«Өкпелесең көшіп кет!». Министр Жақсылықов креслосына қайта жайғасты
Осы орында отырғанына 1 жыл 3 ай болды
«Біртүрлі», оғаш пікірлерімен қоғам назарына ілігіп, өзін сынағандарға «өкпелесең көшіп кет!» дейтін Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі креслосына қайта жайғасты.
Жақсылықов бұл қызметке 2022 жылдың қаңтар айында тағайындалған. Осы орында отырғанына 1 жыл 3 ай болды.
Халық Тоқаев командасының жаңа өкілінен оңды істер күткен болатын. Аз уақыт өткенде айналасы оның ана тілдің уызына жарымағанын байқай қойған еді. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері шенділерді тілдің тестінен өткізетіні бұрыннан қалыптасқан «дәстүр» десе болатындай.
Елді қорғау үшін алдымен тілді қорғау, қазақша жетік білу жайын да шенеуніктің есіне қайта-қайта салғандар көп. Соған ашуы-ызасы туды ма екен, Жақсылықов тоқымын бауырына алып тулаған. Ол «патриот болу үшін қазақ тілін білу міндет емес» деп төтесінен қойып, ұстанымын білдірді. Шенеуніктің осы бір аңдамай айтқан пікірі лезде жұрттың ашуына тиіп, қазақ тіліне деген құрметінің қандай деңгейде екені әшкере болды.
Шендінің мәлімдемесіне көңілі толмаған бұқара оған репетитор жалдауға кеңес беріп, қазақ тіліндегі кітаптарды оқуға шақырды. Мемлекеттік тілге шекесінен қарайтын Жақсылықовтың бұл ұсынысқа нақты бір жауап берген кезі жоқ. Есесіне су жаңа мақал шығарып, өзіне сын садағын қадағандарға «өкпелесең көшіп кет!» деген болатын.