Мамин 15 млн шаршы метр тұрғын үйдің салынуын қадағалайды
Премьер-Министр Асқар Мамин Үкіметтің селекторлық отырысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысын талқылап, қандай жағдай болса да жоспарды орындауды тапсырды.
ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов және Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев, сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр баяндама жасады.
Осы жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 15 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары, аз қамтылғандар мен жастар, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатарынан 32 мыңнан аса отбасы жалға берілетін және кредиттік пәтерлермен қамтамасыз етіледі.
«Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдікті несиелеу бағдарламасы аясында қазіргі кезде отандық құрылыс индустриясы бойынша 178 млрд теңгені құрайтын 33 жоба іске асырылып жатыр (шыны, арматура, санфаянс, керамика тақташалары, лак бояуларын шығару). Оларды іске қосу тұрғын үй құрылысында қазақстандық үлесті 95%-ға арттыруға және 8 мыңдай жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
«Қазіргі жағдайдағы Үкіметтің ең маңызды міндеті – құрылыс қарқынын ұлғайту, халықты тұрғын үймен қамту, жұмыс орындарын сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру. Бүгінде құрылыс саласында шамамен 700 мың адам жұмыс істейді», — деп А. Мамин, құрылыс саласының экономиканың негізгі драйверлерінің бірі екенін атап өтті.
Премьер-Министр құрылыс маусымын уақытында бастауды, жоспарланған тұрғын үй көлемін беруді және бөлінген қаражаттың толық игерілуін қамтамасыз етуді тапсырды.
Үкімет басшысы әкімдерге құрылыстың жедел қарқынын қамтамасыз етуді, қаржыландыру жоспарларын түзетуді және бұған дейін мәлімделген мерзімдерді қайта қарауды, сондай-ақ құрылыстың мәлімделген көлемі бойынша барлық жобалық құжаттаманы әзірлеуді аяқтауды тапсырды.
А. Мамин Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс индустриясы жобаларының уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді және отандық жаңа өндірістерді құру жұмысын жандандыруды тапсырды.