Халықаралық волонтерлер форумы. Еріктілер саны үш есе көбейді

Ауылдық жерлердегі  волонтерлік ұйымдарға гранттар бөлінеді

Malim Админ

  • 20.06.2023

Астанада халықаралық волонтерлер форумы өтіп жатыр.  Ауқымды жиын волонтерлік қозғалысты қолдау және дамыту саласындағы қазақстандық тәжірибені халықаралық деңгейде дәріптейді.  Мәжілістің тағы бір мақсаты - Қазақстанның Орталық Азия елдері арасында еріктілер бағытындағы көшбасшысы екенін паш ету. Форумға 34 елден 140-тан аса шетелдік қатысушы келді. Ал олардың жалпы саны 400-ге тарта.     

Халықаралық айтулы жиында спикерлер ой-пікірін ортаға салды. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіптің айтуынша, әлемнің өркендеп, қарыштап дамуы үшін еріктілер қызметінің алар орны аса маңызды.  Ел өміріндегі қиын-қыстау күндерде, төтеннен келген апаттық жағдайларда волонтерлер бір біріне жәрдемдесіп, қиындықтарды тізе қоса, бірге еңсеріп келеді. Депутат еріктілердің үлгілі істерін халқымыздың тәлімі зор асар ғұрпымен байланыстырды.  

Нұртөре Жүсіп  елімізде жыл сайын волонтерлік қызметтің қанат жайып келе жатқанын, оған әлемді шарпыған пандемияның әсер-ықпалы аз болмағанын айтты. 

«Бәріміздің есімізге әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясы түседі.    Дүние жүзі ерікті азаматтар қызметінің қаншалықты қуатты болғанына көзін  жеткізді. Тәртіп сақшыларына, дәрігерлерге  көмектесіп, елжандылық көрсетті, мұқтаж отбасыларға қол ұшын созды. Індетпен күрестің алдыңғы легінде жүрді», - деді сенатор.           

Форумда айтылған тағы бір жағымды жаңалық – енді ауылдық жерлердегі  волонтерлік ұйымдарға гранттар бөлінеді.  Ақжолтай хабарды  Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Данияр Қадіров жеткізді. Айта кетейік, 2022 жылы  4 шілдеде Президент  Қасым-Жомарт Кемелұлы  «Волонтерлік қызмет туралы» Заңға қол қойған болатын. Енді волонтерлік қызметпен айналысатын жандардың жұмысқа тұру, оқуға  түсуіне басымдықтар берілмек. Вице-министр Д.Рамазанұлының  мәлімдеуінше, биыл  волонтерлік ұйымдарды қолдауға арналған 54 жоба қолға алынды. Соның арасында 250 шағын грант тағайындалады. Екі жылға дейін   берілетін әр гранттың құны шамамен 1 млн теңгені құрайды. Гранттардың дені  ауылдағы волонтерлік ұйымдарға табысталмақ.

Маңызды басқосуда сөз сөйлеген Түрік мәдениеті халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев азаматтық қоғам қалыптастырудың басты құралы   волонтерлік қозғалыс   екендігін баса айтты.  Бас хатшы осы ретте Қазақстанның волонтерлік қызмет бойынша әлемде алатын маңызды орнына да айрықша тоқталып өтті.  

«Кейінгі кездері Қазақстанның әлемдік аренадағы рейтингі жоғарылады.  Еуразия  орталығы ретінде қазіргі  заманның ең өзекті  проблемаларын көтеретін айтулы  ортаға айналып келеді. Қазақстан – әлемнің кіндігі болып отыр. Сонымен бірге, әлемдік консолидация идеяларының бастамашысы ретінде Еуразия құрлығында алдыңғы санатта, - деді ол.

Соңғы уақытта Қазақстан волонтерлік қызметтің өрістеуіне  ерекше  назар аударуда. 2020  жылдан бері еліміздегі еріктілер    саны үш есе артқан. Мәселен, 2019 жылы қазақстандық волонтерлік ұйымдар  саны 50-ден асса, қазір 680-ге жеткен. Еріктілер саны 2019 жылы 50 мың болса, қазір олар  200 мыңнан асты. Былтыр осы бағыт бойынша Орталық Азия волонтерлер хабы  құрылғаны белгілі.    Орталық Азия елдерінің еріктілері осы хабтың төңірегіне топтасты. Биыл  Түркия мен Әзербайжан да осы хабқа қосылып, тәжірибе алмасуды көздеп отыр. Ал Кеше Астанада Халықаралық волонтерлік орталық ашылды. Орталық Азия елдері волонтерлерінің хабы халықаралық деңгейдегі көмекті үйлестіру үшін жұмыс істемек.