жатқан сияқты. Тергеуші істі зерттеп жүрген кезінде «әскери бөлімдегілердің арасында күдік бар. Соларды қарап жатырмын. Тергеуге байланысты әзірге құпия» деп еді. Кешегі сотта сол тергеушіміз «әскерде өлім жиі болады» деп жай ғана айтып отыр. Оның бізді тергеу уақытында алдағанына қатты қапалымыз. Әскери бөлімнің командирі баланың тамақ ішіп өлгенін айтып еді. Онлайн сотта ол да айнып, «ештеңе айтпадым» деп отыр. Жауаптылары жұмыстан босатылды деп еді. Қазір барлығы басқа жерде жұмыс істеп жүр», - деді қайтыс болған сарбаздың туысы.

Туыстарының сөзінше, Әлібек Қалбайдың өліміне куә болған әскери адам қазір  сол бөлімде келісімшартпен жұмыс істеп жүрген көрінеді.

«Осы нәрсе де бізді ойландырады. Дәрігердің өзі тергеуде бөлек, сотта басқаша сөйледі. Тағы бір байқағанымыз тергеу барысында куәгер емес тек тергеушілер сөйлеп жүрді. Жаза алған бала өзінің жазықсыз екенін айтып, өлтірмегенін айтты. Ол тергеуде өзін ұрғанын, мойнына ал деп қинағанын жылап тұрып жеткізді. Ал сотқа ол тергеуші денсаулығына байланысты келмей қалды», - дейді Динара Тілесова.

Былтыр сәуір айының соңында Маңғыстаудан әскерге аттанып, он күннен соң Отарда қайтыс болған Әлібек Қалбайдың туыстары марқұмның ажалына әскери бөлімдегілерді кінәлайды. Сол үшін қазір қамауға алып, тоғыз жыл арқалаған айыпты сарбаздың туыстарымен бірігіп, істің соңына дейін жетуден үміттеніп отыр.

Қазақстан қарулы күштерінде әскерилердің қаза табуы жиі қайталанып тұратын жағдай. Былтырғы жылдың басынан бері оншақты әскеридің қаза тапқаны айтылды. Былтыр жаз айында Қорғаныс министрлігі «әскердегі қаза табуды тоқтату» бағдарламасын да жасаған болатын.

MalimBlocks
«Қорғаныс министрі халықтан кешірім сұрасын!»

Халықаралық геосаяси ойындар, әскери технологиялар күрт өзгере бастаған тұстағы Қорғаныс серкесінің бет-бейнесі көпшілікке нақты қазақы қолбасшы, биік парасатты, берік ұстанымды сардарға тән салиқалы түрде көрінуі, сезілуі оңды болар еді