«Арланбайды». Ақбота Керімбекова Республика сарайында ән айтқан Мұрат Әбілданы сынады
Әнші киелі сахнаның қадірін қашырғандарға налиды.
Қазақстандық әнші Ақбота Керімбекова тарихи сахнада ән шырқаған блогер Мұрат Әбілданың әрекетін сынады, деп хабарлайды Malim.kz.
Өнер иесі Республика күніне орай өткен концертте Мұрат Әбілданың ән айтуы сорақылыққа жатады деп есептейді.
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Мұрат Әбілда деген адамның Республика сарайында ән салып тұрған видеосы тарады. Ойлаңызшы, Республика сарайында. Еліміздің тарихи-мәдени маңызды нысанында! Қазақтың мыңдаған таланты сол сахнаға шығуды армандаған, мыңдаған дарынды қазақ сол сахнаға шыға алмай, арманда кетті. Ол жігіт елдің азы мен тозы емес шығар, оның адами кескін-келбетіне тілімді тигізе алмаймын. Бір жағынан, оның Республика сарайында ән салғаны қылмыс та емес шығар. Менің айтарым басқа. Республика сарайының сахнасы Роза Бағланова секілді аңыз адамның маңдай терімен салынған, – дейді өнер иесі.
Керімбекова еліміздің бас сахнасының лайықты деңгейде қорғалмайтынына ренжіді.
Ол сахнаға шығу үшін бізден мың есе лайық әрі таланттырақ адамдар тағдырын арнады ғой, біздің өзіміз музыка мектебінде оқып, өнер академиясында кәсіби дағдымызды қалыптастырып, 30 жылға жуық тынымсыз еңбек етіп келе жатсақ та, тіземіз дірілдеп, әрең шығамыз. Енді сол ұлттық мінберге шыққысы келгеннің бәрі шыға бере ме?! Осы шенеуніктер өздеріне келгенде құқық талап еткіш, ар сақтағыш, дәл солай неге мемлекеттің бас сахнасын сақтамайды?! Әріптестеріміз де үнсіз отыр. Сахнаға қоймен шығарса, маңырап тұра беретіндей. Арланбайды. Мәдениет саласының ары да, намысы да – сахна. Сахнаға шығарған адамына, сахнада көрсеткен дүниесіне қарап саланың деңгейін көруге болады, – деді Ақбота.
Фото: Ratel.kz