Мыңбаевтың орнына Сауранбаев барды
Нұрлан Сауранбаев «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ басқарма басшысы болып тағайындалды.
«Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының шешімімен Сауранбаев Нұрлан Ермекұлы «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ басқарма төрағасы болып тағайындалды», - делінген үкіметтің баспасөз қызметі таратқан мәлімдемеде.
Нұрлан Сауранбаев президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісі болған.
Ол осы уақытқа дейін қорғаныс министрінің орынбасары, Шымкент және Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан облысы) әкімі, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне дайындық және өткізу штабын ұйымдастыру комитетінің басшысы қызметтерін атқарған.
«Қазақстан темір жолы» басшылығынан Сауат Мыңбаев отставкаға кеткеннен кейін, әлеуметтік желіде оның орнына Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек, қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исекешов және президент көмекшісі Қанат Бозымбаев келуі мүмкін деген болжамдар айтылған.
Бұған дейін ақпарат құралдары "Қазақстан темір жолының" бұрынғы басшысы Сауат Мыңбаевтың "омыртқасын зақымдап алғанына байланысты жұмыстан кетуге мәжбүр болғанын" хабарлаған.
Ал қаңтар аяғында аноним Telegram-арна мен әлеуметтік желілерде 58 жастағы Сауат Мыңбаевтың омыртқасын зақымдап, Германиядағы "Шарите" ауруханасына жеткізілгені жөнінде хабар тараған. Аноним Telegram-арна мен әлеуметтік желілерде Сауат Мыңбаев мен Машкевич бастаған ERG Еуразия тобының басшылары арасында конфликт туғаны жайлы әңгіме тараған.
23 қаңтар күні "Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы" Сауат Мыңбаевтың "спортпен айналысып жатқанда жарақат алғанын, қазір ем алып жатқанын" хабарлады.