Тоқаев Сейіт Қасқабасовтың отбасына көңіл айтты

Мемлекет басшысы көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Сейіт Қасқабасовтың отбасы мен туған-туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды Malim.kz тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев тілтанушы және әдебиеттанушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Сейіт Қасқабасовтың қайтыс болуына байланысты оның отбасы мен жақын-жуықтарына көңіл айтты.
"Сейіт Асқарұлы ұлт руханиятын ұлықтап, қазақ ауыз әдебиетін терең зерделеуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы тұлға еді. Әсіресе, отандық фольклортануға өлшеусіз үлес қосты. Іргелі еңбектер жазып, ұлағатты ұстаз ретінде көптеген шәкірт тәрбиеледі. Өнегелі өмір сүріп, соңына рухани мол мұра қалдырған Сейіт Асқарұлының жарқын бейнесі ұмытылмайды", – деп жазылған жеделхатта.
Сейіт Қасқабасов туралы не белгілі?
Сейіт Асқарұлы Қасқабасов 1940 жылы 24 маусым күні Семей қаласында дүниеге келген. 1947 жылы Семей қаласының Жаңасемей бөлігіндегі №5 орта мектепке оқуға барады.
1970-1981 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімшесінде ғылыми хатшысы, әрі «Қазақ КСР Ғылым академиясының Хабарлары» атты журналының жауапты хатшысы.
1981-1983 жылдары Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының М.Горький атындағы Әлем әдебиеті институтында аға ғылыми қызметкер.
1983 жылдан Алматыдағы М.О.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында аға, жетекші ғылыми қызметкер болып жұмыс істеген.
1989 жылы Мәскеу Мемлекеттік университетінде «Қазақ халық прозасының жанрлары» деген тақырыпта докторлық диссертация қорғаған.
1988 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде консультант қызметіне тағайындалып, әдебиет және өнер саласына жауапты болған және саяси репрессияға ұшыраған Ж.Аймауытов, А.Байтұрсынов,М.Жұмабаев, М.Дулатов, т.б. арыстарымызды ақтау жұмысына қатысып, қажетті құжаттарды дайындаған.
Фото: taulik.kz