Ақшолақовтың энергиясын Назарбаев пен Нығматулин жеп келіпті
Биыл көктемнен бері майнинг компаниялар туралы көп айтылды. Мәселен, бұрынғы мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулиннің егізі Ерлан Нығматулин заңсыз майнинг компаниясы арқылы жылына 40 миллион АҚШ долларын тауып отырғаны туралы сөз болған. Артынша, бұл "бизнесте" Болат назарбаевтың және бұрынғы президент айналасының да қатысы бар екені айтылған.
Бүгін Энергетика министрі Болат Ақшолақов үкімет отырысында энергия тұтыну 1,4 пайызға азайғанын айтты. Және бұл жетістікке заңсыз майнингтік компаниялардың жолын кесіп, жұмысын тоқтату арқылы жеткеніне ерекше мән беріпті.
«Энергия тұтыну 86,8 млрд кВт/сағатты құрады, яғни, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 1,4 %-ға төмен. Тұтынудың төмендеуі негізінен цифрлы майнинг төңірегінде заңсыз әрекет етушілерді анықтау үшін жүргізілген жұмыстардың арқасы», - деді Ақшолақов.
Бұл Ақшолақовтың заңсыз майнинг туралы алғаш сөйлеуі емес. Ол осы көктемде ғана «Энергетика министрлігі елге ешқандай майнерлерді шақырған жоқ», - деп, азар да безер болған. Артынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаржылық мониторинг кезінде Қазақстандағы заңсыз майнингтік фирмалардың Болат Назарбаев пен Нұрлан Нығматулинге қатысы бар екенін хабарлағанда, Ақшолақовтың «қатысым жоқ» деп неге сонша ақталғанының себебін түсінгендей болғанбыз.
Оқи отырыңыз: Болат Назарбаев майнер екен
Наурыз айының ортасында таратқан мәлімдемеде агенттік елде жалпы 55 заңсыз майнинг компания анықталғанын айта келіп, оның ең ірі өкілдерінің атын атап тұрып хабарлаған.
«Өз жұмысын тоқтатқан майнингтік компаниялар арасында Павлодар облысында атақты кәсіпкер Болат Назарбаев пен Александр Клебанов, Ақтөбе облысында QazaqGaz Ұлттық компаниясының бұрынғы төрағасы Қайрат Шәріпбаев және Қарағанды облысында тағы бір белгілі кәсіпкер Ерлан Нығматулиннің үлескерлігімен майнингтік фирмалар жұмыс істеп келген».
Дәл Қайрат Сатыбалды ұсталып жатқан тұста шыға келген бұл ақпараттың соңы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысы бар адамдардың басына бұлт үйіріле ме деген күмәнға жетелелеген. Бірақ, артынша тым-тырыс болып қалды. Майнингке қатысты аты аталған Нығматулин де, Болат Назарбаев та, Шәріпбаев та шетелде жүрді, ал, Қазақстанның 15-ші бай адамы Александр Клебанов туралы сол күйі көп сөз де қозғалған жоқ.
Оқи отырыңыз: Майнер деген кім, майнинг деген не?
Ешқандай іс қозғалмайды, атақты адамдардың аты аталады, бірақ, кейін ештеңе болмағандай, тыныштала қалады. Содан біраз уақыт өткенде, жабулы қазан жабық күйінде қалған шығар деп жүргенде, энертегика министрі ерекше мақтанышпен энергия үнемдеп жатқанын жар салады. Демек, осынша шығын келтіріп, Қазақстанның қымбат энергиясын жеке басына пайдаланып келгендер жауапқа тартылуға тиіс қой? Қазір майнинг компанияларына қатысы бар делінетін Болат Назарбаев қазір денсаулығына байланысты Қазақстанда, Нығматулиндер де еркін кіріп-шығып жүр. Энергетика министрі шыққан шығынды қайтарып алса, оны бүкіл Қазақстан өзі-ақ мақтар еді ғой. Әйтпесе, экс-президент пен экс-мәжіліс спикерінің туыстары өздері-ақ тастап кеткен бизнесін мысал қылып, энергия үнемдедім деп есеп беру онша бір мақтана қояр нәрсе емес сияқты.