Қазақстанда мектеп бітіру кешін мейрамханаларда аста-төк дастарқанмен өткізуге жыл сайын шектеу қойылғанына қарамастан, ата-аналардың белсенділігі бәсеңсімей отыр. Түлектер кешін сән-салтанатпен ұйымдастыруды көздегендер қазірдің өзінде тойханалардан орын алып, әншілер мен жүргізушілерге тапсырыс беріп жатыр, деп хабарлайды Malim.kz.
Осыған байланысты Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов мұндай жағдайларда жауапкершілікті мұғалімдерге жүктеу дұрыс емес екенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, бұрын мұғалімдерді түнгі уақытта мейрамханаларды бақылауға дейін жұмылдыру тәжірибесі болған.
«Ең бастысы – мұғалімдерді бұған жегіп қоймау керек. Бұрын ата-аналар кеш өткізіп жатыр ма деп мұғалімдерді түнде тойхана күзеткізетін. Бұл – мұғалімнің міндеті емес», – деді депутат.
Аймағамбетов бұл мәселенің жыл сайын көтерілетінін, алайда нақты нәтиже болмай отырғанын атап өтті.
«Қанша бұйрық қабылданса да, нәтиже жоқ деп айтуға болады. Бұл – жыл сайын қайталанатын мәселе», – деді ол.
Депутаттың пікірінше, мектеп бітіру кешін ұйымдастыру және өткізу жауапкершілігі ең алдымен ата-аналар мен түлектердің өздеріне жүктелуі тиіс.
«11-сыныпты аяқтағаннан кейін барлық жауапкершілікті мектепке арта салуға болмайды. Ата-ана баласына өзі жауапты», – деді Аймағамбетов.
Сонымен қатар, ол мұғалімдер ешқашан ата-аналарды қымбат той жасауға итермелемейтінін айтты.
«Мұғалімдер ешқашан лимузин жалдаңдар немесе қымбат мейрамхана таңдаңдар деп айтпайды. Керісінше, мектеп ішінде қарапайым форматта өткізуді ұсынады», – деді депутат.
Бұған дейін Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да мектептен тыс ұйымдастырылатын бітіру кештері үшін оқу орындары жауап бермеуі керек екенін айтқан болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстанда мектеп бітіру кештерін өткізуге қатысты жаңа ережелер енгізу мәселесі талқыланып жатыр. Ұсынысқа сәйкес, түлектерге оқу жылын мектептен тыс жерде атап өтуге тыйым салынуы мүмкін. Алайда бұл бастама бойынша нақты шешім әлі қабылданған жоқ.