Шәкәрім университетінің ректоры:  Министрдің кемшілікті жамай берейін деген ойы болса керек

"Аманаттан" шыққандарды жұмыстан да шығара ма?

Malim Админ

  • 18.05.2023

Өткен аптада Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің бұйрығымен Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков жұмыстан шығарылған болатын. Алайда, оқу орнының ұжымы министрдің бұйрығымен келіспей, жоғарыға үндеу де жолдаған еді.

Олардың мәлімдеуінше, 2021 жылы қызметке келген Бауыржан Ердембеков осы уақытқа дейін жұмысын жақсы атқарған.    Ректордың пәрменімен  студенттерге арнайы «үздік 100 студент» гранты бөлініп, жатақханалар үлкен жөндеу жұмысынан өткен. Сондықтан ұжым Жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ердембековті жұмыстан негізсіз шығарып жатыр есептеп отыр. 

Бауыржан Ердембеков басқарған аздаған уақытта жастар саясаты дамып, университет гүлдене түскен.   Бүгін ректор Ердембековтің өзі Саясат Нұрбектің шешімі туралы мәлімдеме жасап, мәселенің мән-жайы жөнінде жазба жариялады.  Оның айтуынша, жұмысынан кетуіне «Аманат» партиясынан шығуы себеп болғанға ұқсайды.  Төменде Шәкәрім университетінің ректоры Бауыржан Ердембековтің фейсбук желісіндегі жазбасын толық ұсынып отырмыз. 

«Қадірлі Қазақ елі, құрметті менің әріптестерім!

Неше күннен бері Шәкәрім шаңырағындағы біздің қызметтен алынуымызға байланысты келеңсіз жайт дүниенің төрт бұрышын шарлап кетті. Оны егжей-тегжейлі жазбаймын, екі иінінен демалып тұрған әлеуметтік желі апта бойы тоқтаусыз айтарын айтып жатыр. Жекеме жазып жатқандар да есеп жоқ. Сұрайтындары «не болып қалды»? Осыған дейін жақ ашпадым. Министр С.Нұрбектің жауабын күттім.

Бұл дүрбелеңнің басы менің өз еркіммен ешкімнің күштеуінсіз, қолқалауынсыз «Аманат» партиясынан ерікті түрде шығуыммен байланысты-тын. Жаңа Қазақстанды құру жолында президентіміз өзі бастап осы партиядан шықты емес пе? Сонан кейін қай партияда болу немесе болмау әр адамның өз құқы ғой. «Аманат партиясынан шығу – оппозиция немесе президентіміздің ұстанып отырған саясатына қарсы», - деген біржақты көзқарастан арылатын кез келді. Менің ол партияға ешқандай қарсылығым немесе партияның маған наразылығы жоқ. Аманатты маған, мені Аманатқа қарсы қою әбестік!

Министр С.Нұрбек кешегі Үкімет сағатында университет түлегі, ҚР Парламент депутаты Р.Зайытовтың «Б.Ердембеков не үшін қызметтен шығарылды» деген сұрағына «сайлаудың кезінде бірнеше басшылық тарапынан заңнамаға қарсы шығаратын әрекеттер болды, екіншіден, университеттің даму жоспарында бірнеше көрсеткіштерде толыққанды жүзеге асырылмаған» (министрдің айтқан сөзі өзгеріссіз алынып отыр) деген жауап айтты.

Алдарыңыздағы жауапқа менің жауабым: «Аманат» партиясынан шыққаныммен заңға қайшы еш әрекет жасамадым. Оған Алла куә. Жалған айтсам Шәкәрім қажының аруағы кешірмесін! Оны кез-келген жерде дәлелдей аламын. Мені 2023 жылғы 13-ші ақпандағы Республикалық комиссияның хаттамасы негізінде шығарып отыр. Ал енді «университеттің даму жоспарында бірнеше көрсеткіштерде толыққанды жүзеге асырылмаған» деген мәселені ректордың есебіне қатысты айтып отырған болса, ол есеп 07.05.2023 ж. уақытта болды. Бұл мәселе жұмыстан шығарылған бұйрыққа тіпті қатысы жоқ, министрдің кемшілікті жамай берейін деген ойы болса керек. Шәкәрім университеті стратегиялық индикаторды орындауда, университеттер ішінде алдыңғы қатарда екеніне комиссия да, күллі министрлік те куә ғой. Әрине, кемшілік табам десе, әлгі бұйрыққа  жамаймын десе, қазбаласа табады ғой, бірақ мәселе басқада....

Мен таққұмар адам емеспін! «Ердембеков қызметін атқара алмай жұмыстан кетіпті» деген сөз әуелі, Ақтайлақ бидей бабамның аруағының алдында сүйекке таңба, «атаның ұлы емес, адамның ұлы болуға» баулыған әке-шешемнің тәрбиесін аяқасты қылу, «жаның шықса да жалған сөйлеме» деп өсіріп келе жатқан ұл-қыздарымның алдында жер ету, күнгейім мен көлеңкемде бірге жүрген, жаны шырылдап араша түскен әріптестер мен студенттердің сеніміне селкеу түсіру деп білемін.

 Қысқасы бұл бұйрықпен келіспедім. Заң аясында қарекет қыламын. Ал, 12-ші мамырдан бастап мені қорғап, қолдап жатқан Шәкәрім шаңырағының Ұжымына, аты алысқа кеткен профессор ақсақалдарымыздан бастап кеше ғана студент атанған жастарға басымды иемін...

Жасыратын несі бар, 13 ақпаннан 11 мамырға дейін үш ай аралықта «Ердембековті әне алады екен, міне алады екен» деген қаңқу сөздер менің де, ұжымның да, тіпті студенттердің де жүйкесін жұқартты. Бұйрықтың себебін іздеген ұжым мен студенттердің наразылықтарын басу үшін қарсы ұйымдастырылып жатқан топтарға айтарым, Шәкәрім шаңырағын жан-жақтан қыспаққа алуды тоқтатыңыздар...

 «Менің қызметімде қалуым үшін қарекет қыл», - деп ұжымның (қызметкерлер, оқытушылар, студенттер) бірде-бір мүшесіне салмақ салмадым. «Жұмыстан қуылған ректор студенттерді наразылыққа итермелеуде» - деген жаланың жалғандығын сол студенттердің көзіндегі жас, көңіліндегі кіршіксіз ойлары айтып тұр ғой. Сондықтан онсыз да осы асығыс шешімнен абдырап қалған ұжымға тыныштық керек!

Мені күйдіргені – «Шәкәрім университетінде басшы ауысқан сайын шалдар бір-екі күн шулайды да қояды», - деген белгілі бір топтардың шолақ ойлы пікірі. Біле-білсеңіздер «Әділетті Қазақстан осы Шәкәрім шаңырағынан бастау алып жатыр», - деген әлеуметтік желідегі жазба мені қатты толқытты, ойландырды... Министрдің тарапынан «резервте тұр» деген сөз айтылды. Статьямен шыққан басшыға қайдағы резерв? Ендігі резервтің қажеті шамалы.

Қадірлі жанашыр жұрт маған ректорлық креслодан Сіздердің сенімдеріңіз мың есе қымбат. Тілеулес болып жатқан Елге мың алғыс! Ал, ұжымға айтарым еш уайымсыз, алаңдамай жұмыстарыңызды жасап, әсіресе білім алушылар сабақтарыңызға ден қойыңыздар. Алдыда сессия, қабылдау науқаны. Айтпақшы, биыл 1-курсқа түсетін студент саны күрт өсуі қажет. «Шәкәрім керуенінің» жемісін көретін күнде алыс емес!!!»  

Байланысты жаналықтар

Шәкәрім университетінің директорлар кеңесінде Саясат Нұрбектің өз адамдары отыр ма?!   

19.05.2023
MalimBlocks
Шәкәрім университетінің директорлар кеңесінде Саясат Нұрбектің өз адамдары отыр ма?!   

Саясат Нұрбекке тікелей қатысы бар үш адам отыруы заңға қаншалықты сай?