Күдіктіден-куәгерге дейін: Көшербаев күйеубаласының хикаясы
Наурыздың 12-і күні Нұрлан Күдеров Facebook желісінде президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жариялады. Онда ол жемқорлық ісіне байланысты өзіне шығарылған сот шешімі әділетсіз болғанын, бастапқыда күдікті болған Арын Орсәриев қайын атасы Қырымбек Көшербаев президент әкімшілігінің басшысы болып тағайындалған уақытта аяқ астынан куәгерге айналғанын айтады.
«2019 жылдың мамыр айында жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жазғы стартап мектеп өткізу кезінде 11 миллион теңге қаржы жымқырылғанын анықтады. Аталмыш іс бойынша басты күдікті Арын Орсәриев болған. Бірақ, бір айдан кейін президент әкімшілігінің басшысы болып Қырымбек Елеуұлы Көшербаев тағайындалды. Ол Арын Орсәриевтің қайын атасы болып табылады. Осыдан кейін, Орсәриев қызық жағдайда күдіктіден, куәгерге айналды. Ал мен өзім істемеген дүниенің ұйымдастырушысы болып шықтым. Көмекші лауазымды тұлға емес. Ол қандай да бір шешім қабылдап, қаржы құжаттарына қол қоя алмайды», - дейді Күдеров.
Бұдан бөлек, үндеуде Нұрлан Күдеров «егер Орсәриев күдікті емес, кәугер болса, онда мемлекеттік сатып алулар порталында Орсәриевтің қолы қойылған құжаттарды қайда жібересіздер?» - деп, Жоғары Сот төрағасы Жақып Асанов пен Бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке сұрақ қояды.
«Басты сұрақ. Егер Орсәриев күдікті емес, кәугер болатын болса, айтыңыздаршы, құрметті Жоғары Сот төрағасы Жақып Қажыманұлы, Бас прокурор Ғизат Дәуренбекұлы, мемлекеттік сатып алулар порталындағы есепті қайда жібереміз? Ондағы құжаттарға Орсәриев қол қойған және оның шараға қатысқаны көрсетілген фотолар да бар. Егер ол кәугер болса, оған 11 миллион теңге көлеміндегі шығынды төлеудің қажеті не? Оның шығынды төлеп жатқаны жөнінде видео істе бар. Не себепті аталмыш фактыға ешқандай құқықтық баға берілген жоқ?», - дейді Күдеров.
Нұрлан Күдеровтың сөзінше, ешқандай дәлелсіз бес жылға шартты жазаға кесілген ол, енді алты жылға сотталуы мүмкін.
Нұрлан Күдеров 2018 жылдан бастап Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Орсәриевтің көмекшісі болып қызмет атқарған.