Айыптау: Төлесова полицейді ұрып, бес полицейдің бас киімін қағып түсірген
Бүгін "Билік өкіліне күш көрсетті және қорлады" деген айып тағылған азаматтық белсенді Әсия Төлесованың соты жалғасты. Әсия Төлесова мен оның адвокаттары прокурор Құланбаевқа сенімсіздік білдірді.
Прокурор Құланбаев сот отырысында айыптау актісін оқыды. Айыптау актсіне қарағанда, 6 маусым күні Әсия Төлесованың билік өкіліне күш көрсететін қылмыстық пиғылы туған. Бірақ прокурор мұндай күш көрсету билік өкілінің денсаулығына қауіп төндірмеген. Сөйтіп, Әсия Төлесова заңсыз митингіге барған.
Прокурордың сөзінше, Ә.Төлесова полицей Нұрбек Темірхановты ұрғысы келген. Бірінші соққыдан полицей бұлтарып құтылғанымен, екінші соққы жасап, полицейдің бас киімі жерге қағып түсірген. "Әсия Төлесова барлық жәбірленушілерге көшілік көзінше "Жексұрын! Сен де жексұрынсың! Ешқасысың форма киюге лайық емессіңдер. Жексұрын менттер!" деп айқайлады. Төлесова Мейіржан Тұрғанбектің оң бұғанасы мен арқасына үш рет соққы жасаған", - деді прокурор.
Бұған Төлесова прокурор "денсаулыққа қауіп төндірмейтін күш көрсету" не екенін нақтылауды сұрады. Прокурор "білімімді тексеріп тұрғандайсыз, адвокаттар нақтыласын" деп жауап беруден бас тартты. Прокурордың сұраққа жауап бермеуі объективтілікке жатпайды деген Әсия Төлесова мемлекеттік айыптаушыны істен шеттетуді сұрады. Бұл талапты айыпталушының адвокаттары да қолдады. Судья Шәкіров бұл мәселе бойынша шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетіп, 15 минуттан кейін шықты. Судья прокурордың ол жайтты нақтыламағаны оны істен шеттетуге себеп емес деп прокурорды қалдырды.
Артынша судья Шәкіров те айыптау актісін оқыды. Қорғаушы Джохар Өтебеков айыптау актісіндегі қайшылыққа назар аударды. "Айыптау актісінің 4-ші және 5-беттерінде Төлесова Ерқанат Сабалақов, Тасқын Талдыбаев, Ұлан Абиболла, Тілек Төлегенов пен Мейіржан Тұрғанбекті фуражкадан ұрғанын жазылса, басында Төлесова Темірхановты ғана фуражкіден ұрғаны көрсетілген", - деді адвокат. Судья бұл жайт сот процесі кезінде анықталатынын айтты.
Сотта 6 маусым күні митинг кезінде Әсия Төлесованың іс-әрекеті түсірілген видео көрсетілді. Алайда Ә.Төлесова видеоның кей жерлері қиылып қалғанын, видеоның толық емес екенін мәлімдеді. Адвокат Өтебеков те бұл бірнеше видеоның басынан құралып, монтаждалған дүние екенін айтты.
Сот видеодан кейін Ә.Төлесовадан жауап алуға көшті. Әуелі адвокаттар сұрақ қойды. Адвокат Джохар Өтебековтің сұрақтарына жауап берген Төлесова 6 маусым күні митингіде басынан өткен оқиғаны жіпке тізді.
"Таксиге отырып, Республика алаңына бет алдым. Онда бейбіт жиын өтуі тиіс еді. Алаңға жете алмадым, өйткені Фурманов көшесін жауып тастаған болатын. Сөйтіп, таксиден түсіп, жаяу жүрдім. Тікелей эфирге шықтым. Көшеі полицейлер жауып тастапты. Фурмановтан өткен соң көп полицей, автозак, әкімдік қызметкерлері, журналистер мен азаматтарды көрдім.Онда полицейлердің заңсыз әрекетінің куәсі болдым. Олар азаматтарға күш қолданып, автозактарға тиеп жатты. Мен бұл заңсыз әрекетті тоқттапақ болдым. Осы кезде маған бес-алты полицей жабылды. Ешкім өзін таныстырмады, заңға сүйенбеді. Бізді бас салып, автозактан сүйрелей бастады. Денемде көгерген іздер қалды. Полицейлер итеріп жіберіп, жерге құладым. Қатты есеңгіреп, үрейленіп, эмоционалды күш кешіп, жанымда тұрған полицейдің бас киімін қағып түсірдім", - деді Ә.Төлесова.
Ә.Төлесованың айтуынша, ол тек бір полицейдің бас киімін қағып түсірген. Айыптау актісінде көрсетілгендей, төрт полицейдің бас киімін қағып түсірмеген. Қас-қағым сәтте Төлесованы полицейлер ұстап, автозакқа тиеп, бөлімшеге әкеткен.
"Ұстамсыздығым үшін кешірім сұраймын. Әлбетте, бұл дұрыс емес. Бірақ ол әрекет қылмыстық іске лайық деп есептемеймін, көп болса әкімшілік іс қозғауға болар еді", - деді Төлесова.
"Айыптау актісінде мені полицейді алдымен ұрды деп көрсетіпті. Бірақ видеодан маған бес-алты полицейдің жабылғаны көрініп тұр, бәлкім, олардың арасында Тұрғанбек те болған шығар. Сотта көрсетілген видео қиылып қалған. Қандай да бір әрекетке барсам да, өзімді қорғау үшін ғана солай жасадым", - деді Төлесова.
Сот ертең қайта жалғасады.
Әсия Төлесованың үстінен қылмыстық іс қозғауға оның 6 маусым күнгі митингідегі әрекеті түрткі болған.
Әсия Төлесова әлеуметтік желідегі парақшасында бұл әрекетін полиция адамдарды жас-кәріге қарамай заңсыз ұстай бастағанда оларға араша түскенімен түсіндірген. Белсенді Бейбарыс Толымбековтің анасы Ляззат Толымбекова бұл видео қиылып алынғанын, оған дейін Әсия Төлесова қарттарды автозакпен әкетуге қарсы шыққанда, полицейлер оны жерге құлатқанын айтқан.
Әсия Төлесоваға тағылған айыптар бойынша (Қылмыстық кодекстің 378,380-баптары) 3000 айлық есептік көрсеткіш (8,1 миллион теңге) айыппұл не сол мөлшердегі түзеу жұмыстарына міндеттеу немесе 3 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған.