Қазақ екінші орында ма? Молданың ұлтты жоюға бағытталған арам пиғылы

Біздің мұсылмандығымызда арабизмнің ықпалы басым

Олжас Қасым

  • 27.11.2023

Жақында жұртқа «Нұрсұлтан ұстаз»  деп танылған діни қызметкердің атышулы пікірі қоғамды екіге жарды. Мәселе оның  мұсылманшылықты алдыңғы орынға шығарып, қазақтықты екінші қатарға «орналастырып» беруінен шығып отыр. Қазір сол «ұстаз» уағызын еліміздің мешіттерінде, өзге де мекемелерінде жалғастырып жатыр. Блогерге берген сұхбатында ол:

«Ұлт – ұлтымен, бірақ Алланың алдында ұлт бірінші орында тұрмайды. Алланың алдында дін бірінші орында тұрады. Мысалы, қазақ ұлты, түркі ұлты қанекей деп, шақыра ма Алла сені?! Жоқ! Мұсылмандар деп шақырады ғой. Мұхаммедтің үмметі деп шақырады ғой... Атеист қазақты қалай шақырады?.. Сондықтан, адам бірінші мұсылман, соны ұмытпауы керек. Ұлт екінші орында. Қазақ, сен – екіншісің... Сен бірінші Құдайдың алдындағы құлдық мәртебеңді біліп алу керексің», – деп кесіп айтқан болатын.

 Нұрсұлтанның алдында қоғадай жапырылып жүрген қалың нөпір жастар ертең тағы әлдеқандай «пәтуа» шығарып ел арасына сына қағуы мүмкін.  Тақырыпты саралау үшін Malim.kz  тілшісі исламтанушы, дінтанушы, Түркияның Қайсери  қаласындағы Хасеки академиясының түлегі РОМАН БҰРҚАШПЕН аз-кем пікірлескен еді.   


- Мұсылмандардың қасиетті кітабы саналатын Құранда «...Бір-бірлеріңді тануларың үшін сендерді ұлт-ұлыстарға бөлдік», - дейді. Демек, ұлттар бір-бірін жеке құндылықтары және ерекшеліктерімен танитыны белгілі. Сонда бұл «ұстаз»  мұндай  пікірді неге сүйеніп айтты деп ойлайсыз? 

- Бұл о баста Пайғамбарымыз айтты делінетін «Отанды сүю - иманнан» деген хадисінен шыққан секілді.  Өз басым дәл осылай  хадисі бар екеніне сенбеймін. Бұл хадисті діндарлар, имам, молдалар патриотизм, елдік, тәуелсіздік туралы айтқанда уағыздарында жақсы қолданады. «Отанды сүю - иманнан» деген тәмсілді уахабистер, радикалды пікірлері бар мұсылмандар «пайғамбар осы хадисінде туған жер, атамекенді айтпаған. Ол жерде «Отан» деп жәннатты айтқан. Өйткені, түп Отанымыз - жәннат. Соған ұмтылуымыз керек» деп айтатындар бар. Бұл таластың бастауын осыдан іздеу керек. Енді бұлар «бірінші – мұсылмансың, сосын - қазақсың» дегенді алға тартуда. Неге, өйткені бұлар ұлтты мойындамайды. Ислам діні шекараға бағынбайтын ауқымды жаһандық мәселелерді ұсынады, шешеді деп ойлайды. Әлемдегі күллі мұсылман бауыр, қазақ болсын, араб  болсын діні бір болса туыспыз деп біледі. Ұлтымыз бөлек, дініміз басқа болса арамыз алыс деген ойда.   Сондай теріс түсінік салтанат құрып жатыр.

           Нұрсұлтан Рысмағамбетұлы жамағатқа уағыз айтып жатыр

- Мұның себеп-салдары неде?

- Оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, «туған жер», «атамекен» секілді қастерлі ұғымдар біртіндеп көмескіленіп, жойылып, «адам» деген концепция алға шығып жатыр.  Сонымен қатар, «мен еліме қай жерде жүрсем де қызмет ете аламын, адамның кіндігі туған жеріне байланып қалуы шарт емес»  деген ұстанымдағы адамдардың қатары көбейіп келеді. Иә, ешқайсымыз да туған жерімізде жүрген жоқпыз. Қазақстандағы мұсылмандар арасында ұлты араб болсын, парсы болсын бауырмыз, құндылықтарымыз ортақ, діні бірдің әлемі бір  деген сияқты концепция көп көтеріледі. Бұл идеология радикалды топтарға да ыңғайлы. Себебі, азаматтарды соғысқа жіберуге осындай идеялар көп көмектеседі. «Сирияда, Палестинада бауырларың қырылып жатыр» деп қайрайды. Сол жағынан өте тиімді. Мәселен, өз елімізде бір кедей-кепшікке өмектеспейді, бірақ Африкаға барып құдық қазып беріп жүргендер бар, білесіз. Олардың әрекеттерін дұрыс емес деп айтпаймын. Бірақ,  бойларында туған жер, ұлт, атамекен  деген құндылықтар жойылып кеткенін байқаймыз.

- Ең бірінші кезекте Отаның, ұлтың тұруы керек емес пе?    

- Әрине. Себебі, менің тікелей мұсылман болуыма, мұсылмандық шарттарды орындауыма Отанымның тигізер үлесі өлшеусіз. Мен осы жерде өсіп-өнген соң дінімді таңдап, ұстап жүрмін. Сол себепті кез келген есі дұрыс адам ең әуелі «Отан», «ұлт», «туған жер» деген ұғымдар қастерлі болуға тиіс. Сосын барып дінді айту керек. Өйткені, тәуелсіз елің, дербес мемлекетің болмаса діни парызыңды толық орындай алмайсың. Мысал ретінде Қытайдың бодандығындағы ұйғырларды алайық. Сөз жүзінде мұсылманбыз дегенмен, мұсылмандықтың шартын орындауына мүмкіндік берілмеген. Бәрімізге мәлім, отаны жоқ, егемендігі жоқ. Өз жерінде, туған елінде емін-еркін жүре алмайды. Мешіттің табалдырығын аттап баса алмай отыр, ораза ұстамайды, зекет бере алмайды.  Мойынында қылбұрау.  Ал бізде барлық жағынан еркіндік бар. Осының бәріне қолайлылық тудырып отырған мемлекетің, атамекенің емей немене?! Өкінішке қарай біздің мұсылмандар қабылдағысы, сезінгісі келмейді. Ауызба ауыз айтқанымен, іс жүзінде басқаша әрекетке барып жатқаны қынжылтады. 

               

                      Дін мен ұлттың біреуін таңда деу – топастық  


- Әлеуметтанушылар мен дінтанушылардың айтуынша, Түркия дін мәселесін фундаменталды деңгейде шешкен. Оларда ең бірінші Отан деген түсінік бар. Бізде неге бүйректен сирақ шығарушылар көбейді?

- Түркиялықтардың мұсылмандығымен отаншылдығы біте қайнасып кеткен. Мешіттерде Түркия туы ілініп тұрады. Тіпті олардың мемлекеттік мерекелерін молдаларының өзі қалай тойлайтынын көріп қайран қаласыз. Отан үшін әзір өлуге бар. Олар сондай құндылық қалыптастырған ел. Ал біздің мұсылмандығымызда арабизмнің ықпалы басым. Араб елдерінен оқып келетіндердің көбінің бойында ұлттық иммунитет жоқ. Ұлттық болмысы отарлықтан шыққан ұрпақ барды да таза Ислам ілімі емес, арабизмді қоса алып келді. Екінші хаос бар. Оның бір себебі – егемендіктің алғашқы елең-алаңында елімізге әртүрлі елден ағымдар мен жамағаттар келді. Олардың пиғылы мен түсініктері де әртүрлі. Оларда отан, туған ел, тіл, дәстүр деген түсінік жоқ. Сектасы ғана бірінші орында. Ұстаздар мен көсемдерінің уағызымен жүреді. Оларға қазақ жері әншейін географиялық локация тәрізді. Тағы да айтайын, олар ең бірінші кезекке жамағаттарының «жарғысын» қояды. Соның заңымен жүреді. Мемлекеттің заңына пысқырмайды. Мысалы, мемлекеттік заңда «екінші әйел алу» деген бап жоқ болса да, ала береді. Өйткені оларды мемлекеттік заң «қызықтырмайды». Себебі бұл ағымдар сырттан басқарылады. Демек, елдің бір азаматы сектаға кірсе, мемлекет ол адамнан айырылды деген сөз. Сондықтан бұл өте қауіпті тенденсия.

