Шәкәрім университетінің директорлар кеңесінде Саясат Нұрбектің өз адамдары отыр ма?!
Саясат Нұрбекке тікелей қатысы бар үш адам отыруы заңға қаншалықты сай?
Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек жақында Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембековті қызметінен алып тастаған болатын. Жақында журналистерге берген сұхбатында министр келесі ректорды тағайындау үшін конкурсты заңды түрде Директорлар кеңесі 18 мамыр күні жариялайтынын айтты. «Оның заңды түрде өз процедуралары бар. Қателеспесем, 15 күннің ішінде тапсырады. Осы Директорлар кеңесі бекіткеннен кейін республикалық комиссияға талапкерлердің барлығы шақырылады. Республикалық комиссияда олар сұхбаттасудан өтеді. Республикалық комиссияның шешімімен ректорды біз тағайындаймыз»,- деп жауап берген.
«Adyrna» порталының жазуынша Саясат Нұрбек «Директорлар кеңесі шешеді» деп отырған кеңеске 5 адам мүше екен. Директорлар кеңесінің төрағасы – Ғылым және жоғары білім вице-министрі Қуаныш Ерғалиев. Оның құрамына тәуелсіз директор ретінде Олжас Сәкенов, Ербол Молдақасымов, Назерке Өтемжарова, Балтабек Мұқашев енген.
Бір қызығы, директорлар кеңесіне бір кезде Саясат Нұрбек басқарған “BTS Education” ЖШС екі қызметкері мүше болған. Мысалы, Олжас Сәкенов “BTS Education” ЖШС білім беру жобаларының менеджері болса, Ербол Молдақасымов «BTS Digital» ЖШС-да кеңесші, білім беру орталығының зерттеу жетекшісі болған. Соңғы аталған компанияға да бұрын Саясат Нұрбек жетекшілік еткен.
Университеттің директорлар кеңесінде Саясат Нұрбекке тікелей қатысы бар үш адам отыруы заңға қаншалықты сай келеді? Бұл Саясат Нұрбектің оқу орнын жеке-дара билеп-төстеуі емес пе?