Шар ұшырып әкім жүр, ал оқушылар мектепсіз қалмақ
Алматы облысының 11 мектебі оқу жылына дайын емес.
Оқу-ағарту министрлігіне қарасты орта білім беру комитеті осындай хабар таратты. Әңгіме күрделі не орта жөндеуден өтіп жатқан мектептер жайында.
Орта білім беру комитетінің хабарлауынша, жөндеуден өтіп жатқан мектептердің көбі 1970-1980 жылдардың басында салынған. Қазіргі уақытта бұл нысандарда демонтаж және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүргіп жатыр.
«11 білім беру объектісінде кешенді жөндеу және мектеп аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Олардың басым бөлігінде жөндеу жұмыстары маусым айында басталған. Шартқа сәйкес аяқталу мерзімі 6 айдан 11 айға дейін созылуы мүмкін, яғни оқу жылының басында мектептер балаларды қабылдауға дайын болмайды. Біз білім басқармасымен бірлесіп оқу-тәрбие процесін ұйымдастыру үшін білім алушылардың уақытша орналасу орындарын белгіледік», - депті Орта білім комитеті басқармасының басшысы Гүлнар Таласбаева. Яғни, 11 мектептің оқушылары уақытша басқа жерде оқымақ.
«Білім басқармасына жақын орналасқан басқа мектептердің жобалық қуаттылығын ескере отырып, барлық оқушыларды оқытумен қамтамасыз ету бойынша тапсырма берілді» дейді тағы бір сөзінде орта білім комитетінің басқарма басшысы.
Енді, қыркүйектің алғашқы күні есігін оқушыларға айқара ашпайтын мектептерге назар аударайық. Олар Қонаев қаласындағы №4, Іле ауданындағы Екпінді ауылының №2, Есік қаласындағы Білім-инновация лицейі мен Абылайхан атындағы №4, Шелек ауылындағы Абай, Қаскелең қаласындағы Қ. Сәтбаев, Талғар ауданындағы К. Нұрпейісов атындағы және №10, № 12 орта мектептері.
Көріп отырсыздар бұл мектептердің бәрі халық саны көп елді-мекендерде орналасқан. Ал Алматы облысындағы ең басты проблеманың бірегейі үш ауысымды мектеп. Облыс бойынша 50 шақты үш ауысымды мектеп бар, оның басым бөлігі жөндеу тұрғындары көп ауылдарда. Одан бөлек, Алматы облысында жүзге жуық мектеп бұрынғы пошта, контор сияқты 1950-1970 жылдары салынған ескі ғимараттарда отыр. Мектеп деген аты бар осы «қоралардың» көпшілігі де жоғарыда жазылған елді-мекендерде. Яғни, онсыз да үш ауысымды сабақтан шаршаған, өткен ғасырдың көмір пешімен жылынатын қуықтай бөлмелерінде білім алып жүрген оқушылардың қатарына енді жөндеу жұмысы бітпеген 11 мектептің балалары қосылмақ.
Әлбетте, облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің балалары үш ауысымда оқып қиналған оқушыдай қиямет көре қоймас. Облыстағы мектептердің құрылысын қадағалауға келгенде әкім Марат Сұлтанғазиевтің жұмысы шала екенін оқу-ағарту министрлігінің өзі айтып отыр. Жалпы, кеңінен қарасақ, Алматы облысында мектеп құрылысының уақытында жүрмеуі өте ұят тірлік. Неге десеңіз, біріншіден, Алматы облысы басқа облыстармен салыстырғанда өте бай облыс.
Екі миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласы төрінде тұрғандықтан, шаһарды жағалай қоныстанған ірі-ірі компаниялар, яғни, салық төлеушілер осы облысты асырап тұр. Ең көп бюджет осы облыста. Ірі компаниялары аспандағы жұлдыздай, санап тауыса алмайсыз.
Екіншіден, кез-келген құрылыс материалдары облыс аумағында толып тұр. Үшіншіден, шалғайдағы облыстар сияқты емес, жұмыс күші жетіп жатыр. Бірақ, осындай керемет мүмкіндіктерге қарамастан, Алматы облысының әкімдігі мектептегі қарапайым жөндеу жұмысын уақытында бітіре алмай жүр.
«Сонда әкім Марат Сұлтанғазиев ай қарап отыр ма?» деп сұрағыңыз кеп отырса, айта салайық, ай қарап отырғанын білмейміз, бірақ, көк аспанға шар ұшырып, ақша шашып жүргені анық.
Жақында ғана Алматы облысы әкім Марат Сұлтанғазиевтің қолдауымен, облыстық туризм басқармасының төрағасы Айдар Теменовтің бастамасымен «Konaev International Ballon Festival» атты бір шараны күркіреп бастап, күбірлеп аяқтады. Бастапқыда, қазақша айтқанда «Мың бояулы аспан» халықаралық (!) шар фестивалінде Қапшағайдың аспанын әуе шарлары басып қалады, шетелдік туристер жағажайда толып жүреді делінген. Тіпті, екі күндік шараға мемлекеттік бюджеттен 183 млн теңге де бөліп қойған. Әкім Марат Сұлтанғазиевтің өзі шар ұшыратын шараға мемлекет ақшасын миллиондап шашу дұрыс деп тілшілерге жауап та берген. Бірақ, расын айту керек, соңында бұл шараның шығынын әкімшілік жолмен жеке кәсіпкерлердің мойнына ысыра салды. Әлбетте, жеке кәсіпкерлер оның қайтарымы ретінде әкімнен немесе әкімдіктен не алғаны айтылған жоқ. Бірақ, шар фестивалі күні аспанға топырлап шар да ұшқан жоқ. Қызық көреміз деп барған халық ыстық күн мен қалың шаңның астында қалып, өрт сөндіруші көлігі шашқан суға қанағат тұтып қайтты. Тегін болады деген шармен ұшу соңында ақылы болды. Бірақ, қып-қызыл ақша төлегендердің өздері екі күн барса да, шармен ұша алмай, балаларының алдында өтірікші атанды. Өйткені, арқандаулы шар сол күйі аспанға көтерілмеген. Сол шараға қаптап келген шетелдік турист те болған жоқ. Шараны мақтап жазған халықаралық басылымдарды да көрмедік.
Ал әкім Марат Сұлтанғазиевтің өзі дәл сол күні Талғарда жарылған су бөгетінің шетінде бұйрық беріп тұрыпты. Яғни, Марат Сұлтанғазиев жаз мезгілінде халық тығыз мекендеген таулы аймақта орын алуы мүмкін төтенше жағдайдың да алдын алуға шамасы келмеген.