- Бұл тенденцияға тоқтау салмаса қауіп күрделі жағдайға ұласып кетпей  ме?

- «Бірінші – дінім, екінші ұлтым» деп уағыздап жүрген молданың сөз бекер емес, оның артында ұлтты жоюға бағытталған арам пиғыл жатыр. Зайырлы қоғамда дін мен ұлттың біреуін таңда деу топастық. Бұл бірі болмаса, бірі болмайтын киелі ұғымдар. Біздегі дүмше молдалар екеуіне таңдау жасауға итермелей бастады. Осы жерде үлкен пардокс бар. Бұл – халықтың арасына жік салу, сына қағу. Қазір қоғамда «бірінші дін бе, әлде ұлтың ба?» деген сауалнама жүріп жатыр. Бұл қағаз жүзінде емес, санаға. Қоғамның санасын сансырату дұрыс емес. Мұның алдын алу қажет. Өйткені халық ұлт болып ұйыспай, дін ұстануы мүмкін емес. Ұлт деген адамның азаматтығы тәрізді феномен. Тәуелсіз ел, дербес ұлт, ордалы отаның болмаса – дінді қайда ұстанасың? «Ораза, намаз тоқтықта» деген сол. Сондықтан, негізгі құндылықты сетінетпеу үшін күрес керек.

Байланысты жаналықтар

«Намаз оқуды талап еттік»: Абай Бегейдің әйелі балаларына діни тәрбие беретінін айтты

29.10.2024

Өскеменде жаңа мешіт ашылады

17.09.2024

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

10.08.2024

Сметов желіде талқыға түскен әңгімесіне қатысты жауап берді

08.08.2024

Сарапшы: Иран мен Ливан халқы соғысты қолдамайды

06.08.2024

«Имансыз ұрпаққа жердің қажеті жоқ». Танымал асаба қазақ батырлары ислам діні үшін соғысқанын айтты

30.07.2024
MalimBlocks
«Намаз оқуды талап еттік»: Абай Бегейдің әйелі балаларына діни тәрбие беретінін айтты

Әншінің жары балаларын намаз оқуға міндеттейтінін жасырмады

Өскеменде жаңа мешіт ашылады

Ашылу салтанаты қыркүйектің 27-не жоспарланған

Абай қазақты шоқындырудан қалай аман алып қалды?

12 мешіттің аузына құлып салынып, архиепископ дін таласына шақырады

Сметов желіде талқыға түскен әңгімесіне қатысты жауап берді

Спортшы өзінің дұға оқу арқылы қарсыластарымды қиындықсыз жеңгенін айтқан еді.

Сарапшы: Иран мен Ливан халқы соғысты қолдамайды

Вашингтонның Таяу шығыс саясаты жөніндегі институтының сарапшысы Мэттью Левитт Ливан мен Иранда неліктен соғысты толыққанды қолдамайтыны туралы айтты.

«Имансыз ұрпаққа жердің қажеті жоқ». Танымал асаба қазақ батырлары ислам діні үшін соғысқанын айтты

Ол қазақ батырларының жер үшін емес, дін үшін соғысқанын айтады